Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан

Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әр адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, үйренуге талпынады. Бір қызығы, бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан дана да, ойшыл да шығады. Осынау ақыл толыстырып, білімін шыңдау сапарында ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол - ұстаз.

Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету - ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), - деген, көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашан да биік тұратындығы айтылса, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі «Әйелдер-қыздар» секторы «Ұстаз – ұлы тұлға» деген тақырыпта кездесу өткізді. Кездесуде орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірттері ұстаздар күніне орай мешіттің әйел  ұстаздарына құрмет ретінде дастархан жайып, концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Басқосу Мөлдір есімді шәкірт бүлдіршіннің Құран аяттарын оқуымен ашылып, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі «Әйелдер-қыздар» секторының жетекшісі Алдасаева Гүлжан ұстаздың құттықтау сөздерімен жалғасты: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Садақаның ең жақсысы - ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету», - деген. Дінімізде білім алуға ерекше мән берілген. «Адам қайтыс болғанда, амал дәптері жабылады. Мына үш кісінің ғана сауабы жалғаса береді: артынан дұға жолдайтын игі ұрпақ қалдырған, ел игілігіне жарайтын дүние салдырған, артына ілім қалдырған адам» (Сүнән, Ибн Мажә), - деп, ілім үйретушінің сауабы екі дүниеде де тоқтаусыз екендігін білдіріп, ғалымдарды сыйлауға, ұстаздарға құрметпен қарауға шақырған».

Сонымен қатар, білім алудың артықшылығы, білім беруші мен білім алушы арасындағы әдеп, құрмет туралы да уағыздар айтылды. Викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауабын тапқандарға сыйлықтар табыс етілді.

Отырыс соңында ақжаулықты әжелеріміз орталық мешіттің ұстаздары Алдасаева Гүлжан мен Маханбетова Ләззатқа ұстаздық қызметтері үшін шексіз алғыстарын жеткізді, ақ баталарын беріп, гүл шоқтарын тарту етті. Ұстаздар да өз кезегінде әжелер мен шәкірттерге осындай келелі басқосуды ұйымдастырып, құрмет көрсеткендері үшін алғыстарын айтты.

«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі

     

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: