Зәм-зәм суының таңғажайып түрде пайда болу оқиғасы

Зәм-зәм суының таңғажайып түрде пайда болу оқиғасы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

ИбраҺим пайғамбар (ғ.с.) әйелі Хажар мен ұлына шамалы су мен құрма қалдырып, оларды шөл далаға тастап кетеді. Хажар сол құрмаларды жеп, суды ішіп, ұлын емізіп отыра береді, бірақ көп ұзамай су да, құрма да таусылады. Екеулері қатты шөлдейді, алайда бір тамшы су қалмайды. Тірі қалу үмітінен айырылған Хажар Исмаилды (ғ.с.) жерге жатқызып, өзі су табу ниетінде Сафа төбесіне шығады, ештеме таппай, Маруа төбесіне шығады, сол жерден айналаға қарап, алайда ештеме таппайды.

Ол Сафа мен Маруа төбелерінің арасында жеті мәрте жүгіреді. Кейін келе бұлай жүгіру қажылық өтеу кезінде сүннет болып қалыптасады. Жетінші мәрте жүгіргенде Маруа жақтан бір дауыс шығады, алайда ол ешкімді көрмейді. Бұл «Әй, Хажар, ұлыңа орал, Алла Тағала оны қиындықта қалдырып қоймайды. Уақыты келгенде осы жерде сенің ұлың әкесімен бірге Қасиетті Қағбаның қабырғасын қалайды», - деп айтқан Жәбірейілдің (ғ.с.) дауысы болады. 

Хажар ұлына қайтып оралғанда сол жерде Жәбірейілді (ғ.с.) көреді, ол: «Сен кім боласың?», - деп сұрайды. Хажар: «Мен Ибраһимнің (ғ.с.) әйелімін, ал мынау оның ұлы», - деп жауап береді. «Мына иесіз шөл далада ол сендерді кімге тапсырып кеткен?» - деп сұрайды да өзі сөзін жалғастырады: «Ол сендерді кез-келген істе жеткілікті болатын сондай бір патшаға тапсырыпты ғой».

Хажар жан-жағына қарап, қасынан бір кіші-гірім бұлақтың пайда болғанын байқайды. Бір риуаятта Исмаил (ғ.с.) өкшесімен жерді тепкілеп, сол жерден бұлақ шыққандығы келтірілген. 

Суды көрген Хажар қатты қуанып кетеді. Ұлы екеуі судан ішіп, шөлдерін басып, аман қалады. Бұл Зәм-зәм суы болатын, оны қандай тілекпен ішсе, сол тілек орындалады. Хажар ыдысқа біраз су толтырып алайын деп еді, бірақ Жәбірейіл (ғ.с.) бұл су енді тоқтамай үнемі аға бретін болады, ыдысқа толтырудың қажеті жоқ деп тоқтатады. Хажар тездетіп тастарды жинап, бастаудың жан-жағын қоршап қояды. Сол кезде мынадай бір дауыс естіледі: «Қорықпа! Алланың қалауымен су азаймайды, бұдан да көп ағатын болады. Алла Тағала бұл жерді құлшылық орнына айналдырады. Сенің ұлың пайғамбар болады». Сондай-ақ, Жәбірейіл (ғ.с.) бұл жерде Қасиетті Мекке болатындығын және Қиямет күніне дейін адамдар бұл жерде қажылық өтейтіндігін айтады.

Хажардың қуанышында шек болмайды. Ол ұлымен бірге осы жерде біраз уақыт болады. Осы жерден Журхум тайпасының керуен жолы өтетін, олар Ибраһимнің (ғ.с.) ағасының балалары еді әрі олар жыл сайын Шамға сауда жасап баратын болған. Осы жолы да олар қатты шөлдеп келе жатады. Жақын маңда бірде-бір құдық болмайды. Алды жақта бір жерге жиналған көп құстарды көреді. Олардың ересектері бұрын-соңды осыншама көп құсты көрмегенін әрі құстар суы жоқ жерге жиналмайтынын айтады.  Сол жерде су болар деген үмітпен екі адамды жібереді. Әлгі екеуі жақындап келіп, ағып жатқан суды, оның қасында отырған кішкентай баласы бар әйелді көреді. «Сіз кімсіз?» - деп сұрайды олар. Хажар өзінің кім екенін айтып береді әрі мына су ұлы екеуіне Алланың нәсіп еткен сыйы екендігін айтады. 

Сонда әлгі екеуі: «Бұл суға басқа біреудің құқығы бар ма?», - деп сұрайды. Хажар басқаның құқығы жоқ екендігін айтады. Олар қайта оралып, көріп-білгендерін айтып береді. Олардың басшысы бұл жер өздерінің тұрып, жануарлар бағуына қолайлы екендігін айтады. Ол Хажарға келіп, бұл жерден орын тебуге рұқсат сұрайды. Хажар келісімін береді де олар Меккенің жоғарғы жағынан орын тебеді. Ал қаланың төменгі жағына басқа туысқан бір тайпа орналасады. Олар Меккеде көп үйлер салып, олармен бірге жасасып жүрген Хажар мен Исмаилға (ғ.с.) құрметпен қараған.

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: