Күндердің күнінде Имам Әбу Ханифа қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Шәкірттері Имамның жағдайына алаңдап, оның үйін торып, адамдар жан-жақтан келіп жатады. Елдің беделді ғалымдары да Имамның үйіне бас сұғады. Олар Имамды өмірден өтеді деп ойлап оған жақындап:
— Кәлимаға тіліңді келтір. «Лә иләһә илләлаһ» деп айт, — деп Имамға жандары аши бастайды. Имам оларға:
— Жоқ, дейді. Ғалымдар түсінбей сөздерін тағы қайталайды. Имам жауап ретінде тағы :
— Жоқ, дейді.
Барлығы аң-таң күйде үйлеріне тарайды. Бірнеше күннен кейін Имам екі аяққа тұрып, толық жазылып кетеді. Әлгі ғалымдар Имамның алдына келіп болған жағдайды айтып береді. Сонда Имам:
— Расымен де мен ол уақытта «жоқ» деп сіздерге жауап берген жоқ едім. Адам өлім халінде жатқанда оған шайтан келіп бір уыс суды ұсынады. Шайтан ол суды ішкен адам өлімнен құтылады деп сендіреді. Егер кімде кім суды ішсе, шайтанға құл болып өтеді. Мен сол шайтанның ұсынысына «жоқ» деген болатынмын, — деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы