Кіші футбол турнирі өз жеңімпаздарын анықтады

Кіші футбол турнирі өз жеңімпаздарын анықтады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам діні – жас өскінге рухани тәлім-тәрбие мен сапалы білім алып, ата-анасының үкілі үмітін ақтап, қабілет-қарымына қарай қоғамдағы өз орнын иеленіп, ізгіліктің жанашыры болуға үндейді. Жастарымыз күні ертең мәуелі дарақ болып бой көтеруі үшін оларды тәрбиелеуші қоғамдық орта (ата-ана, отбасы, мектеп, мемлекет) дер шағында тағылым нұрын себезгілеп, ілім мен тәлімді жас күнінен бойына сіңіре білгеніміз жөн. 

Міне, жастардың қоғамдағы орнының ерекше екенін ескеріп, биылғы жыл "Ислам және Жастар" жылы болып жарияланған. Аталған "Ислам және Жастар" жылына орай, ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілдігі имамдар мен жамағат арасында Облыстық спорттық кіші футбол турнирін ұйымдастырды. 

Дүбірлі додаға имамдар, мешіт қызметкерлері, ұстаздар мен жамағаттан құралған 32 команда қатысты. Іс-шараны ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл ашып, топтарға сәттілік тілеп, бұл спорттық сайыстың басты мақсаты - өзара ауызбіршілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру деп атап өтті. Ал ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Жастар ісі жөніндегі өкілі Ержан Аманбаев қатысушыларға демеу сөздерін жолдады.  

Бірінен-бірі оза жарысқан футболшыларды бағалайтын әділқазы алқасында арнайы мамандар болды. Сайыс қорытындысы бойынша 1 орынды Талас ауданы қанжығасына байласа, 2 орын Т.Рысқұлов ауданына бұйырды, ал 3 орынды Меркі ауданы иеленді. Жеңімпаздар кубок, медаль тағып, грамота мен ақшалай сыйлықтар алды. 1 орынға 30000 теңге, 2 орынға 20000 теңге, 3 орынға 10000 теңге қаржылай  жүлде берілді.

Сонымен қатар "Үздік қақпашы", "Үздік қорғаушы", "Үздік жартылай қорғаушы", "Үздік шабуылшы", "Үздік гол салушы" болған үздіктерге мадақтама грамота мен арнайы сыйлық табысталды.

Ашық алаңда додаға түскен көпшілікке мешіт атынан ас берілді. Түрлі сайыстар, әртүрлі уақытта, әртүрлі ұйымдардың ұйымдастыруымен болып жатады. Алайда дәл осы сынды жарыстан соң спорт сүйер қауымға түскі ас ұсынушыларды ерекше тілге тиек етпесе болмас. 

Ал, осындай үлкен іс-шараны атқарып, ойын жүргізу үшін  алаңмен қамтамасыз еткен "Локомотив" стадионының ұжымына өкілдік атынан алғыс білдіреміз.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: