Тәубе және күнәларды топтастыру

Тәубе және күнәларды топтастыру

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жақсы ма, жаман ба, біраз жыл өмір сүріп, өткен ғұмырына ынсапты көзбен бір қараған адам ең алдымен өзінің жіберген қателіктерін, күнәларын көреді. Өзгеге емес, өзіне қаншама қиянат жасағанын байқайды. Іші удай ашиды. Өзегі өртенеді. Аллаға қайтар күн жақын екенін сезеді. Тығырыққа тірелгендей болады. Дәл сол кезде адам баласына ауадай қажет нәрсе – тәубе.

Тәубенің негізгі мағынасы «қайту» деген сөз. Бейнелеп айтқанда, көп жылқының ішіндегі бір асаудың иесінен қашып, тулап, мөңкіп, әрі-бері шапқылап жүріп, ақырында өзінің жем жеген жеріне қайтатыны бар емес пе? Міне, тәубе де сол сияқты. Алла Тағаланың пенделеріне жіберген шариғатынан безіп, ананы, мынаны жасап, күнәға белшеден батып, ақырында есін жияды да, Жаратқан Иемізді ойға алады. Барлық нәрсенің жалған, өткінші екеніне көзі жетеді. Сол кезде: «Уа, Жаратқан! Мен өзіңе қайта бет бұрдым. Жаздым, жаңылдым. Кешіре гөр, кеше гөр!» деп өткен қылмыстарына шынайы өкініп, күнәларын пышақпен кескендей сап тыйып, екінші қайталамауға бекініп, Алла Тағаланың дініне, шариғатына бет бұруды діни тілде тәубе дейді.

Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, Алла тәубе етушілерді жақсы көреді және тазаланушыларды жақсы көреді» деп баян етілген («Бақара» сүресі, 222-аят). Ендеше, тәубе Алланың сүйетін істерінің бірі.

Тәубе – сонау Адам (а.с.) атамыздан қалған асыл мұра. Адам пайғамбар (а.с.) аяғын сәл ғана шалыс басқанда, оның алғашқы ісі осы тәубе болды. Ол: «Уа, Раббым, біз өзімізге қиянат жасадық. Өзің бізді кешіріп, рақымыңа алмасаң, біз нағыз қасіретке ұшырғандардан боламыз!» («Ағраф» сүресі, 23-аят) деп жалынып-жалбарынды. Алла Тағала оның тәубесін қабыл алды.

Ал енді қандай күнәлардан тәубе етуіміз керек.  Күнәнің түрі де, саны да көп. Оның бәрін түгелдеп санап жату мүмкін емес. Сондықтан Йахья ибн Хамзаның (һижри 749 жылы қайтыс болған) кітабында келтірілген күналарды топтастырумен шектелеміз.

Жалпы, күнә атаулыны төрт топқа бөліп қарауға болады:

  1. Жаратқан Аллаға тән сипаттарды өзіне теліп алудан шығатын күнәлар. Оның қатарына тәкаппарлық, өзін өзгеден жоғары санау, мақтау, мадақ сүйгіштік секілді күнәлар жатады. Негізінде, тәкаппарлық тек Аллаға ғана жарасатын іс. Сондықтан «мен, мен» деген сөзден барынша сақтанған дұрыс. Мен деген сөзді екі рет айтсаң, шайтанның «менмен» деген аты шығады. Содан сақ болған дұрыс. Ал мақтау мен мадақ әуел бастан Аллаға тән.
  2. Шайтанға тән сипаттарды бойыңа жинап алудан шығатын күнәлар. Оның қатарына көреалмаушылық, бұзақылық, қулық, сұмдық, арамзалық, бұзақылық, бүлдірушілік істер жатады. Адамдарды арақ, зина, құмар сияқты жаманшылықтар мен азғындыққа, адасуға шақыру да осы топқа жатады. Бұл да, негізінде, адамның емес, шайтанның ісі.
  3. Жан-жануар, хайуанаттарға тән сипаттардан туындайтын күнәлар. Мұның қатарына тән құмарлығы, зинаға, қызтекелікке бастайтын шәһуат күнәлары, ұрлық, жетімнің ақысын жеу, т.б. күналар жатады. Мұның барлығы, ашығын айтқанда, есек, бұқа сияқты жануарларға тән мінездер болса керек. Әрине, шариғатқа сай, ақ некелі қарым-қатынастар адамшылықтың белгілері екендігі анық.
  4. Жыртқыштық сипатты бойға жинаудан туындайтын күнәлар. Оның қатарына ашу, ыза, ұрып-соғу, қан төгу, кісі өлтіру, біреудің малын тартып алу секілді күнәлар жатады.

Әрине, бұл аталғандардан өзге де Аллаға қарсы шығу, өтірік, өсек, уәде бұзу, аманатқа қиянат сынды күнәлар баршылық. Бірақ оның бәрі осы төрт топтың біріне жатса керек деген пікірдеміз. Алла баршамызды олардан сақтасын.

Құрметті бауырлар, екі дүниеде бақытты болғымыз келсе, отбасымызға береке, тыныштық кірсін десек, ең алдымен осындай күнәлардан қашып, тәубеге келуіміз шарт. Өлімнен басқаның ертесі жақсы екенін естен шығармайық, ағайын!

Асылбек Әуезханұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: