«Ол болмағанда құритын едім»,-деу-ширк!..

«Ол болмағанда құритын едім»,-деу-ширк!..

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мұсылман бар ісінің нәтижесін Алла Тағаладан ғана күтуі тиіс. Әрқашан Оған бойсұнып, сенім артуы қажет. Ал арадағы кісілер, заңдылықтар, өзге де шырмауықтай шатасып, киіздей ұйысып жатқан тіршіліктің сан-алуан түйткілдері жай себептер ғана. Мысалы, бір адам науқасқа ұшырап, дәрігер арқылы науқасынан айықса, кейіннен дос-жарандарына «пәлен дәрігерден шипа алдым» десе күпірлік болады. Өйткені, шипа дарытушы, науқасынан құлан-таза айықтырушы -  тек Құдай Тағала ғана. Дәрігер де, дәрі де бар болғаны арадағы болмашы дәнекер ғана. Кейде дәрігерлер жабылып көмек бере алмай, жүрегі тоқтаған науқастың кенеттен жүрегі қайта соғып, өмір сүріп кетуі - шипа берушінің олар емес екендігінің айғағы. Бірақ адам үйде жатып алмай, дәнекер іздегені дұрыс. Өйткені адамның әрекеті яки себеп іздеуі - оның іс-қимыл дұғасы. Қолын жайып шипа тілеуі - сөз дұғасы. Осы екеуі қосылып қатар атқарылғанда ғана қабыл болатын біртұтас, шынайы, ықыласты дұғаға айналады.

Сондай-ақ ісіне себепші болған кейбір кісілерге де адам тікелей сенім артпауы қажет. Мысалы, «сол адам болмағанда менің өмірім құрдымға кетіп еді, сол көмектесті, сол құтқарды, оған мың да бір рақмет, т.б.» деу де - ширк. Өйткені қиналғанда оған көмектескен - Ұлы Жаратушы. Ол қаласа, кез-келген жұмыр басты пендені кез-келген іске арқау ете алады. Сондықтан «пәленшені сеп қылып, көмектескен Хақ Тағалаға шексіз алғыс, сансыз мадақ, толассыз шүкір» деу ең дұрысы. Ендеше, барлық мадақ Соған ғана лайық. Хаққа лайық мадақты ұрлап, мүсәпір пендеге алтын шапан етіп жабу - нағыз әділетсіздік әрі қиянат. Дінсіз адамның мәңгілік Тозаққа тасталуы - ғаламзаттағы барлық ғажайып құбылыстардың қозғаушы күшін меңіреу табиғатқа яки басқаға теліп, күллі мадақты соларға лайық етуінен.  Әсіресе, бүгінгі таңда бұның мысалына жиі куә болып жүрміз. Жер шарын зерттеп ғылыми жаңалық ашқан ғалымдар мен елге еңбек сіңірген қайраткерлерге сансыз марапаттау жаудырамыз. Бейне бір әлгі құбылысты яки істі сол қауқарсыз пенде жасағандай сахнаға шығарып, сөз сөйлетіп, артынан шулап қол шапалақтап жатамыз. Өкінішке орай, олардың ешбірі Хақ Тағалаға бір ауыз рақмет айтуды білмейді. Алла Тағаланың ол жерде бір рет те болсын аты аталмайды. Ал пенде болса  барынша марапатталып, қайтыс болса құрметтеліп, сол мекендегі ең атақты адамдар жерленген зияратқа қойылады, тұрған үйіне құрмет тақтасы ілініп, көше атауы беріліп жатады. Шындап келгенде сол жаңалықтар мен табыстардың шынайы Иесі - Ұлы Жаратушы ғана емес пе?! Олардың бейне бір сол табысқа өздері жеткендей мастануы нағыз әділетсіздік қой?! Құранда Алла Тағала:

وَاللَّهُ خَلَقَكُمْ وَمَا تَعْمَلُونَ

«Сендерді де, жасағандарыңды да жаратқан - Алла Тағала»[1] дейді. Сондықтан күллі игілік пен жақсылықтардың Иесі - Сол. Барлық мадақ пен шекіз марапаттаулар Соған ғана лайық. Ол қаламаса ешбір ғалым ғаламның кей тылсым-сырларын ашпақ тұрмақ, жалпылама түсініктен де жұрдай болар еді. Иә, нағыз мұсылманға жалғыз Жаратушыға сену лайық.

Бірде Халифа Омардың алдына бір жерге жіберген қолбасшысы жеңіспен оралып, қуанышпен кіреді. Қасында аласа бойлы біреу бар. Халифа Омар: «Бұл кім?»,- деп сұрайды. Қолбасшы: «Бұл - менің оң қолым. Менің берген барлық тапсырмаларымды бұлжытпай орындады. Құпия хабарларымның бәрін айтқан жеріме қалтқысыз жеткізді. Тіпті кейде қалың қолға бергісіз істі жалғыз өзі жасады. Мен осының арқасында ғана жеңіске жеттім»,- дейді. Осыдан кейін біраз уақыт өтіп, күндердің бір күнінде әлгі қолбасшы Халифаның алдына жеңіліске ұшырап ұнжырғасы төмен күйде кіреді. Халифа сұрады: «Әлгі оң қолың қайда?». Қолбасшы: «Несін сұрайсың, Омар? Ол мені сатып кетті, құрып кеткір! Майданда дұшпан жағына өтіп кетті»,- дейді. Омар сонда: «Алла Тағаладан өзге ешкімге арқа сүйемеу керектігін өткенде айтпақшы болып оқталып едім. Бірақ әдейі үндемедім. Басқа түскен бір ауыртпалықтың - мың насихаттан артық екендігін ойладым»,- дейді.

Иә, хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбеті - атам қазақ та «Аллаға сенген құстай ұшар, адамға сенген мұрттай ұшар» деп қандай тамаша айтқан!

«Пейішке жетелер пейіл» кітабынан. М. Исаұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: