«Жақыннан күдер үзгендер Жақынын ұрып жат қылар. Жылқыдан күдер үзгендер Биесін сатып ат қылар. Жақсы болса ағайын Көңіліңді шат қылар. Жаман болса ағайын Өзін өзі жат қылар» – деп Майлықожа ақынның жырлағанындай, туыстық қатынастарды берік ұстану, туыстық ақыларға зор ықыластылық таныту о бастан қазаққа сіңісті мінез.
Дінімізде ағайындық жəне қонақтың қақылары қатарына көбіне мына амалдарды жатқызады: сəлем беру, сый-сияпат жасау, амандықтарын сұрап отыру, ағалары мен нағашы ағаларын əкесіндей көру, апалары мен нағашы апаларын шешесіндей сыйлау, үнемі қол ұшын беру, теріс мінездеріне төзе білу секілді қасиеттер ағайын арасындағы ақылардың құрамдас бөліктері.
Құран кəрімде Алла тағала: «Уа, адам баласы, сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан жəне одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер мен əйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы Алладан жəне туыстардан безінуден сақтаныңдар», – деген («Ниса» сүресі, 1-аят). Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) өсиет ететін жақыны бар мұсылманның екі түн қатарынан өсиетін айтпастан түнеуін кісі ақысын сақтамау деп білген.
Өсиет дегеннің өзі ағайын-туысқа қатысты дүние болғандықтан, мұны міндетіміз деп білген жөн. «Алла пен ақырет күніне сенген адам қонағын күтсін. Аллаһ пен ақырет күніне сенген адам туыстарына қарассын. Алла пен ақырет күніне сенген адам не жақсы сөз айтсын, не болмаса үндемесін» деген Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) қонақ болудың мерзімі үш күн екенін, одан асқан мерзімде түскен шаңырағына қиындық тудыратынын жəне үй иесінің қонақты үш күннен кейінгі асырауы нəпіл садақа саналатынын айтқан.
Халид ибн Зəйдтен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) былай деген: «Қонағын ішкізіп жегізген, зекетін берген жəне ауыртпалықта қарасқан адам сараңдық сорынан құтылған бақытты».
Дініміз қайтыс болған туған-туыс пен көрші-қолаңның қарызын тезірек төлеп, жылдамдатып қабірге қою қажет екенін Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) аузымен жеткізген: «Мүминнің рухы қарызы төленгенше қарызына байланған күйде тұрады». Талха ибн Бəра (р.а.) ауырып қайтыс боларда кіріп-шыққан Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) оның туыстарына: «Талхаға ажалдың жақындағанын көріп тұрмын. Қайтыс болса, маған хабар беріңдер. Денесін жуып, кебіндеуді тездетіңдер. Мұсылманның мəйітін үйде ұзақ ұстауға болмайды» дейді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) ағайынға қарасқан жанға Алланың да қарасатынын, ағайыннан безгеннен Алла та қашық тұратынын, өзіне жамандық қылған ағайынға жақсылық қылған адамның Аллаһтың қолдауына ие болатынын айтқан. Сондықтан, араздасқан ағайынмен араға үлкендерді салып жарасқан, қажет болса кешірім сұрап табысқан жақсы.
Мұндайда өзімбілемдікке салынып, нəпсінің жетегінде кеткендер көп нəрсе жоғалтады. Есесіне көңіліне ауыр тисе де ағайынмен татуласа білген жан Алла пен елшісінің (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) айтқанын істеп сауабын алады. Тағы бір айта кететін жайт, ағайынға жасаған жақсылығын түгендеп, «пəленшеге қиын сəтте жанынан табылдым, түгеншеге мынадай жəрдемім тиді» деп жүрген жерінде жарияға жар салу мұсылмандықтың айнасына түскен дақ болады.
Мұсылман жақсылығын бұлдамайды, оның есебін Алла тағала еселеп қайтаратынын жақсы біледі. Сондықтан, Пайғамбарымыз(саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) айтқандай, «келмегенге барған, бермегенге берген» дұрыс. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) ризығының мол, ғұмырының ұзақ болғанын қалайтын адамның туысқанға қарасу керек екенін, бірінші болып жақын туысқа жақсылық жасап, ат құйрығын шарт түйіп, өкпелі болған ағайынмен татуласып оның тілеуін тілеу қажет екенін айтады.
Туыстық туралы айтылған хадистерде ағайынға сый-сияпат жасаудың құлды азат етуден анағұрлым сауапты іс екені, садақаны жақынына бергеннің əрі садақа беру, əрі туысқанға қарасу сауабын алатыны, жаннатқа апаратын амалдардың бірі ағайын-туысқа қарасу екені жəне басқа да сауапты істер турасында сөз қозғаған. Алла тағала құдси хадисте: «Уа, туысқандық қасиет, сені берік ұстағанға қарасамын. Сенен безгенмен байланысты мен де үземін», – дейді.
Əбу Хұрайрадан (р.а.) жеткен риуаятта мынадай əңгіме бар: «Біреу келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен туыстарыма барып тұрамын, бірақ олар маған келмейді. Қанша жақсылық жасаймын, ал олар маған жамандық көрсетеді. Қанша түсіністікпен қараймын, бірақ олар керісінше істейді», – деді.
Сонда Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Егер осының барлығына төзіммен қарасаң, олар мұндай əрекеттері арқылы тұмсығын қып-қызыл шоққа сұққандай болады. Сен бұлай істеген сайын Алла сені қолдайды», – деген еді. Əнес ибн Мəликтен (р.а.) жеткен мынадай бір хадис бар: «Мəдиналық ансарлар арасында құрма бағының ең көбі Əбу Талхаға тиесілі еді.
Əбу Талха нəби мешітінің алдындағы Бəйруха деп аталатын құрма бағын ерекше жақсы көретін. Алла елшісі де (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) сол баққа жиі барып, сондағы тұщы құдықтан шөл қандырушы еді. «Сүйген нəрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, əсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деген аят түскенде, Əбу Талха Алла елшісінің (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) алдына келіп: – Хақ тағала «Сүйген нəрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, əсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деп аятты уахи етті. Менің жаныма жақын дүнием Бəйруха бағы. Соны Алла разылығы үшін садақа қылдым.
Мəуелі бақшамның сауабын Алла ақыретте азық қып қайтарса деймін. Бəйруханы не істеймін десең де еркіңде, – дейді. Сонда Аллаһ елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): – Бəрекелді. Берекелі мал дегенің тек пəниде емес, бақи дүниеде де ырзығын беретін дүние. Алла тағала екі дүниеде де жақсылық берсін саған. Бақты туыстарыңа бергеніңді дұрыс деп білемін, – деді. – Онда солай істейін, – деді де, Əбу Талха бақшаны бауырлары мен немере аға-інілеріне бөліп берді».
Хазірет Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) «Туысқандықтың қастерлі бауы Аршқа ілінген күйі адамдарға арнап: «Мені сақтағанды Алла қуаттап қолдасын. Менен безгенді Алла рақымынан құр қалдырсын», – дегенін жеткізеді. «Жоқ-жітікке берілген садақа – бір садақа, туысқанға берілген садақа – екі садақа орнына жүреді.
Біреуі садақа сауабы болса, екіншісі ағайынға қарайласудың сауабы», – дейді тағы бірде Пайғамбарымыз(саллаллаһу алəйһи уə сəллəм). Дүниенің бір бақыты туыс-туғанмен көңіл жарастырып, тату-тəтті өмір сүру емес пе? Пəни дүниенің дейміз-ау, ағайынмен ат ізін суытпай араласып отырудың ақыреттік сауабы да ұшан- теңіз.