Кешіру де зор сауап

Кешіру де зор сауап

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сахабалардан Әнас (р.а.) әңгімелеуде: Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге отырғанбыз. Әлден уақытта тісі көрінетіндей ғана сәл жымиды. Себебін сұрағанымызда былай түсіндірді:

– О дүниеге барғанда үмметімнен екі кісі Алла тағаланың құзырына әкелінеді. Біреуі екіншісін көрсетіп:

– Уа, Раббым, менің мына пәленшеде кезінде ақым кеткен, сол ақымды алып бер, – деп өтінеді. Алла тағала:

– Ей, пәленше, ақысын өзіне қайтар, – дейді. Жеген ақысы үшін өз сауаптарынан бөліп берген екіншісі:

– Я, Алла тағала! Менің сауаптарымнан ештеңе қалмады ғой? – дегенде, Алла тағала бірінші адамға:

– Қарашы, мынаның сауабынан дым қалмады, бұған не дейсің? – деп сұрайды. Сонда бірінші адам:

– Олай болса менің күнәларымнан өзіне алсын, – дейді. Дәл осы тұсқа келгенде Пайғамбарымыздың көзі жасаурады. Сөйтті де: «Ол күн – аса бір зор күн болмақ. Адам өз күнәсінің алынғанын қалайды» деді де сөзін ары қарай жалғастырды: Сол кезде Алла тағала ақысы кеткен адамға:

– Басыңды көтер де Жұмаққа қара! – деп дауыстайды. Сонда бірінші кісі:

– Я, Алла тағала! Алтынмен апталған, күміспен күптелген, жібекпен тоқылған небір сән-салтанаттарды көріп тұрмын. Бұған қай пайғамбарлар мен әулие-шейіттер ие? – деп сұрайды. Алла тағала:

– Бұлар маған өтемін төлегендер үшін, – деп жауап береді.

– Бұлардың өтеуін қайтіп төлейді? – деп сұрайды адам.

– Қаласаң бұған сен де ие бола аласың, – деп жауап береді Алла тағала.

– Қалайша? – деп таңырқағанда, Алла тағала:

– Сен егер ақың кеткен қасыңдағы мына жолдасыңды кешірер болсаң, – деп жауап береді.

– Олай болса мен оны кешірдім, – деп жауап береді әуелгісі.

– Ендеше жолдасыңды ал да, екеуің де Жұмаққа барыңдар! – деп бұйырады Алла тағала.

Сөйтті де Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) : «Алладан қорқыңдар! Алладан қорқыңдар да араларыңды түзеңдер! Қараңдаршы, Алла тағаланың өзі мүміндердің арасын жарастырып тұрған жоқ па?!», – деді.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: