Бірде Ханзал ибн Раббидің (р.а.) үйінен шығып жылап тұрғанын Әбу Бәкір (р.а.) көріп қалады да не болғанын сұрайды. Оған Ханзал:
- Ханзал екіжүздіге айналды, – дейді.
- О не дегенің?!
- Иә, солай. Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында болғанда ол жұмақ пен тозақ жайлы айтып жатқанда оларды дәл көз алдымда тұрғандай күй кешемін. Ал үйіме, әйел, балаларыма келгенде барлығын да ұмытып кетемін. Бұған Әбу Бәкір (р.а.):
- Алланың атымен ант етейін, біз де дәл осындай күйдеміз. Мұны Алла елшісіне (с.ғ.с.) айтайық, – деп екеуі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келеді. Жағдайларын айтады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.):
- Мені құдіретімен жаратқан Алламен ант етейін, егер сендер менің жанымда болған кездегі күйлеріңде болуды жалғастырып, Алланы үнемі еске алып жүрсеңдер, періштелер жолдарыңда және төсектеріңде сендердің қолдарыңды алар еді. Бірақ, уа, Ханзал, бір сағатты құлшылыққа, келесісін – дүниелік істерге арнаңдар, – деп жауап береді.
(Муслим, «Тауба», 12-13; Тирмизи, «Кыямат», 59; Ибн Маджа, «Зухд», 28).