Мүминнің тек адамдарға ғана емес, жан-жануар, жəндік атаулыға қатысты міндеттері де бар. Мұсылман адамдардың құқығын ғана аяққа таптамауға дағдыланып қоймай, табиғатқа, жан-жануарларға қамқорлық таныту да мейірімділіктің бір парасы.
Бұған жарқын мысалды Расулаллаһтың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) өмірінен таба аламыз. Мəселен, шөл далада кезіккен құстың ұясын бұзбас үшін əскерді басқа жақпен жүргізген Пайғамбарымыз(саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) тағы бірде көзінен жас сорғалаған түйенің иесіне «Алладан қорық, бұған шамадан түс жүк артпа» деп ескерткен. Керек десеңіз, ағаш жапырақтарын ешкілер жесін деп аяусыз қаққыштаған қойшыны көрген Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Мұның да жаны бар, абайласаңшы» деп жасаған ескертуінің өзі адамзат пен табиғат арасындағы ұлы үйлесімнен хабар бермей ме?
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм)жанды-жансыз табиғатқа мейірмен қарағанындай, мүмин де əрбір тіршілік иесіне жанашырлық таныта білуі тиіс. Дінімізде мысықты қамап ұстап аштан қатырған əйелдің қылығы оны тозаққа жетелегенін, хайуандарды тірідей нысана қылып, қарақшыға тіккендерге, малдың маңдайына таңба басқандарға қарғыс айтылатынын ескертіп, тілсіз хайуандарға жақсы қарауды міндеттейді. Қорғансыз хайуандарға аяусыз қарағандардың жазасыз қалмайтынын мына хадистен білеміз: «Бір əйел мысықты аштан өлгенше қамап ұстағаны үшін азапқа душар болды жəне сол себепті тозаққа кірді. Ол мысыққа ештеңе ішкізіп-жегізбеді, тіпті жердегі жəндіктерді жеуіне мұрша бермеді»[241].
Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) бірде құс атқан құрайыштық жасөспірімдерді кездестіреді. Олар дөп тимеген əрбір оқ үшін құстың иесіне ақша төлеп жатады. Абдуллаһ ибн Омарды (р.а.) көрген жастар бытырай қаша жөнеледі. Ибн Омар (р.а.) оларға: «Мұны істеуге кімнің дəті барды? Алла оны қарғысқа ұшыратсын! Расында Аллаһ елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) хайуанды тірідей нысанаға тігіп оқ атқандарды лағынеттеген болатын», – деді[242].
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бірде тұмсығында ен-таңбасы бар қашырдың қасынан өтіп бара жатып: «Мына хайуанның тұмсығына күйдіріп таңба басқанға Алланың лағынеті жаусын» дегені анық бар[243].
Абдуллаһ ибн Мəсғудтан (р.а.) жеткен риуаятта былай делінген: «Алла елшісінің (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) басшылығымен жүргізілген бір жорықта едік. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) дəрет сындыру үшін əудем жерге кетті. Осы арада біз құс ұясына тап болдық та, əлі қанаттанбаған екі балапанды қызық көріп қолымызға алдық. Байғұс анасы балапандарын айнала ұшып шыр-пыр болып жатқанда Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) үстімізден түсті де: «Мына безек қаққан құстың балапандарын қайсың алдың? Ұясына қайта қойыңдар», – деп бұйырды. Тағы бірде құмырсқаның илеуін бұзып отқа жаққанымызды көргенде: «Құмырсқаларды кім өртеді?» деп сұрады да, «Расында Жаратқаннан басқаның отпен азап бергені жөнсіз əрі дұрыс емес» деген-ді[244].
Қолмен істегенді мойнымен көтерудің қажеттігін ешқандай құқық саласы жоққа шығармайды. Бірақ, құқық бұзушылық əрекетке, қылмысқа тағайындалатын жаза əділеттікті қалпына келтіруге жеткілікті шамада жəне айыпты адамды қылмысқа қайта беттеуден тыятындай сабақты дəрежеде болуы тиіс. Ислам əрбір күнəға, қылмысқа тиісінше ең əділ жаза белгілеп, қылмыстың алдын алу шараларын қамдаған. Қылмыс үшін берілген жазаның əділ болуын қалаған дініміз жазықсыз хайуандарды отпен, тоқпен азаптауды құптамайды. Керек десеңіз, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм)малды өтпейтін пышақпен бауыздап қинамауды əрі пышақты оның көзінше қайрамауды тапсырған. Малды сою азық үшін амалсыздан жасалған іс екенін, хайуанға аяушылық таныту керектігін осыдан аңғарамыз. Дініміз адамдарға ғана емес, хайуандарға да қарғыс айтуды, қарғап-сілеуді мақұлдамайды.
Байқағанымыздай, Ислам тек адам баласының ғана емес, жан-жануарлардың да ақысын аяқасты еткізбей, қамқорлығына алған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Таң намазына шақырған əтешті сөкпеңдер, тілдемеңдер» деп, намазға себепкер əрбір нəрсені қымбатқа бағалайтынын білдірген[245]. Осы тақырып бойынша көз жүгірткен аяттардан, хадистерден түйген ойымыз төмендегідей:
1. Хайуандарға аяушылық таныту, оларға жанашыр болу мүминнің айқын ұстанымы болуға тиіс. Өйткені, хадисте былай делінген: «Көктегілер (Алла тағала мен оның періштелері) сендерге мейірімді болсын десеңдер, жер жүзіндегілерге мейірімді болыңдар»[246].
2. Мүмин ешбір тіршілік иесін озбырлықпен жəбірлемеуге, малдың басынан, тұмсығынан қағып, соққыға жықпауы тиіс.
3. Мініс көліктеріне шамадан тыс жүк артпағаны, ешқандай жан-жануар, жəндікті тірідей отқа өртемегені, дене мүшелерін кескілемегені, күйдіріп таңба баспағаны жөн.
4. Малды аш қатырмай, уақытылы жем-суын беруге, қора-қопсысын таза ұстауға, ауырғанда ем-домын жасауға міндетті.
5. Хайуандарға қару кезеп қорқытпағаны, құстардың ұясын бұзбағаны, қораз, ит жəне басқа да жануарларды таластырмағаны абзал.
6. Кез келген зияны жоқ жəндіктің көзін жоюға, өлтіруге, табанмен жаныштауға тыйым салынған. Бірқатар улы жəндіктер мен қауіпті жануарларды, соның ішінде жыланды, шаянды, тышқанды, араны, сонаны, құтырған итті жəне басқа жəндіктерді тек зияны тиген жағдайда өлтіруге рұқсат етілген.
7. Мүмин ешқандай хайуанды қарғап, сілемейді, лағынеттемейді.
8. Мүмин барша адам баласына, жан-жануарлар мен жəндіктерге жанашырлық танытады, оларға қамқор болады. Басқалардың қатыгездікке баруына қарсы тұрады, жазықсыз жануарларды қорғайды.
[241] Бұхари. Əнбия 54; Мүслим. Сəлем 151,152, Бирр 133, 134.
[242] Бұхари. Зəбаин 25; Мүслим. Сайд 58,60; Тирмизи. Сайд 9; Нəсаи. Дахая 41; Ибн Мажə. Зəбаин 10.
[243] Мүслим. Либас 107; Əбу Дəуіт. Либас 52.
[244] Əбу Дəуіт. Жиһад 112, Əдеп 164.
[245] Əбу Дəуіт. Əдеп 115.
[246] Тирмизи. Бирр уə сыла 16; Бəйхаки. əс-Сунəну күбра 9/41