Дін саласы – аса нәзік, ұқыптылықты қажет ететін, руханияттың өзегі болған маңызды бағыт. Осы орайда, дін мамандарының жан-жақты, білікті болуы басты талап. Еліміздегі діни ахуалды реттеп отыру үшін де имамдар, ұстаздар түрлі өңірлерде қызмет жасап, діннің сан саласында еңбек етуі шарт.
Ал бүгінде Жамбыл облысының рухани жүрегі «Һибатулла Тарази» мешітіне және ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы қызметіне Қанат Жұмағұл тағайындалды. Облысқа діни көшбасшыны тағайындауға ҚМДБ-ның Бірінші төраға орынбасары, наиб мүфти Өтпенов Наурызбай Тағанұлы арнайы келді. Сонымен қатар, бұл айтулы іс-шараға Жамбыл облысы Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров қатысты. Наурызбай Тағанұлы жамағатты Бас мүфтидің бұйрығымен таныстырып, Жұмағұл Қанатты жаңа қызметімен құттықтады. Жұма намазына жиналған көпшілік алдында Жангелді Омаров сөз сөйлеп, имамдарға сәттілік тілесті. Күндердің сұлтаны күні оқылатын жұма намазын наиб мүфти Өтпенов Наурызбайдың өзі жүргізіп, дұға жасады. Ал осы облыста өкіл имам қызметін атқарып келген Данияр Жұмабаевқа Бас мүфтидің атынан алғыс хат, Жамбыл облысы әкімінің атынан марапат қағазы табысталды. Данияр қажы Жұмабаев жамағатқа сүбелі сөз сөйлеп, ауызбіршілік, ынтымақ туралы насихат айтты. Сондай-ақ, жамағат атынан Данияр қариға қазақтың дәстүрлі шапаны жабылды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі