«Мүміндерден саған ергендерге қанатыңды жай» (26:215).
Алла Тағала Қасиетті Құранда Пайғамбарымыздың (ﷺ) көркем мінезін дәріптеп көрсеткен:
«Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (68:4).
Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) адамдардың ішіндегі ең көркем мінездісі, ең бойұсынғышы әрі өте қарапайым жан болған. Асылында, қарапайымдылық ең көркем қасиет болып саналады. Бізге дейін ғұмыр сүрген тақуа жандардың бәрі де бойұсынғыш қасиетіне ие болған.
Бір түні шамның әзер жанып тұрған жарығымен бір нәрсе жазып отырған Ғұмар бин Ғабдулғазизге (р.а.) бір қонақтың келгендігі келтірілген. Әлгі қонақ: «Шамыңызды жөндеп берейін бе?» - деп айтады, оған Ғұмар: «Қонақты жұмсап қою әдепсіз болады», - деп жауап береді. Сонда әлгі қонақ: «Бұл туралы қызметшіге айтайын ба?», - деп сұрайды. Оған Ғұмар: «Ол жаңа ғана ұйықтады», - деп айтып, орнынан тұрып, майшамға май құйған екен. «Уа, тақуалардың әміршісі, орныңнан өзің тұрдың ба?!» - деген қонағының сөзіне, Ғұмар: «Орнымнан тұрғанымда да, майшамға майды құйғанымда да мен Ғұмар болып қала бердім, мен еш азайып қалмадым. Алла алдындағы ең жақсы адамдар – бойұсынғандар болып табылады», - деген екен.
Кайс бин Хазим келтірген: «Ғұмар бин Хаттабтың (р.а.) Шамға келгенін естіп, оған ғалымдар мен ақсақалдар келеді де: «Мына түйеге отырсаң, сені адамдар көреді», - деп айтады. Оларға хазірет Ғұмар (р.а.) былай жауап береді: «Сіздер мұны дұрыс деп санайсыздар, бірақ бұл дұрыс емес», - содан кейін ол қолын көтеріп: «Қане, жол беріңдер», - деген екен, яғни, қайда қаласам, сонда барамын дегенді білдіргені».
Басқа бір риуаятта хазірет Ғұмар (р.а.) қызметшісімен Шамға жол тартып келе жатқандығы келтірілген. Олар бір түйеге кезектесіп мініп келе жатады. Ғұмар түйеде отырғанда, оның қызметшісі шылбырын ұстап жүреді. Бір фарсақ жүріп, Ғұмар түйеден түсіп, қызметшісін отырғызады да өзі шылбырды ұстап жүреді. Осылайша, бірі мініп, бірі жаяу жүріп, шылбыр ұстап келе жатады. Олар Шамға жақындағанда түйеге міну кезегі қызметшіге келеді. Қызметші түйеге отырып, ал Ғұмар шылбырды қолына алады. Жолда Ғұмар шалшық суды басып кетіп, аяқ-киімін сулап алады да оны аяғынан шешіп, сол жақ қолтығына қысып, қолына шылбырды ұстап келе жатады. Осы сәтте оны көріп қалған Шам әміршісі: «Уа, тақуалардың әміршісі, расында, сені қарсы алуға Шамның қариялары шығады. Егер олар сені бұл күйінде көретін болса, бұл әдепсіздік болады», - дейді. Сонда Ғұмар (р.а.): «Алла Тағала біздің дәрежемізді Исламмен көтерді, біз адамдардың сөзінен қорықпаймыз», - деген екен.
Асылында, Салман Фарси Мединенің әміршісі болғандығы келтірілген. Бір күні Мединенің мәртебелі адамдарының бірі бір нәрсе сатып алады. Оның қасынан Салман Фарси өтіп бара жатады. Салман Фарсидің күштілігін байқап қалған әлгі адам: «Бері кел де мына жүкті көтер», - дейді. Салман жүкті көтеріп, әлгі адамның үйіне қарай кете барады. Салманның ауыр жүкті көтеріп кетіп бара жатқанын көрген адамдар: «Әй, әмір, бұл жүкті біздің көтеруімізге рұқсат бер», - деп айтады. Салман жүкті оларға бермейді. Ал әлгі адам болса өз-өзіне: «Бәле, мен әмірді масқараладым-ау?», - дейді. Содан кейін әлгі адам Салманға жалбарына бастайды: «Мен сізді танымай қалдым, Алла сізді ең жақсылардан етсін», - деп тілейді. Салман болса: «Жүре бер», - деп әлгі адамның үйіне дейін жүкті көтеріп әкеледі. Сонда жүктің иесі: «Мен ешқашан адамдарды ұятқа қалдырмайтын боламын», - деген екен.
Ғаммар бин Ясир (ол кісіге Алланың рақымы болсын) Куфа қаласының әміршісі болғандығы келтірілген. Ол өзі шөп базарға барып, шөп сатып алатын болған.
Ғұмар бин Хаттаб (р.а.) Әбу Хурайра (р.а.) Бахрейнге келгенде оны адамдар: «Ғұламаға жол беріңдер, ғұламаға жол беріңдер. Ол кішіпейіл әрі адамдар мен періштелердің және Алла Тағаланың алдында құрметке ие», - деп қарсы алатындығын келтірген.
"Танбихул ғафилин" кітабынан.
asyldin.kz