Қасиетті Рамазан айына 12 күн қалды.
Әнас ибн Мәликтің (р.а.) былай айтқаны келтірілген:
«Шағбан айының туғанын көрген Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабалары Қасиетті Құранды оқуға және Алла Елшісіне (ﷺ) салауат айтуға көбірек көңіл бөлетін».
«Саудагерлер қарыздарын төлеп, бір жылдық қаржы есебін ретке келтіретін».
«Бай, ауқатты мұсылмандар өз мүліктерінен жарлы адамдарға мұқтаждарын қанағаттандыру үшін зекет беретін. Осылайша, бәрі бірігіп қуанышпен Рамазан айын қарсы алуға дайындалатын».
«Төрешілер, наменгерлер тұтқындарға баратын. Нәтижесінде көбісіне кешірім беріліп, бостандыққа шығарылатын».
Жоғарыда келтірілген хадистер Рамазан айын қалай қарсы алудың қажет екенін анық көрсетеді. Ең жақсы амалдардың бірі – Қасиетті Құранды оқып-білуге көп уақыт бөлу.
Салама ибн Кухайл былай айтқан:
“Шағбан айы — Құранды оқып үйрену айы”.
Шағбан айы келісімен Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабалары бұл дүние ісін ысырып қоюға тырысып, Қасиетті Құранға көп көңіл бөлуге ұмтылатын. Осы айда ағзамыздың әрбір жасушалары Қасиетті Құран аяттарының нұрына бөлінуі тиіс. Асылында, мүмін жан өзінің рухани әлемін тек Құранның көмегімен ғана ашып көрсете алады.
Хадистерге сай Құранда көптеген хайыр-береке бар. «Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын естіген едім: «Құранды оқыңдар, ақиқатында, Қиямет күні Құран оны оқығандарға шапағатшы болады!» (Мүслим).
Қасиетті Құранды оқу - біздің асыл дініміз исламдағы құлшылықтардың бірі болып табылады. Сол себепті Құранды тәжуид қағидаларына сай оқу әрі аяттардың мағынасын жете түсіну маңызды. Көпшілік Құранның транскрипциясын оқумен ғана шектеледі, ал араб тілін оқып үйренуді кейінге қалдыра береді. Рамазан айына дайындық, дегенмен, араб тілін үйренудің жақсы мүмкіндігі болмақ.
Алдымен Құран оқып үйренуді 4 бөлімге бөлуге болатындығын айта кетейік:
• Әліпбиді үйрену;
• Жазуды үйрену;
• Грамматика (тәжуид);
• Құранды оқу.
Сөзсіз, ең дұрысы араб тілін медреседе немесе жеке оқытушыдан үйрену. Бұл сіздің араб әріптерін дұрыс айтуыңызға септігін тигізеді, алайда бұған сіздің жағдайыңыз немесе мүмкіндігіңіз болмаса, онда араб әліпбиін үйренуден бастауды ұсынамыз. Ол үшін арнайы әдебиеттерді, бағдарламаларды, мобильді қосымшаларды қолдануға болады. Егер таныстарыңыздың арасында араб тілін білетін адам болса, соның көмегіне жүгініңіз. Мүмкін ол сізге жақсы бір оқулықтармен дайындалуға ұсыныс жасар.
Араб тілін оқып үйрену үшін нақты бір уақыт белгілеп, жоспар құрыңыздар. Мысалы үшін, Рамазанға дейін барлық әріптерді жаттау, ал Рамазан кезінде қарапайым сөздерді оқып бастау. Ал содан кейін сөздердің дұрыс айтылуына көмектесу үшін оқытушыға жүгінуіңізге болады.
Көрнекі құралдарды қолданыңыз. Мысалы, егер әлдебір әріпті есіңізге сақтай алмасаңыз, онда оны қағазға жазып, көрінетін жерге іліп қойыңыз.
Бастаған ісіңізге тұрақты болыңыз, тұрақтылықсыз тілді оқып үйрену жылдарға созылып кетуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, араб әрпі сөздің басында, ортасында, соңында әртүрлі болып жазылады. Сонымен қатар, түрлі ережелер де бар, оларды есте сақтап, дұрыс қолдана білу керек. Әр адам өз болмысынан мәліметті әртүрлі қабылдап, есте сақтайды. Материалды қалай қабылдайтыныңызды анықтап алыңыз.
Мүмкін әр әріпті дауыстап айтып немесе бірнеше рет қағазға жазып жаттау керек шығар әлде сіздің көру арқылы есте сақтау қабілетіңіз жақсы дамыған шығар. Алла Тағаланың сөздерін жаттағаннан артық бақыт бар ма екен?..
Ең бастысы – сіздің ниетіңіз бен шынайылығыңыз. Өзіңізге мына бір сауалды қойып көріңіз: Не үшін Құранды араб тілінде оқып үйренгіңіз келеді? Сіздің тілегіңізде рия жоқ па екен? Сондай-ақ, Қасиетті Құран аяттарын жаттауда жеңілдік пен көмек берсін деп Алла Тағлаға дұға жасаңыз.
Қолға алған істеріңізді кейінге қалдырмаңыз. Құран оқып үйрену сізге пайдасын берсін, аяттардың мән-мағынасын түсініп, Алла Тағаланың бұйырғандарын орындап, тыйғандарынан тыйылып өмір сүруге тырысыңыздар.
asyldin.kz