Неге намаз оқымайсыз?

Неге намаз оқымайсыз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әдетте «Неге намаз оқымайсыз?» деген сауалға бала-шағаны бағу, жұмыс істеп нәпақа табу сияқты сылтаулар айтылады. Расында, бұл – себеп емес, сылтау. Құран Кәрімде: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым»[1], - деп шын мәнінде, адамның дүниеге келгендегі жалғыз мақсаты – құлшылық жасау екенін ұқтыруды. Әрине,  «...Жердің барлық тарабында жүріңдер және Оның ризық еткенінен жеңдер. Әрі қайта тірілген соң Оған ораласыңдар»[2] деген Құран аяты еңбек етіп, бала-шағаны бағу да өз бетінше құлшылық екенін жеткізуде. Бірақ, бес уақыт намаз, рамазан оразасы сияқты парыз құлшылықтардың орнын баса алмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «...Уа, Алла! Сен бергенге ешкім кедергі болмас, Сен тисаң ешкім бере алмас...»[3], - деп дұға жасайды екен.

Адамның ризық-несібесіне Алла Тағала кепіл. Адам ризық үшін себебін жасап, қалғанына басын ауыртпауы тиіс. Адамның әрекеті – себеп, ал ризық – Алла құзырында. Бұл өте маңызды жайт. Ал, несібесі кешігіп жатса, жанталасудың қажеті шамалы. Өйткені, адам ризықтың мекен-жайынан хабарсыз, ал ризық адамның мекен-жайын біледі. Ризықтың өзі келіп есік қағады. Алла Тағала: «Әрі аспанда сендердің ризықтарың және сендерге уәде етілген бар. Аспан мен жердің Раббысымен ант етемін, бұл – сендердің сөйлеулерің сияқты ақиқат»[4], - деп баяндауда. Осы аятты естіген бәдәуи араб бар дауысымен: «Субханалла! Құдіретті Жаратушы ант ететіндей, кім Оны ашуландырды?» – депті. Хасан Басри: «Ақырет қамын жасап дүние өзі келгеніне көп куә болдық, бірақ дүниені іздеп ақырет игілігі келгенін көргеніміз жоқ», – деген екен. Міне, сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер адам баласы өз несібесінен өлімнен қашқандай қашса, өзің несібесі өлім адамды тапқандай тауып алар еді»[5], - дейді.

Құранда уәде етілгендей, әр адамның ризық-несібесіне Жаратушы кепілдік береді. Бұл ақиқатты түсіне білген адам жаны тыныштық табады.

Енді, ризық-несібеге себеп болатын кәміл иман, тақуалық, истиғфар, тәуекел, туыстық қарым-қатынас, садақа беру, үлкен-кіші қажылық жасау, үйлену сияқты бірқатар амалдармен бірге намаз оқу да – ризық-несібенің көп те берекетті болуына басты себептің бірі.

Адам өзі намаз оқуы һәм отбасының намаз оқуын қадағалауы парыз. Құран Кәрімде: «Үй-ішіңді намазға бұйыр әрі өзің де оған сабырлы бол. Біз сенен ризық сұрамаймыз. Саған ризықты Біз береміз...»[6], – деген. Суфиян Саури: «Біз сенен ризық сұрамаймыз» деген аятты «ризық іздеуді саған жүктемейміз», – деп тәпсірлеген.

Қуат Ерғалиұлы


[1] «Зарият» сүресі, 56-аят.
[2] «Мүлк» сүресі, 15-аят.
[3] Муслим.
[4] «Зарият» сүресі, 22-23 аяттар.
[5] Жамиғ Сахих.
[6] «Таһа» сүресі, 132-аят.

 

Дереккөз: muslim.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: