Біреуге ренжіп, кешіре алмай жүрсіз бе?

Біреуге ренжіп, кешіре алмай жүрсіз бе?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пенде болған соң, әрине, кей кездері біреуді ренжітіп немесе өзіміз ренжитін сәттер аз болмайды. Неге кейде біреуді ренжіте салу оп-оңай да, ал кешіру соншалықты қиын болып көрінеді? Әрине, ол біздің тәкаппарлығымыздың, қаталдығымыздың, менмендігіміздің, яғни нәпсінің құлына айналғанымыздың белгісі.

Бір адамға ренжісек, өкпеміз қара қазандай болып, айтылған сөз – атылған оқпен тең дегендей, сөзі көкірегімізге оқтай қадалып, не ол оқты алып тастауға әл-дәрменіміз жетпей, не жатсақ та тұрсақ та ойымыздан кетпей әуреге түсетініміз бар. Өкпе кейде кекке айналып кеткенін өзіміз де аңғармай қаламыз. Қазіргі таңда көбіне ұнайтын сөз, орысша айтқанда «нервничать етіп», сол адамға «жынданып» жүреміз. Ал бұл ісіміз дұрыс па?

Біріншіден, тәнімізге жақсылап «жайғасып» алған реніш, өкпе, ашу-ыза, кек сынды теріс қасиеттер ең алдымен жүрегіміз бен санамызды «әбден кеміріп» болған соң басқа мүшелерімізге көшеді. Өкпелегіш, соны ұзақ уақыт бойы ұмытпай жүретін кек сақтағыш жандардың жүйке жүйесі мен жүрек ауруларына жиі шалдығатынын медицина да дәлелдеген. Жүрек пен сана сау болмаса, басқа мүшелеріміз де, жанымыз да сау болмайды.

Екіншіден, кешіру дінімізде маңызды орын алады. Оңай кешіретін кеңпейіл, ақкөңіл болу, күлімсіреу – сауапты істер.

Алла тағала Қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммед!): Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істегін. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма, (наданмен надан болма)», – деп бұйырған («Ағраф» сүресі, 199-аят).

«Мұсылманға өзі сияқты мұсылман бауырымен ренжісіп, үш күннен артық қатынаспай қоюына болмайды. Екеуінің жолы түйісіп, жолығыса қалса, бір-бірін көргісі келмей теріс айналады. Ал шынтуайттап келгенде, қайсысы бірінші болып сәлем берсе, сол қайырлы», – деген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде (Бұхари, әдәб 62; Муслим, бирр 23).

Кейбіреулер кешіре салу өзін-өзі сыйламайтын, әлсіз адамдардың ісі деп ойлайды. Ол үлкен қателік. Керісінше, кешіре білу – мықты жандардың әрекеті.

Міне, сондықтан жүрегімізге өкпе-реніш толтырғанша, оны жақсылықпен, мейірімділік пен ізгі амалдарға толтырып, әрі денсаулығымызды да құртпай, әрі сауап алып, әрі Алланың ризашылығына бөленейік!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: