Ханафи, Шафиғи, Ханбали, Мәлики мәзһабтары бір сөзбен яки әр түрлі сөздермен бір жерде үш талақ етуді «үш талаққа» жатқызған. Олардың дәлелдері төмендегіше:
Бірінші: Құраннан дәлел. «Талақ екі рет. Сонда не туралықпен ұстау немесе жақсылықпен ажырасу керек». Бұл аятта екі талақтың жеке-жеке жасалуына ишарат бар, бірақ бір мәртеде жасалуына тыйым салған сөз жоқ.
Екінші: Сүннеттен дәлел. Ибн Омардың хадисі. Хазіреті Омардың ұлы Абдуллаһ әйелін хайыз кезінде бір талақпен талақ етеді. Бұл хабарды Пайғамбарымыз естіген шақта Абдуллаһтың әйеліне оралуына болатындығын һәм бұдан кейін талақ еткісі келсе, хайыздан тазарған күндерде жасауын айтады.
Абдуллаһ «Егер әйелімді үш рет талақ еткенімде оған қайта оралу мүмкіндігім болатын ба еді?» деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Жоқ, әйелің айқын талақпен талақ етілетін еді де сен күнәкар болатын едің»- деп, жауап береді. Бухаридің хадисіндегі хабар былайша берілген. Абдуллаһ ибн Омардан осыған ұқсас мәселе сұралғанда ол: «Әйеліңді үш рет талақ еткеніңде басқа біреуге тұрмысқа шыққанша ол саған харам болатын еді»- деп жауап береді.
Басқа бір хадисте ер адам әйелін үш талақ айтып талақ еткен кезде мұны Алла елшісі есітіп қатты ашуланып орынан тұрады да: «Мен әлі араларыңда тұрып, әлде біреулер Алланың кітабымен ойнағаны ма?», – дейді. Әбу Хафс әл-Махзуми әйелі Фатима бинти Қайсты бір кезде үш рет талақ етеді. Хақ пайғамбардан Фатима үшін «ғиддат» нәпақасы туралы сұрағанда ол: «нәпақа қажет емес, тек «ғиддат» қажет» дейді. Егер Хақ пайғамбар үш талақты бір санағанда «ғиддат» нәпақасының берілуін айтатын еді.
Шафиғилар осы хадиске сүйеніп әйелге нәпақа қажет еместігін алға тартқан. Хазіреті Әли шейіт болған соң орнына хазіреті Хасан халифа болады. Сол кезде оның әйелі Айша бинтул-Фадл оны халифа болуымен құтықтайды. Сонда хазіреті Хасан қатты ашуланып: «Мұсылмандардың әмірі – Әлидің өлтірілгені үшін қуанып, сол қуанышыңды білдіріп тұрсың ба? Сен үш мәрте талақсың», – дейді де әйелін талақ етеді.
Кейіннен «егер мен мына хадисті атамнан естімегенімде сенімен қайта үйленетін едім»,- деп «Кімде кім әйелін «ғиддат» ішінде үш рет яки бір сөзбен үш рет талақ ететін болса, бұдан кейін сол әйел басқа біреуге тұрмысқа шықпайынша оған адал болмайды», – деген хадисті айтады.
asyldin.kz
1 «Бақара» сүресі;
2 Бухари.