Бір кісі Қағбаның қасында отырып дауыстаған күйі мына бір жол дұғаны ғана қайталай берсе керек: « – Уа, турашылдарға қол ұшын беріп, харамнан сақтанғанды сақтаушы Алла тағала!...».
Бұған таңғалған қасындағылар «Басқа дұға білмейсің бе? Бұл қалай?» деп оның мәнін сұрапты. Сонда ол өз басынан өткен мына бір ғибратты жайтты баяндап берген екен: ...Бір күні Қағбаны тауап етіп жүріп аяқ астынан бір кесе алтын тауып алдым. Санасам дәл мың алтын екен. Жүрегім өрекпіп бірден иманым мен шай- таным арпалысқа түсіп айқаса кетті. Шайтаным «Де- реу жымқырып ал, әйтпесе, мың алтынды саған кім береді?! Ештеңеден қыжалат көрмейсің» десе, иманым «Иесіне қайтармасаң бұл адалдыққа жатпайды. Одан да иесін тап та, бер» деді.
Мен осылай екіұшты ойда тұрғанымда, «Осы маңда бір кесе алтынымды жоғалтып алдым. Тауып алған адамға сүйінші ретінде отыз алтын беремін» деп жоғын іздеп жүрген алтынның иесін көрдім. Мың харам алтыннан гөрі отыз адал алтын артық қой деген оймен қолымдағы алтынды иесіне қайтардым. Ол маған айтқанындай сүйіншіге отыз алтын берді.
Ақшамды қолыма ұстап базар аралап келе жатқанымда тұп-тура отыз алтынға сатылмақ болып тұрған бір араб құлды көріп жаным ашып сатып ал- дым. Бір күні бұл құлдың қасына араб біреулер келіп өзара жасырын күбірлесіп сөйлесе бастады. Құлдан олардың не айтып жатқандықтарын сұрадым. Құл еш жасырмастан:
– Мен Марокка сұлтанының баласы едім. Әкем Эфиопиялық бір патшамен соғыста жеңіліске ұшырағандықтан мен соларға тұтқынға түстім. Олар мені осы жаққа әкеліп құл есебінде саған сатты. Енді, міне, әкем мені іздетіп жатқан көрінеді. Сатып болса да тауып әкелсін деп бұлардың қолдарына елу мың алтын ұстатыпты. Сен маған көп жақсылық жасадың. Саған қарыздармын. Сондықтан мені сатсаң, елу мың алтыннан кемге сатушы болма, – деді. Айтқанындай әлгі құлды елу мың алтынға саттым. Байып, Бағдатқа барып дүкен ашып, түрлі заттар сатумен айналыса бастадым.
Бір күні бір танысым келіп «Атақты бір саудагер досым қайтыс болды. Үріп ауызға салғандай әдемі қызы жетім болып қалды. Қаласаң, сол қызбен таныстырып екеуіңді үйлендірейін» деді. Мен келістім. Екеуміз үйлендік. Қыздың артынан келген төсек-орынға көз салғанымда табақ атаулы алтынға лық толы екен.
Бәрінің бүйірінде «Мың алтын» деген жазуы бар. Бірақ бір табақтың ғана бүйіріндегі «Тоғыз жүз жетпіс алтын» деген жазуға көзім түсті. Оның мәнісін сұрағанымда, қыз:
– Әкем Қағбаға тауап етіп жүріп мың алтыны бар бір кесесін жоғалтып алыпты. Соны тауып берген жаны жомарт кісіге сүйінші ретінде отыз алтынын ұстатыпты. Бұл табақтағы алтынның тоғыз жүз жетпіс болып тұрған кемдігі сол, – деп түсіндірген еді.
Бұны естіген сәтте мен қатты толқып Алла тағалаға көп шүкіршілік айттым. Өзімнің басымнан өткен адалдық турасындағы оқиғаны оған да баяндағанымда екеуміздің қуанышымызда тіптен шек болмады.