Рамазанға дайындық: оразаның мәнін балаларға түсіндіру

Рамазанға дайындық: оразаның мәнін балаларға түсіндіру

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Рамазан айына 5 күн қалды.

Аллаға шүкір, бәріміздің үйімізде балаларымыз бар. Қасиетті Рамазан айының келуін балаларымызбен бөлісудің өзі қандай қуаныш десеңізші. Төменде балаларымызға Рамазан айының қасиеті мен оразаның мәнін дұрыстап түсіндіру жөнінде әңгіме өрбітпекпіз.

Біріншіден, «Рамазан айы деген не?» «Неліктен әлемнің күллі мұсылмандары бұл айды сонша асыға күтеді» деген тақырыптар жайында толықтай түсіндіріп берген жөн.

1. Қолайлы уақыт тауып, балаларымызды қасымызға алып осы айдың қасиеті туралы түсіндіру. Оларға біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмірбаянын, ислам дініне дейін арабтардың қандай қараңғылықта өмір сүргенін, сондай адамдардың арасында Алла Елшісінің (ﷺ) дүниеге келгенін және Алла Тағала тарапынан түскен ең алғашқы уақиді Жәбірейіл (ғ.с.) періштенің қалай жеткізгенін әңгімелеп беріңіздер. Қасиетті Құранның дәл осы Рамазан айында түсірілгенін айтып беріңіздер, сол себепті де әлемнің күллі мұсылмандары үшін бұл ай сондай қымбат әрі құнды.

2. Рамазан айының келуін немен салыстыруға болатынын айтыңыздар. Әрбір отбасында балалардың бір жақсы көретін туысы болатыны анық, сол кісі үйге келер болса балалардың қуанышы көкке жеткендей болып жатады. Әлгі адам да олармен асыр салып ойнап, қызықты әңгімелер айтып береді, балаларға базарлық әкеледі. Ол кісіге арнайы мол дастархан жайылады. Міне, Рамазан айын да осыған ұқсатыңыз:

«Сендерге қызықты оқиғалар айтып, көп сыйлықтар әкеліп беретін аталарыңды сендер қалай күтсеңдер, біз де солай Рамазан айын асыға күтеміз. Бұл ай өзімен бірге мол сауаптарды ала келеді, сондай-ақ, ораза кезінде біз Алла Тағаланың мейіріміне бөленіп, көптеген сыйларға қол жеткіземіз».

3. Балалармен бірге Рамазан айының келуіне қалай дайындалуды ойластырыңыздар. Рамазан айының келуіне балаларыңыздың қалай дайындалатынын біліңіздер – егер олар Құран оқи алатын болса, қанша сүре не болмаса аят оқығандарын, Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмірбаянынан нені білгендерін қадағалап қойыңыздар. Рамазан атты мейманды разы ету үшін өздерін қалай ұстау керектігін айтып берсін – ата-анасының тілін алу, сабақты жақсы оқу, өзінен кіші бауыр-қарындастарын ренжітпеу, өз бөлмелерін таза ұстау және т.б.

4. Балалармен бірге арнайы күнтізбе құрастырыңыздар, өздеріңіз қолмен жасаған күнтізбеге Рамазан айының және де Ораза айттың келуіне қанша күн қалғанын белгілеп отыратын боласыздар. Сондай-ақ, қай күні қандай жақсы амал жасайтындарыңызды да белгілеп отырған жөн.

5. Сіздермен бірге Рамазанның келуіне балалар да дайындалсын: оларға дастарханды қалай әзірлеп, қандай тағам жасайтыныңызды, не сатып алатыныңызды айтыңыз, олар да үйді тазалау жағынан сіздерге қалай көмектесетінін айтсын. Немесе балалар үшін арнайы ойындар немесе байқаулар өткізіңіздер, мысалы үшін, Пайғамбарымыздың (ﷺ) өмір тарихын кім көп біледі не болмаса Құран аяттарын кім жатқа айта алады деген сияқты.

6. Осы кездегі қуанышты балалармен бірге бөлісе біліңіздер – сәресі немесе ауызашар кезінде дастархан әзірлеуде сіздерге қолғабыс етуге үйретіңіздер, не болмаса сауда-саттық жасауға барғанда оларды өздеріңізбен қоса алып жүріңіздер.

7. Егер балалардың жас мөлшері келер болса, онда оларды өздеріңізбен бірге мешітке тарауық-намазына алып барыңыздар – әрине, олардың мүмкіндігіне, түсінігіне қараңыздар. Егер балаларыңыз әлі жас болса, оларды мешітке апарудың қажеті шамалы, олар шулап, құлшылық етушілердің мазасын алатын болады.

8. Балаларға Рамазан кезінде біздің дұғаларымыз бен кешірім сұрауымыз қабыл болатындығын айтыңыздар. Кез-келген уақытта Алла Тағалаға сиынып, Одан жәрдем сұрауға немесе қателік-кемшіліктері үшін Жаратушыдан кешірім сұрау керектігін үйрету, сонымен қатар, тек өзі үшін ғана сұрамай, өзгелер үшін де сұрау қажет екендігін түсіндіру маңызды.

9. Мұқтаж жандарға азық-түліктер мен киім-кешектер бергенде немесе садақа берерде балаларды өздеріңізбен бірге алып жүріңіздер. Бұл айдың рахатын өзіміз ғана көріп қоймай, сонымен қатар, жарлы, мұқтаж жандарға көмектесу маңызды іс екенін түсіндіру абзал.

10. Рамазан айында жақсы амалдар үшін берілетін сый көп есеге артатынын түсіндіріңіздер. Сол себепті осы айда жақсы амалдарды молынан жасау аса маңызды – ата-анаға, туған-туыстарға, көршілерге көмектесу,  өзгелермен ұрсыспауға, оларды ренжітпеуге тырысу керектігін айтыңыздар.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: