Қасиетті Құранды аударуға және түсіндіруге кімнің құқығы бар? Кез-келген адамның Құранды аударуына немесе оның тәпсірлерінсіз тек аудармаларын ғана қолданып Құран-Кәрімді түсіндіруіне құқығы бар ма? Әрине, құқығы жоқ. Тіпті араб тілін жетік меңгерген адамның өзіне Құран тәпсірлерінсіз оны аударуға болмайды. Құранда тәпсірін Алла Елшісінің (ﷺ) өзі айтып кеткен көптеген аяттар бар. Егер сол тәпсірлерді оқып-білмесе, адам аяттардың мағынасын дұрыс түсінбей қалуы мүмкін, сол себепті де хадистер жинағы кітаптарында Алла Елшісінің (ﷺ) хадистерімен Құранды түсіндіру кітабы «Китаб ат-тафасир» деген бөлімі болады.
Мысалы үшін, «Сахих әл-Бұхари» кітабының үшінші томындағы мұндай тәпсір бөлімі 250 беттен тұрады. Бұл кітапта Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі жасаған Құранның түсіндірмелері бар және де Қасиетті Құранды түсіндіретін көптеген хадистер бар. Біріншіден, бұл хадистерді білген жөн.
Екіншіден, ұлы асхабтар мен табиғиндер берген тәпсірлерді де білген абзал, бұл тәпсірлерді білмей көптеген аяттардың мағынасын түсіну мүмкін емес. Бұл тәпсірлердің бәрін білу үшін араб тілін жетік меңгеру жеткіліксіз, бәрібір Табари, Ибн Касир, Суюти және өзгелердің тәпсірлерін білу қажет.
Үшіншіден, Құрандағы көптеген аяттар нақты бір жайттарға немесе белгілі себептерге байланысты түсірілген. Осы себептерді баяндайтын арнайы кітаптар бар. Бұл себептер туралы білмей, сол аяттардың мақсаты мен шешімдерін түсіну мүмкін емес.
Төртіншіден, Құранда насих және мансух деген аяттар да бар, яғни, алдыңғы шешімді өзгерткендер және кейінгі аяттармен өзгертілгендер. Сондай-ақ, мухкамат және муташабихат аяттар бар, яғни, тікелей осы аят бойынша шешім қабылдауға болатын және астарлы аяттар (оларды дұрыс түсіндіру керек, әйтпесе, мағынасы дұрыс түсінілмей қалады).
Араб тілін мықты меңгерген адамның өзі тіл ғылымына байланысты синтаксис (нахв), морфология (сарф), логика (мантик), риторика (ма‘ан), стилистика (бади‘) сынды салаларды білмейтін болса, онда ол Құранның қызыл тілділігі мен мағынасының тереңділігін жете түсіне алмайды.
Сонымен қатар, Құранда ақида мен фикһ мәселелері де бар. Сондай-ақ, табиғат құбылыстарын сипаттайтын да аяттар бар.
Тағы да қайталап айтарымыз, адам баласы араб тілін қандай мықты деңгейде меңгеріп, шапшаң сөйлегеніне қарамастан, жоғарыда айтылған ғылымдарды меңгермейінше аталмыш аяттардың мағынасын жетік түсіне алмайды. Ал Құранды араб тілін білетіндігіне немесе өзге тілдерге аударылған аудармаларына сүйеніп түсіндіретіндер – олар Құранды өз ұғымдары бойынша түсіндіретіндер болып табылады. Бұл адамдар жөнінде төмендегі хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:
«Кімде-кім Құранды өз түсінігі мен ұғымына сай түсіндірсе, онда сол адам Тозақтан өзіне орын дайындасын».
Бұл сенімді хадисті Тирмизи, Әбу Дәуд, Насаи келтірген. Ал Табарани келтірген хадисте былай айтылған: «Кімде-кім тиісінше білімсіз Құранды түсіндірсе, тіпті оның айтқаны дұрыс болып тұрса да ол бәрібір қателескен болып табылады» («Итхаф», 1 том, 409-410 б.б.).
asyldin.kz