Көпшілік билікті асыра сілтегенге - ақтау жоқ
7. Әбу Хумайд Абд ар-Рахман бин Саад ас-Саидидің (р.а.) былай айтқаны келтірілген:
«Бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) әл-азд тайпасындағы Ибн әл-Лютбиййа есімді бір адамға зекет жинауды тапсырады. Ол қайтып келіп: «Мынау — сізге, ал мынау маған сыйланды», - деп айтады.
Мұны естіген Алла Елшісі (ﷺ) минбарға көтеріліп, Алланы дәріптеп, Оған мадақ айтып содан кейін: «Асылында, сендердің біреулеріңді Алла маған тапсырған істі орындауға тағайындадым, ал ол болса маған келіп: «Мынау — сізге, ал мынау маған сыйланды!», - деп айтады. Егер ол шындықты айтып тұрған болса, неге осы сыйлықты күтіп әкесінің үйінде қалмады?!
Алламен ант етемін, егер сендердің біреуің қақысы болмай тұрып бір нәрсені алатын болса, Қиямет күні ол міндетті түрде сол алған нәрсесін ұстаған аянышты халде Алла Тағаламен кездесетін болады! Ақиқатында, егер кімде-кім бақырған түйені, мөңіреген сиырды, маңыраған қойды ұстаған түрде Алламен кездесетін болса, мен оны танымайтын боламын!», — содан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) қолдарын көкке созғаны сондай оның (ﷺ) қолтығының ақтығы көрініп тұрып: «Уа, Алла, мен бұларға ескерттім емес пе?»» - деп айтты (Ахмад).
8. Адиййа Ибн Умайра Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:
«Егер жұмысқа алған сендердің біреулерің бір инені немесе тағы бір нәрсені жасырып қалатын болса, бұл қоғамдық мүлікті жасырушылық болып есептелінеді әрі ол онысын Қиямет күні алып келетін болады. Сонда Пайғамбарымыздың (ﷺ) қасына әл-Ансар тайпасының бір қара нәсілді ер адамы келіп: «Алла Елшісі, менен жұмысыңды қайтарып ал» (яғни: «Сен маған тапсырған садақа жинау жұмысын атқарудан бас тартамын»), - дейді.
Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Саған не болды?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «Мен сенің солай да солай деп айтқаныңды естідім», - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Мен мұны тағы да айтамын: «Мен қызметке тағайындаған әрқайсың – үлкен-кіші болсын алған нәрсенің бәрін алып келуің керек» (Мүслим).
9. Әбу Хумайд ас-Саиди (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:
«Лауазымды тұлғаға берілетін сыйлықтарға тыйым салынған әрі бұл әділ кіріс болып саналмайды»(Мүслим).
10. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан:
«Әлдебіреуді бір лауазымға тағайындап, оған жалақы бердік, алайда өзінің жалақысының үстінен алатыны — әділ жолмен табылмаған табыс» (Әбу Дәуд).
11. Хаула бинт Амр (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:
«Кейбір адамдар Алланың меншігіне қиянат жасайды. Олар Тозаққа түседі» (Бұхари).
Парақорлыққа қатысты қатаң ескерту
12. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Пара беретіндерге де, пара алатындарға да Алланың лағынеті болсын!» (Ахмад).
Исламдағы сыбайлас жемқорлыққа деген қарсы әрекет
13. Бурайда бин әл-Хусайб Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген:
«Төрешілер үш түрлі болады: олардың бірі Жұмаққа кірсе, екеуі – Тозаққа кіреді. Жұмаққа кіретін төрешіге келсек, ол ақиқатты білетін әрі соған сай шешімдер шығаратын жан. Ал ақиқатты біліп тұрып, бірақ әділетсіз шешім шығарғандар да және ақиқатты білмей, адамдарға төрелік етіп, шешім шығаратындар да Тозаққа түседі» (Әбу Дәуд, Тирмизи.)
14. Әбу Бәкір (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) адамдардан: «Сендерге қай күнәлардың ең ауыр болып табылатынын айтайын ба?» - деп сұрағанын келтірген. Сонда олар: «Әрине, уа, Алла Елшісі!» - деп жауап береді. Сонда Алла Елшісі (ﷺ): «Алладан басқаға құлшылық ету, адам өлтіру және ата-анаға деген құрметсіздік», - деп жауап береді.
Осыны айтқанда Пайғамбарымыз (ﷺ) қолына таянып бір қырындап жатқан болатын, сосын Алла Елшісі (ﷺ) отырып: «Және де, ақиқатында, жалған куәлік беру!», - дегенді біз: «Енді айтпай-ақ қойыңызшы», - демегенше қайталай берді. (Бұхари, Мүслим).
15. Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта былай келтірілген: «Күндердің күнінде Бану Махзум тайпасынан шыққан бір әйелдің ұрлық жасағанына алаңдаушылық танытқан құрайыштар: «Бұл әйел жөнінде Пайғамбарымызбен (ﷺ) кім сөйлеседі?» - деп айтса, оларға басқалары: «Бұған Алла Елшісінің сүйіктісі Усама бин Зайдтан басқа кімнің дәті барсын», - деп айтады.
Алайда Усама бұл мәселе жөнінде Пайғамбарымызға (ﷺ) келгенде ол (ﷺ): «Алла тағайындаған жазалардың біріне қатысты іс туралы сен маған өтініш жасап тұрсың ба?!» - деп айтып, отырған орнынан тұрып адамдарға былай деп уағыз айтқан екен:
«Ақиқатында, сендерге дейін өмір сүргендер - ұрлық мәшһүр адамдармен жасалса, оларға тиіспейтін болған, ал ұрлық - қарапайым адамдармен жасалса оларды белгіленген бір жазаларға тартып отырған. Міне, сол себепті олар құрып кеткен! Алламен ант етемін, егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаса, мен міндетті түрде оның қолын шабуға бұйырар едім!» (Бұхари, Мүслим).
asyldin.kz