Алла Тағала Қасиетті Құранның соңғы екі сүресін «а’у́зу» сөзімен бастайды. Адамдар тарапынан Пайғамбарымызға (ﷺ) дуалы арбаулар жасалғанда, дәл осы сүрелер түсірілген болатын. Қызғаныштан іштері күйген яһуди Лябид ибн Асим мен оның қыздары дұшпандық ниетпен Пайғамбарымызды (ﷺ) сыртынан дуалап, сиқыр жасаған екен.
Бұл сиқырдың салдарынан Пайғамбарымыз (ﷺ) бір істі жасап, кейін оны жасаған, жасамағанын ұмытып қала беретін болған. Ол (ﷺ) Алла Тағаланың Пайғамбары болғандықтан аталмыш ұмытшақтық ислам қағидаларына, Алла тарапынан оған (ﷺ) түсірілген уахилер мен аяттарға қатысы болмаған. Алла Елшісіне (ﷺ) сиқыр еш әсер ете алмаған, алайда оның (ﷺ) дағдылы, күнделікті жасайтын істеріне айтарлықтай әсерін тигізген. Атап айтқанда, ол (ﷺ) бір істі жасап, ал сосын оны істемедім деп ойлайтын болған немесе әлдебір істі бастамас бұрын, оны жасап, тындырып қойдым деген шешімге келіп жүретін болған екен.
Міне, осы кезде сиқырдың салдарын жою үшін Алла Тағала тарапынан «Фәләқ» және «Нас» сүрелерінің он бір аяты түсірлген.
Яһуди Лябид ибн Асим мен оның қыздары жіптен он бір түйін жасап, оның әрбіріне ине шаншып, Пайғамбарымыздың (ﷺ) шашымен бірге жерге көмген екен. Ал Пайғамбарымыз (ﷺ) осы сүрелерді айтқанда, әрбір аят бір түйіннен шешіп отырып, барлық он бір түйінді түгелдей тарқатыпты.
Осылайша, Қасиетті Құранның «Фәлақ», «Нас» сүрелерін оқу нәтижесінде біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) кеселінен толықтай айығып кеткен екен.
asyldin.kz