Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір сапарда ат басын тежеп, достарымен бірге көліктерінен түсер-түспес жүктерін жерге қойысты. Жолсоқты боп қарын ашқандықтан бір қой сойып жеуге ақылдасты. Бар жұмысты әркім өзара бөлісе бастады.
Біреуі: – Қойды мен сояйын, – деді. Екіншісі: – Терісін мен сыпырайын, – деді. Үшіншісі: – Ет пісіру менің мойнымда болсын, – деді. Сол кезде Пайғамбарымыз да: – Шөлден отын жинап қайтуға мен барайын, – деді. Бұны естігенде сахабалардың бәрі әбігерленіп: – Уа, Алланың құрметті елшісі! Еш әуре болмастан сіз көлеңкеде сәл тыныға тұрыңыз. Біз өзіміз-ақ бәрін қуана-қуана істейміз, – десті.
Сонда Пайғамбарымыз: – Иә, бұл жұмыстарды мен сендердің өздерің-ақ істей алатындарыңды білем, алайда Алла тағала қандай да бір құлдың өзін өзгелерден артық сезініп дос-жарандарынан бөлек отырғанын ұнатпайды, – деп жауап берген еді. Сөйтті де, шөлге барып бір құшақ отын теріп әкелді...
Бұл Алла елшісінің сөзі мен ісі тең, турашыл сипатының қарапайым ғана бір көрінісі.
"Кемелдік кілті" кітабынан