Жаназа рәсіміндегі ысырапшылдыққа қарсы қоғамда аз пікір айтылып жатқан жоқ. Бұдан бұрынырақ туындаған мәселені шариғат негізінде бірізділендіру үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің мұсылмандары амал ететін Ханафи мазһабына сай «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты еңбекті әзірлеп, дін қызметкерлеріне таратқан болатын.
Ортақ рәсімге қатысты жуырда облыс әкімдігі Дін істері басқармасы және орталық «һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған басқарма және қоғамдық кеңес өкілдері қазалы үйдегі ысырапшылдықты жоюға қатысты нақты тоқтамға келіп, қаулы шығарды.
Көпшіліктің ұсыныстары негізінде қабылданған қаулыға сәйкес жаназа рәсімінде ас мәзіріне негізгі тағам түрлерін беру, марқұмның асында көңіл айту дәстүрін сақтау, мәйітті шариғат заңымен ертерек жерлеу, қабір басында ақша, шапан, жыртыс беруге, мәйіт жер қойнына тапсырылмай тамақ таратуға шектеу қою сынды мәселелер назарға алынды.
Аудандық «Қаратау» мешітте ардагерлер мен ауыл имамдарының қатысуымен аталған құжатта көрсетілген талап-тілектер талқыланды. Айтылған ұсыныстарға қатысты пікір білдірген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбайұлы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Қартабаев көңілге қонымды шарттарды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Сондай-ақ, басқосуда аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы, Үшарал ауылының тұрғыны Орынбасар Айтуов, ауданның Құрметті азаматы Талғат Жұмабек, Ойық, Ақкөл ауылдары ардагерлер кеңесі төрағаларымен қатар, ауылдық округ имамдары ойларын ортаға салып, ұсынысты қолдайтындықтарын жеткізді.
Аудандық "Қаратау" мешітінің баспасөз қызметі