Қасиетті Рамазан айына 13 күн қалды.
Физиология тұрғысынан алып қарағанда, жүрек – адам ағзасындағы ең маңызды ішкі мүшенің бірі. Жүрексіз адам өмірін елестетудің өзі мүмкін емес. Негізі, жүрек – ағзамыздағы қан айналымына жауап береді. Жүрегіміздің арқасында ішкі ағзаларымыздың бәрі оттегімен және түрлі заттегімен қамтамасыз етіліп тұрады.
Жүректің рухани мағынасы
Дін турасынан алып қарағанда, жүрек – рухани ағза, оның көмегімен адам баласы Жаратушымен тілдеседі, ақиқат пен өтірікті, жақсылық пен жамандықты айыра алатын болады. Жүректің физикалық түрде өз жұмысын тоқтатуы адамның өлімін білдірсе, ал жүректің рухани өлімі рухани дағдарысты, адамның рухани өлімін білдіреді.
Қасиетті Құранда бұл жөнінде былай айтылған:
«Алла олардың жүректерін, құлақтарын бітеген, әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін зор қинау бар» (2:7).
«Олардың жүректерінде дерт бар. (Күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. (Мұсылмандар дамыған сайын күншілдіктері қоза түсті). Сондай-ақ оларға өтіріктіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар» (2:10).
«Дегенмен олардың серттерін бұзулары, Алланың аяттарына қарсы шығулары, пайғамбарларды жазықсыз өлтірулері және жүректеріміз перделі деулері себепті Алла, әрине олардың қарсылықтары салдарынан жүректерін мөрлеген. Сондықтан өте азы ғана иман келтіреді» (4:155).
«Жоқ, бәлкім олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басты» (83:14).
Адамның рухани саулығына сырқат немесе өлі жүректің қандай кесірі бар?
Риуаяттар бойынша, Құранда өсиеттері келтірілген дана Лұқман бақташы болған екен, күндердің күнінде оның қожайыны ел айтқандай бұл адам расымен данышпан ба екен деп білгісі келеді. Ол бір қойды сойып, ең жақсы мүшелерін алып келуге бұйырады. Лұқман тіл мен жүректі алып келеді. Енді қожайыны екі нашар мүшені алып келуге бұйырады, Лұқман қайтадан тіл мен жүректі алып келеді.
Қожайынның таңданысында шек болмайды – бұл екі мүше қалай ең жақсы әрі ең нашар мүше болмақ? Сонда Лұқман былай деп жауап берген екен: «Егер осы екі мүше жақсы болса, онда бұл екеуінен артық ештеме жоқ. Ал егер бұл екі мүше нашар болса, онда бұл екеуінен өткен жаман нәрсе жоқ» («Рухуль-Байан» кітабында келтірілген).
Бұл риуаяттың мәні неде? Жүрек қайтіп бір мезгілде жақсы да жаман да бола алады? Әлдебір амалды жасамас бұрын, адамның жүрегінде сол амалға деген ниет пайда болады. Жақсы адам өзге адамдарды жақсы көреді, оларға тек жақсылық тілейді, сол себепті ол адамдарға қалай көмектесіп, оларды қалай қуантсам деп ойлайды. Ал мейірімсіз адам қызғанады, өзгелерге жамандық тілейді, сол себепті де маңайындағыларға зиянын тигізеді – өсек-аяң таратады, жалған сөйлейді, алдап-арбайды. Ең сорақы қылмыстар мен қайырымсыз амалдар ең алдымен адамның жүрегінде пайда болған, яғни, жақсы, жаман амалдардың қайнар көзі біздің жүрегіміз болып табылады. Сол себепті сырқат, қатігез немесе өлі жүректің иесі болу аса қауіпті.
Жүректің осынау маңызды рөлі жайында мына бір хадисте былай айтылған:
«Ақиқатында, адамның денесінде бір ағза бар — егер ол сау болса, бүтін дене сау; ал егер ол бұзылған болса, онда бүтін дене бұзылады. Асылында, бұл — жүрек».
Сондықтан егер адам баласы Алла Тағалаға бір қадам болсын жақындағысы келсе, онда алдымен жүрегін таза ұстауы тиіс. Қасиетті Құранда былай айтылған:
«Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға нағыз жүрекпен келсе ғана (пайда береді)» (26:88-89).
Сахабалардың қай мүлік адам үшін ең жақсы болып табылады деген сауалына Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деп жауап берген екен:
«Алланы есіне алатын тіл, игілікті жүрек және оның дініне көмектесетін тақуа әйел» (Тирмизи, Ибн Маджа).
Алла Тағала адамның сыртқы бет-бейнесіне, байлығына, фәни дүниедегі жетістіктеріне қарамайды, алайда оның ішкі болмысына, жүрегіне қарайды:
«Алла сендердің сырт келбеттеріңе қарамайды, асылында, сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды» (Мүслим, Ибн Хаббан, Ибн Маджа).
Алла Тағала разы болатын таза да мінсіз жүрекке қалай қол жеткізуге болады?
Ең алдымен, адам баласы жаман пиғылдан жүрегін тазалауы керек. Өсек-аяң, өтірік, ғайбат, рия сияқты жаман амалдардан бойымызды аулақ ұстауға тырысуымыз қажет, алайда, өкінішке орай, тіпті иман келтірген жандардың көбісі ғайбат айту әдетінің қандай қауіпті екенін жете түсіне бермейді.
Алла Тағаладан жүрегімізді өзімізге зиянын тигізетін жаман ойлардан тазартуды тілеп, тәубемізге келу керек. Жаратушыдан кешірім сұрап отыруды әдетке айналдырған жөн. Жүрегімізді жаман ойлар мен жаман пиғылдардан тазартып қана қоймай, сонымен қатар, оны діни парыздарымызды өтеуге және Алла Тағаланың разылығын алуға деген құлшынысқа толтыруымыз қажет, яғни, намаздарымызды ұдайы орындап тұру, Қасиетті Құранды оқу, Алланы есімізге ала отырып зікір, дұға жасау:
«Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» (13:28).
Жүрегіндегі тақуалықты арттырғысы келетін адамға мына бір дұғаны айтып жүрген абзал: اللهم آت نفسي تقواها وزكها أنت خير من زكاها أنت وليها ومولاها
Аллахумма ати нафси такуаха уа заккиха анта хайру ман заккаха анта уалийюха уа маулаха.
«Уа, Алла, менің жаныма тақуалық сыйла әрі оны тазала, ақиқатында, Сен көркем Тазартушысың, Сен Сақтаушысың әрі Иемізсің» (Мүслим).
asyldin.kz