Рамазанға дайындық: туыстық қарым-қатынастарыңызды нығайтыңыздар

Рамазанға дайындық: туыстық қарым-қатынастарыңызды нығайтыңыздар

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Рамазан айына 6 күн қалды.

Біздің асыл дініміз ислам туыстық қарым-қатынасқа аса көп көңіл қояды. Сөзсіз, біз ата-анамызға қамқор болып, оларды құрметтеуіміз керек; бірге туған аға-бауыр, апай-сіңілдерімізбен қарым-қатынасымызды үзбеуіміз қажет екені айтпаса да түсінікті, ал алыс туыстармен қарым-қатынасты үзбеудің не қажеті бар деп айтатындар да табылып қалады. 

Біздің бұл дүниеге келуіміздің өзі бір тарих – ата-апамыздан ата-аналарымыз дүниеге келіп, Алланың қалауымен, олар кездесіп, отбасын құрып, осылайша, біз жарық дүние есігін ашқанбыз, демек, әрқайсымыз ұзын сонар туыстық байланыстың жемісі болып табыламыз.  

Ғасырлар бойы адамдар туыстық қарым-қатынасқа сыйластықпен қарауға тырысқан, өйткені туған-туыстар біздің қуанышымызға ортақ болып, ал қайғымызды бөлісетін ең жақын адамдарымыз. Өкінішке орай, қазіргі заманда – алыс туыстарды айтпағанда, тіпті ата-аналарымызбен, бірге туғандарымызбен де айлап хабарласпайтын кездеріміз болатыны өтірік емес.

Туған-туыстармен араласпаудың соңы не болатыны ескертілген көптеген хадистер бар:

«Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, онда туыстық қарым-қатынасты үзбесін» (Бұхари, Мүслим).

«Туыстық қарым-қатынасын үзген адам Жұмаққа кірмейді» (Бұхари, Мүслим, Ахмад).

«Мен Рақымдымын, Мен туыстық байланысты жараттым әрі оған Өзімнің есімдерімнің бірін бердім. Туғандарымен байланыс жасап тұратындармен Мен байланыста боламын, ал туғандарымен байланыспайтындармен Мен де байланысымды үземін» (Табарани).

Бұл жерде Рақымды – Рахман сөзінің түбірі «рахма» араб тіліндегі «ананың құрсағы» деген мағынаны білдіреді, яғни туыстар бір ананың құрсағынан шыққан адамдар.

«Тым болмаса туыстық байланысты сәлем беру арқылы қолдаңдар» (ат-Табарани, әл-Баззар).

Қазіргі таңда жиі кездесетін жағдай – адам аяқ-астынан байып кетеді де одан анағұрлым нашар тұратын туыстары көмек, ақша сұрап оны мезі етер деп қорқып, ат-құйрығын кесісіп жатады.

Кей жағдайларда адамдар өздерінің жолы болмайтын туыстарынан немесе жаман әдетке салынып кеткен туғандарынан ұялып жүреді, сол себепті араласпай кетеді. Негізі, екі жағдайдағы адамдардың қылықтары адамгершілікке жатпайды. Мұндай қылық мүмін жандарға тән емес. Алла Елшісі (ﷺ) өздерінің туыстарынан сырт айналып, оларға көмектескісі келмейтіндерді жақтырмайтын әрі былай айтатын:

«Жарлы, мұқтаж туыстарына жақсы мінез-құлық танытпайтын әрі оларға садақа бермейтін адамның садақасын Алла Тағала қабыл етпейді әрі Қиямет күні оған рақымшылық танытпайды да» (Табарани).

Туған-туыстарын елемегендердің қатарында кетіп, Алланың рақымынан құр  алақан қалмау үшін не істеуіміз керек?

Әрине, ең алдымен, өзімізбен бірге тұратындардың құқықтары туралы ойланайық. Олар: жұбайларымыз бен балаларымыз.

«Екінші жартымызға» көп көңіл бөлейік, күнделікті маңызды мәселелерімізді талқылап отырайық. Біздің қарым-қатынасымыз бен үйіміздегі жағдайымыз тығыз байланысты екенін есімізден шығармайық.

Балаларымызға көп көңіл бөлейік. Хадисте былай айтылған: «Әрбір ата-ананың өз баласына беретін маңызды нәрсесі – жақсы тәрбие». Кейбір ата-аналар ойлағандай, жақсы тәрбие – ескертулер мен нұсқаулардан ғана тұрмайды. Біздің балаларымыз – біздің келешегіміз, бізге кәрілік жеткенде олар бізге көмек пен қолдау көрсететін жандар.

Шүбәсіз, біздің жарық дүниеге келуімізге себепші болған ата-анамызды ұмытпауымыз керек. Тіпті біз ата-анамыздан алыста тұратын болсақ-та, ешбір жағдайда бұл дүниедегі ең жақын жандарымызды есімізден шығармайық, олардың ештемеге мұқтаж болмауын қамтамасыз етейік. Адамның жасы ұлғайған сайын мінез-құлқы өзгеретіні белгілі, сол себепті ата-анамызбен ортақ тіл табу қиынға соқса да көңіл-күйлерін көтеріп, қажетті заттарын алып беріп отырайық. Хабарласып хал-жағдайларын біліп, денсаулықтарын қадағалап отырайық. Біз ата-анамызға қандай құрмет көрсетсек, кейін балаларымыздан сондай құрмет көретін боламыз, өйткені біздің ата-анамызбен қарым-қатынасымыз балаларымызға жақсы үлгі болмақ. 

Енді жоғарыда айтып өткен алыс туыстар туралы сөз қозғайық. Рамазан – барлығымыздың басымызды қосатын жақсы мүмкіндік. Бірнеше рет барлық туған-туыстардың басын қосып, үлкен ауызашар жасайық. Кейбір кезде әлдебір келіспеушіліктен туған-туыстарымызбен ара-қатынасымыз бұзылып жатады. Шағбан айы мен Рамазан айы – туған-туыстарымызбен татуласудың ең жақсы мүмкіндігі болып табылады. Егер кінәлы болмай тұрып, татуласуға бірінші қадамды сіз жасайтын болсаңыз, сіз сауапқа кенелетін боласыз, өйткені сіз туыстық қарым-қатынасты үзбей, керісінше, оны нығайтуға амал жасадыңыз.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: