Басқа адам үшін қажылық жасау жөнінде

Басқа адам үшін қажылық жасау жөнінде

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Егер жасы ұлғайған немесе сырқат адам қажылық жасай алмайтын халде болса, онда ол өзінің орнына басқа адамды жіберуіне болады.

Ақтық қажылық кезінде Алла Елшісіне (ﷺ) Хасам тайпасынан бір жас әйел келіп:

«Уа, Алла Елшісі! Қажылық парызын өтеу туралы бұйрық әкемнің қартайған шағына тура келді. Оның тіпті түйе үстінде отыруға да шамасы жоқ. Ол үшін оның қажылығын мен өтей аламын ба?» - деп сұрайды.

Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Иә, әкең үшін сен оның қажылығын өтей аласың», - деп жауап берген екен (Бұхари, Хаж).

Ибн Аббас (р.а.) былай айтқан:

Бір әйел қажылық жасауға ант беріп, бірақ антын орындай алмай көз жұмған екен. Сол әйелдің ағасы Алла Елшісіне (ﷺ) келіп, осындай жағдайда не істеуге болатыны туралы сұрапты. Алла Елшісі (ﷺ) оған: «Егер сенің қарындасыңның артында төленбеген қарызы қалса, сен оны төлер ме едің?» - деп сұрақ қояды.

Әлгі адам:  «Иә, уа, Алла Елшісі», - деп жауап береді.

Сонда Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Онда оның Алла Тағала алдындағы қарызын өте, өйткені Алла басқаларға қарағанда Оның қарызын өтеуге лайық» (Насаи, Манасикул-Хаж).

Қажылық парызды өтеуді елемеуге болмайды. Егер қажылық парыз етілген мұсылманның осы құлшылық түрін өтеуге шамасы келмесе, бұл жағдайда ол өзінің орнына сенімді деген адамын қажылыққа жіберуі керек. Себебі бұл міндетті елемеу — Жаратушының қаһары мен жазасына ұшыраудың себебіне айналады. 

Зекет, құрбандық шалу және садақа беру сияқты мүлікпен жасалатын құлшылық түрлерінде де орынбасарлық рұқсат етілген болып табылады, дәл сол сияқты, мүлікпен әрі денемен жасалатын құлшылық түрі болып табылатын қажылықта да орынбасарлық, яғни өз орнына басқа адамды жіберуге рұқсат етілген.  Алайда өзіне қажылық парыз болған жан өзінің орнына басқа адамды жіберуі үшін, оның өздігінен қажылық жасауға деген күш-қайраты болмауы қажет. Олай болмаған жағдайда, адамға өзінің орнына басқа біреуді жіберуге тыйым салынады. 

Басқа жан үшін қажылық парызын өтейтін адам - қажылық рәсімдерін білетін және басқа адам үшін қажылық өтеуге деген ниеті бар лайықты адам болуы керек.

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: