Бүгінде өсек пен ғайбатқа тым жеңіл қарайтын болып барамыз. Тіпті оны мұрнымызға шыбын қонғандай да сезбейтін болдық. Дастарханда отыра қалсақ, әңгімені өсектен бастаймыз ба, қалай? «Есіттіңіздер ме?…», «Бүгін интернеттен мынаны оқыдым» деп өсектің басын тұтандырып аламыз да, әрі қарай лапылдатамыз келіп. Тек Алла рақым-мейірімімен сақтағандар болмаса, көпшілігіміз осы құрдымға батып барамыз.
Қазақтың дастарханы өте бай ғой. Міндетті түрде «бір адамның шикі етін жеуге» неге құмартамыз сонша? Біреулердің денесін айтамыз, дүниесін айтамыз, дінін айтамыз. Біреудің әкесін, біреудің қызын айтамыз. Әйелдер ме, еркектер ме – бәрі айтылады. Кейбірін тілмен айтамыз. Ол жетпесе, ым-ишара қосамыз. Әйтеуір, айызымыз қанғанша өзгелер туралы мәлімет айтамыз. Оларда біз айтқан кемшіліктер болған күнде де, онымыз өсек саналады. Болмаса – жала. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соны айтқан жоқ па?
Құрметті ағайын!
Негізі, өсек-ғайбат – өте үлкен, алапат күнә. Алла Тағала бізге: «Біріңді бірің өсектемеңдер, ғайбаттамаңдар!» («Хужурат» сүресі, 12-аят) деп анық бұйырып тұр емес пе? Бұл аяттың ақыры тіпті ауыр. «Өз бауырыңның өлі етін, яғни мәйітін жейсіңдер ме?» дегенге дейін барады. Алла Тағала өз құлдар осындай жаман істен жирендіреді, тіксіндіреді. Бірақ осыған да мән бермей «Жоқ, Алла, Сенің бұйрығыңды қайдам, осыны айтпасам, ішім жанып барады» дегендей етеміз. Осынымыз дұрыс па? Жоқ әлде күні ертең Алланың алдына барып, қол қусырып тұрарымызға күман бар ма? Күман болса, иманымызды жаңарту керек.
Ал енді имам Ахмадтың еңбегінде келген мына хадиске қарайықшы. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Әй, тілімен ғана иланатын, бірақ иманы жүрегіне дейін бармайтын адамдар! Мұсылмандарды жамандап, ғайбаттамаңдар! Олардың айыптарын іздемеңдер! Кімде-кім мұсылман бауырының кемшіліктерін іздейтін болса, Алла Тағала оның өзінің айыптарын іздейді. Ал Алла кімнің кемшіліктерін іздейтін болса, үйінде тығылып жатқан жерден болса да әшкерелейді».
Құдай сақтасын, көре білсек, мойындай алсақ, өз айыптарымыз аз емес қой. Кемшілікті жоюды қаласақ алдымен өз кемшілктерімізбен әуре болайық.
Хасан Басридан «Әулиенің кереметі деген не?» деп сұралғанда, «өз бойындағы бір кемшілікті жою – нағыз керемет» деп жауап қатқан.
Ендеше, дастархан басында, басқа да мәжілістерде ғайбат жасаудан сақ болайық, Оның орнына жақсы сөз айтайық, елге игілік тілейік. Қайтсек, діни және дүниәуи ғылымдарға тереңдеймыз. Соны ақылдасайық. Алланы еске алайық. Ата-анамызға, отбасымызға, көршілеріміз бен туыстарымызға жылы сөз айтайық. Ал өсек сөзге құлағы керең сауыр болайық, ағайын.
Асылбек Әуезханұлы