Соңғы жылдары елімізде жас жеткіншектердің тіпті ересектердің өздеріне қол жұмсап, өз туыстарын да, бүкіл қоғамды да дүр сілкіндіруі белең алып, күн тәртібінде тұрған мәселелердің біріне айналды. Мамандардың дерегіне сүйенсек, Қазақстан жасөспірімдер мен жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау деректері бойынша алдыңғы шепте тұр.
Бұқаралық ақпарат құралдары әр аптада осы жайлы кемінде бір немесе бірнеше хабар беріп қояды. Мұндай жайсыз хабарлар республиканың барлық облыстарында көрініс беруде. Сондықтан, осындай дертпен ел болып, жұрт болып жұмыла күресудің өзектілігі артып отыр.
Иә, халқымыздың келешегі саналатын жап-жас өрендеріміздің осындай бір дертке шалдыққаны бүгінгі қоғамның ең басты проблемасы десек, артық айтқандық емес. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзінде өзін-өзі мерт ету оқиғалары соңғы жарты ғасырда көптеп орын алып отырғандығы рас.
Өкінішке қарай, статистика өте қорқынышты болып тұр. 2018 жылдың басынан бері елімізде 5 және 17 жас аралығындағы 134-тен астам жас өскін өз-өзіне қол салып, өмірімен ерте қош айтысса, осы мектеп жасындағы 294 бала суицид жасауға талпынған. Осылайша, Қазақстан өз еркімен ажал құшатын балалардың саны бойынша 7-ші орынға тұрақтады. Бұл тізімнің алғашқы ондығына Ресей, Латвия, Бельгия, Финляндия, Молдова және Украина тұр.
Біздіңше, бұл проблеманың шешімін Ислам дінінен іздеген мақұл. Өйткені Жаратушы Иеміз өз құлдарының жағдайын кез келген пендеден әлдеқайда жақсы біледі. Адам баласына ненің пайда, ненің зиян екенін де Алла тағаладан артық білер ешкім жоқ.
Ал өз өмірін өлімге қиюдың шариғатымыздағы үкіміне келсек, Ислам дінінде жазықсыз адамды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнә. Себебі, Ислам дінінің, қасиетті Құран мен хадистің көрсетуінше, адам баласының орны жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары, әрі үстем. Мейлі ол әйел болсын, еркек болсын, кәрі болсын, жас болсын, әрбір адам қадірлі және құрметті. Демек, адам өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес. Қасиетті Құранда: «Біз адам баласын ардақтадық...», «...оларды басқа жаратқандарымыздан әлдеқайда артық жараттық» («Исра» сүресі, 70-аят), – делінген анық аяттар бар. Сондықтан, әрбір жанның өмірі де өте қымбат. Оның өміріне қол сұғуға, ар-намысына тиюге, малына зұлымдық жасауға, еркінен айыруға дінімізде рұқсат жоқ. Тіпті, адам өмірінің қымбаттығы сонша – жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтірумен парапар (Маида/32).
Исламда өз-өзіне қол салу – үлкен күнә. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім өзін темірмен жарып өлтірсе, темір ішіне қадалған күйі тозаққа кіреді. Ал кім у ішіп өлсе, жаһәннамда мәңгі сол уды ішеді, кім жардан өзін тастап жан тапсырса, тозақтың түбіне мәңгіліке тасталады»,– дейді.
Енді өзіне қол жұмсау әрекетінің бірнеше негізгі себептерін атап өтелік. Кейбір ғалымдар өзіне қол жұмсау балаға шектен тыс қысым көрсетушіліктен, орынсыз тыйымдарды көп жасаудан, олардың кей тілектерін орындамаудан, олар қызыққан затты сатып әпере алмаудан, құрдастарының қысым көрсетуінен, өзін ешкімге керексіз жалғыз сезінуден, т.б. жағдайлардан пайда болады деп есептейді. Алайда, оның басты себебі Аллаға, ақырет күніне және тағдырға иманның әлсіздігінде. Әсіресе, Ислам дініндегі жақсылық та, қиыншылық та Алладан екендігіне сенімнің жоқтығы осындай күнәлі іске көбірек себеп болады.
Адам өзін-өзі өлтіру арқылы қиындықтан құтылмайды, керсінше, өзін мәңгілік дүниедегі тозаққа, отқа тастайды. Оның үстіне, өзіне қол жұмсау – нағыз өзімшіл, эгоист адамның тірлігі. Артында жылап қалатын ата-анасын, жақындарын ойламайды. Ал өзіне қол салған адамның жаназасы да шығарылмайды.
Алла тағала бұдан үлкен ескертуді қасиетті Құран кәрімнің төмендегі аятында келтірген: «...өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят).
Өмірдегі кішкене сынаққа шыдамай депреция, стреске түсіп, жанын қия салғанды жөн көрген адамның иманы әлсіз, психологиялық тәрбиесі нашар. Ал Аллаға сенімі мен имани тәрбиесі бар адамдар сынаққа төзеді, сабыр етеді, Жаратушыдан көмек сұрап, тығырықтан рухани жолмен шығуды қарастырады.
Халқымыздың әсіресе жастардың имани сенімі мықты болса, аталған статистикалық көрсеткіштер азаяр еді. Ең бастысы, ұлтымыздың ұл-қыздары аман-есен болар еді. Расында, кез келген проблеманың шешімі иманда, сенімде. Сондықтан ата-бабамыз ежелден сеніп келген тура жолымыздан айнымай, жастарды да батыстың емес ұлтымыздың құндылықтарымыз тәрбиелегеніміз, сенімге баулығанымыз дұрыс болар. Бұл істі арнайы бір орган, не болмаса басқа да орындардың жасауы міндетті емес. Мұны күллі жұрт болып, барлығымыз, әрқайсымыз жасай аламыз. Сіздерді бауырларыңызды, балаларыңызды, шәкірттеріңізді, т.б. өз өмірінің қандай маңызды екенін айтып жүруге шақырамын. Өмірдің маңызы – Аллаға деген сенімде. Ал менімі мықты адамның бақытсыз болуы мүмкін емес.
Ержан АМАНБАЕВ,
"Һибатулла Тарази" мешітінің найб имамы