Таразда ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен қыз-келіншектер арасындағы спорттық турнир ұйымдастырылды. Әйелдер арасындағы жарыс сектор жетекшісі Гүлжан Алдасаеваның көпшілікті бірлікке шақырған рухты сөздерімен ашылды.
Салауатты өмір салтын ұстану, әйелдер қауымын спортпен шұғылдандану арқылы бір-бірімен қарым-қатынастарын нығайта түсу мақсатында қала мешіттерінің жамағаты екі топқа бөлініп волейболдан сынға түссе, нәзік жандылар жеке-жеке қол күрестіріп, күштерін байқады.
Мешіттердегі әйел қызметкерлер, ұстаздар мен шәкірттер қатысқан тартысты, қызықты, әрі сергек өткен іс-шарада қол күрес сайысы бойынша 1 орынды "Һибатулла Тарази" медресесінің әдіскері Меруерт Құрманбаева қанжығасына байласа, 2 орынды "Һибатулла Тарази" мешітінің шәкірті Ақмарал Нұрсейтова, 3 орынды "Кеңесхан қажы" мешітінің шәкірті Марал Қашқынова жеңді.
Ал волейбол сайысы бойынша, 1 орынды "Қыран" шәкірттер тобы иеленсе, "Жүйрік" шәкірттер тобы 2 орынды қанағат тұтты.
Дүбірлі додада бақ сынаған барлық қатысушылар алғыс хатпен марапатталып, арнайы сыйлықтар алды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,"
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.