Ертеде бір ханның жар дегенде жалғыз баласы болыпты. Хан баласы туғаннан не ішем, не кием демегенмен сондай бір еңсесін басқан көңілсіздік пен өмірге деген енжарлықтан арыла алмаса керек.
Баласының қашан болсын салғырттығы мен бойкүйездігін байқаған әкесі хан елдегі ең данышпан деген кісіні шақыртып, оған баласын бұндай босаңдықтан арылтуды қатаң тапсырыпты. Баланы қайтсем жөнге келтірем деп шақшадай басы шарадай болып шарасыз күйге түскен данышпан қанша шарласа да бұған ешқандай дауа таба алмаса керек.
Ең соңында тым болмаса, өз басын аман алып қалу үшін алыс елге қашып кетуді ұйғарыпты. Дорбасын арқалап ел сыртындағы бір қырға жеткенде, қой жайып жүрген бір балаға кездесіпті. Бала әлгі данышпанға: – Бүгін өзіммен бірге тамақ алуды ұмытып кетіппін. Мен ауылға түсіп қайтқанша сіз малдарыма қарап беріңізші? – деп жатып кеп өтініпті.
Бала өтінішін жерге тастай алмаған данышпан келісіп, өрістегі малдарға қарап қалыпты. Бала кете сала-ақ мал ішінде ойнақтап жүрген бір лақ байқаусызда тереңірек бір жыраға түсіп кетіпті. Малға қарап отырған данышпан өзіне табыстап кеткеннен кейін ұялғандықтан жыраға түсіп, әлгі лақты алып шықпақ болып әрекет жасай бастапты.
Лақты жырадан сыртқа алып шығу оңайға соқпапты. Көп әуреге түсіп жүріп, өзінің жүрегі аузына тығылып қашып келе жатқанын, еңсесін басқан зіл уайымды, патша әмірінен қатты қорыққандығын – бәрін де ұмытып кетсе керек. Ақыр соңында ақ тер, көк тер болып, лақты арқасына байлап жатып әрең сыртқа алып шыққан данышпан бұл әрекеттен өмірдің бір шындығына көз жеткізгендей болыпты.
Қойшы бала тамағын алып ауылдан шауып келгенде, малын өзіне табыстаған данышпан дереу еліне қайтыпты. Келе сала патша ордасына ат басын тіреп:
– Мен сіздің балаңыздың емін таптым, – депті қуанғаннан жүрегі жарыла жаздап. Патша маңайындағы уәзірлердің бәрімен данышпанның сөзіне құлақ қойғанда, ол өз емін: « – Тақсыр, балаңызды бойкүйездік пен енжарлықтың шырмауынан арылтатын бірден-бір тәсіл – оған жауапты бір жұмыс тапсыру.
Балаға жүктер істің жауаптылығы неғұрлым көбірек болған сайын баланың да өз бойындағы бойкүйездіктен соғұрлым арылары сөзсіз. Балаңыздың салғырттық пен болбырлыққа салынуы жұмыссыздық пен қолы бостық салдарынан.
Балаңыз берілген жұмысты қолға алып, өзінің сол жұмысқа деген жауапкершілігін сезіне кіріскен кезде уақыт та сондық жылдам өтіп, оның өмірге деген қызығушылығы мен құлшынысы да арта түседі, – деп өмірден алған сабағын қорытқан екен..».