Үміт – жан жүрегімен аса Жомарт, Үстем құдіреттің мейірімі аясында қанат қағып, рақым құшағына ену. Жаратушының осындай керемет сыйына бөленген жан сарқылмас қазынаның үстінен түскендей болады. Әсіресе, адам баласы өзінің қимасын жоғалтып, жақсылыққа қол жеткізе алмаған кезде, жамандықтан да арыла алмай, алдағы күннің сәулесі өше бастаған шақта үміт – адам баласын әуелете тік көтеріп әкететін пырақтай. Үміт арқылы адам өзінің шамасы келмейтін нәрселерге қол жеткізеді.
Үміт сенімнен туындайды. Иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайды. Бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды. Үмітсіздік – үнсіз жұтатын ұйық іспетті. Адам қанша қарманбақ болса да, еш нәрсеге қол іліктіре алмай, батқан сайын бата түседі. Үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады. Үмітсіз – тек шайтан ғана.
Алла Тағала Құранда: «Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?», (Хижр, 56) – дейді. Мейірімі мол Алла Тағала басқа да аяттарда кешірімінің ерекше мол екендігін білдіріп, адам баласын үмітке шақырады. «Қоғам түзелгеннен кейін жер бетінде бүлік шығармаңдар. Үрей мен үміт арасында Аллаға жалбарыныңдар! Шын мәнінде, Алланың рақымы жақсыларға жақын» (Ағраф, 56) – делінген.
Үмітпен амал ету қорқынышпен амал еткеннен әлдеқайда абзал. Өйткені, Ұлы Жаратушыға ең жақын құлдар – Алла үшін ең сүйіктілер. Сүйіспеншілік қорқынышты емес, қайта үміттілікті арттырады. Біреуден қорқып жасаған қызмет пен көңіл сүйіп жасаған қызмет арасында үлкен айырмашылық бар. Сенің сүйіп қызмет еткен адамыңның алдындағы орның мен одан қорқып істегендегі мәртебең де сол сияқты. Яғни, Алла Тағаланың алдында да мәртебеңнің жоғары болуы үшін, Оған сүйіспеншілікпен мойынсыну – ең дұрысы. Адам баласы қаншалықты күнәкар болса да, ешқашан Алладан үмітін үзбеу керек. Өйткені, Алла Тағаланың өзі мына бір аятта: «Былай де: «Ей, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымдылығынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы әрі өте мейірімді»(Зумәр, 53) – деп, бізге бұйыру арқылы үмітсіздікке бой алдыруымызға тыйым салып тұр.
Шынында да, өмірде орны толмас қателікке бой алдырып, өкініштен өзегі өртенген жандарға осы бір аят үлкен үміт сыйлап, бақытқа жетуіне себеп болды. Тіпті, өзін күнәкар, кісәпір санап, иманға жақындай алмай жүрген пенделерге исламды қабылдатты. Айталық, Пайғамбарымыздың ең жақын сахабасы, «Алланың арыстаны» атанған хазірет Хамзаны шейіт қылған Уахшидің өзін, Алла елшісі (с.а.с.) бірнеше рет Құраннан аяттар жолдап, исламды қабылдауға шақырды. Алайда, Уахшиға жан сарайын кернеген үмітсіздік пен күдіктен арыла қою қиынға соқты. Ол пайғамбардың жақынын өз қолымен өлтіргені үшін бұдан былайғы уақытта өзін «кешірімге лайық емеспін» дегенге сендірген еді. Сол үшін де мұсылманшылықты қабылдауға тәуекел ете алмады. Пайғамбарымыз үшінші рет осы аятты жазып жібергенде ғана Уахшидің бойындағы кешірімге деген күдік-күмән сейіліп, көкірегіндегі үміт оты қайта маздап, мұсылмандықты қабылдады. (Саңлақ сахабалар, 146-б.) Мәңгілік үкімі өзгермейтін Құрандағы бұл аят бүгінгі адамдарға да үміт сыйлаумен қатар, келер ұрпаққа да үміт қайнары болмақ.
Күнә жасау – о бастан адам табиғатына тән құбылыс. Адам баласы «күнә жасап қойдым, енді мен адамдықтан сол күйі кеттім» деуі – Алланың Рахман, Рахим, Ғафур (тым кешірімді) сияқты сипаттарын жоққа шығару деген сөз.
Әлемге рақымдылық әкелген адамзаттың мақтанышы хазірет Мұхаммед (с.а.с.) те көптеген хадистерінде Алланың аса мейірімді, тым жарылқаушы екенін үмбетіне үйретуден жалықпаған. Қараңғылықтың қапасынан шыға алмай, ғұмырын жамандықпен өткізгендерге үміт шоғын сыйламаса, олар болашақтан қалай үміттенбек?! Сол себепті ғаламға рақымдылық әкелген соңғы елші айналасындағыларға үнемі үміт отын жағып, адамдардың өмірге деген құлшыныстарын арттырып отырды. Солай болғанда ғана адамдардың көкірегінде тумысынан бар адамгершілік сезімдері қайта оянып, исламның мейірім толы құшағын паналайды.
Үміт − Құдіреті шексіз Алла Тағаланың рақымдылық пен кешірімінің кеңдігіне сену. Алла Тағала Құранда: «Менің рақымым барлығын сыйдыратын өте кең» (Ағраф, 156) дейді. Ал Пайғамбарымыз бір құдси хадисте Алла Тағаланың мейірімі азабынан үстем екендігін айтады. (Бухари, Тәухид, 15,22; Муслим, Тәубә, 14) Тіпті, шайтанның өзінің ақиретте үміт етерліктей кең рақымынан үміт үзу – Алланың рақымдылығын жоққа шығарып, үміт сәулесін сөндіріп, үмітсіздікке түсу кешірілмейтін күнә болса керек. Үміт – Алла жайлы жақсы ойда болуды білдіреді. Бұл жайлы екі жаһан сардары (с.а.с.) бір құдси хадисінде: «Құлым мен жайлы қалай ойласа, Мен оған солай қараймын» (Бухари, Таухид, 15;35; Муслим, Зикр 2, (2675), Тәубә, (2675)),-деген.
Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Қиямет күні Алла Тағала ешкімнің ойына келмеген жалпыға тән кешірімін жариялайды, тіпті, шайтанның өзі осы кешірімнен маған да үлес тиер ме екен деп үміттенеді» дейді, (Ибн Әбуд-Дуния Ибн Мәсудтан риуаят еткен Ихя, 4/1, 278 б7)- дейді. Адамдар түстерінде тақуалығымен аты шыққан ғалым Әбу Сәһілді ерекше нығметке бөленгенін көріп, мұның мәнісін сұрағанда: «Раббым жайлы жақсы пікірде болғанның жемісі» деген екен. Демек, үміт − Алланың рақымдылығын төгу үшін бір себеп болса, жақсы-жаман қай жағдайда болмасын бұл себептен қол үзбеу керек.
Әнастан жеткен бір хадисте: «Алланың елшісі (с.а.с.) өлім аузында жатқан жас жігіттің қасына барып одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?»– деп сұрады. Ол: «Уа, Расулаллаһ! Аллаһтың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын»,- деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Осындай жағдайда бір құлдың жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Аллаһ үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды» (Тирмизи, Жанаиз, 11, (983); Ибн Мәжә, Зуһд, 31 (4261)),- деген.
Хазірет Бара: «Алла Расулы былай деді: «Жатар кезде мына дұғаны оқы: «Аллаһым, нәпсімді өзіңе тапсырдым, бетімді саған бұрдым, істерімді саған аманат еттім, сені сүйеніш еттім. Сенің рақымыңнан үміт етемін, азабыңнан қорқамын. Сенің берер жазаңа қарсы тұрар Өзіңнен басқа жар болушы әрі құтқарушы ешкім жоқ. Түсірген Кітабыңа, жіберген пайғамбарыңа иман келтірдім». Егер осы дұғаны оқып жатқан күні өлер болсаң, онда мұсылман болып өлесің, егер келесі таңға аман-есен жетсең, жақсылық табасың». Имам Ғазали өз кітабында үміт етуге байланысты көптеген риуаяттар келтіреді: Алла Тағала Дәуіт пайғамбарға:
– Ей, Дәуіт! Мені сүй. Мені сүйгендерді сүй және құлдарыма мені сүйдір, құлдарым мені жақсы көрсін, – деп әмір бергенде, Дәуіт пайғамбар:
– Бұны қалай жүзеге асырайын? – деп сұрайды. Алла:
– Сен Мені жақсылап зікір ет. Менің нығметтерім мен жақсылықтарымды олардың есіне сал. Олар менен тек жақсылық күтсін, – деген екен.
Яхия ибн Әксәм деген кісі қайтыс болғаннан кейін оны бір кісі түсінде көреді. Ол кісі Яхиядан:
– Алла Тағала сені қалай қарсы алды? – деп сұрағанда, ол:
– Алла Тағаланың құзырына барғанда Алла: «Ей, күнәкар адам, неге мынаны-мынаны жасадың?» деді. Сол кезде мені керемет бір қорқыныш биледі. Мен:
– О, Раббым, Сені маған бұлай деп танытпаған еді, – дедім. Алла:
– Қалай танытқан еді? – деп сұрады.
– Әбдурраззақ Әнәстан жеткізген бір хадисінде, Алла елшісінің Жебірейілден алған бір хабарында Сен: «Құлым мені қалай деп ойласа мен оған сондай қатынас жасаймын» деген едің. Сен жайлы мені азаптамайды деп үміт еткен болатынмын,– дедім. Бұны естіген Алла Тағала:
– Жебірейіл, пайғамбар және бұл хадисті жеткізген басқа рауилар (хадисті жеткізушілер) дұрыс айтты. Сен де дұрыс айтасың», – деді. (Ғазали, Ихя, 4/1, 266-267 б.)
Отқа табынушы бір кісі Ибраһимге (а.с.) қонақ болуды қалайды. Ибраһим пайғамбар оған, егер де исламды қабылдайтын болса, қонақ қылатынын айтады. Отқа табынушы бұл шартқа келіспей, ренжіп кетіп қалады. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға:
– Ей, Ибраһим! Бір құлым дінін өзгертпейді екен деп неге оны қонақ етпедің? Алайда, жетпіс жыл бойы ол мені танымаса да оған ризығын үзбей беріп келемін. Бір түн оны қонақ етсең өзің үшін қайырлы болар еді, – деп уахи етті. Бұны естіген Ибраһим (а.с.) отқа табынушыны іздестіріп тауып, қонақ қылады. Әлгі отқа табынушы одан: «Көзқарасыңды өзгертуге не себеп болды?» – деп сұрағанда, Ибраһим (а.с.) мән-жайды баяндайды. Бұған таңғалған отқа табынушы: «Шынында, Аллаһ Тағала маған осылай қарай ма? (Қандай мейірімді Жаратушы. Өзіне дұшпан болсам да досына мен үшін ескерту жасайды?!) Олай болса, маған исламды үйрет» – деп мұсылман болған екен. (Қушайри, 224-225 б., Ғазали, Ихя, 4/1, 282-283 б.) Алайда, үміт пен үрейдің арасында да тепе-теңдік сақтау керек. Тек құлшылықпен Алланың рақымдылығынан үміттену қалайша дұрыс емес болса, «Алла кешірмейді» деп жұрттың берекесін алып, бала-шағаны, күнделікті тіршіліктің бәрін ысырып қойып, тек құлшылықпен айналысу да қате.
Негізі Ұлы Жаратушымыздың жаһаннамды дұшпандарына дайындап, онымен достарын қорқытқандығы Құранның «Зумар» сүресінің 16-аятында кездеседі. Тағы бір аятта: «Кәпірлер үшін дайындалған оттан сақтаныңдар» (Әли Имран, 131) ,-делінген.
Пайғамбарымыз: «Рақымы мол Аллаһ Өзінің ұлылығы мен рақымдылығы себепті жаһаннамды бір қамшы ретінде жаратқан, соның көмегімен Аллаһ құлдарын жаннатқа жетелейді» (Ибн Мажа, Ибн Омардан, Ихя, 4/1, 275 б.) деу арқылы, Аллаһтың бұл ісі Оның рақымдылығынан туындағанын көрсетеді.
Алла Тағаланың рақымдылығы жайлы бір хадисте: «Алла жаратылысты жаратпастан бұрын рақымдылықты өзіне жазды және «Расында, менің рақымдылығым қаһарымнан жоғары тұрады» (Бухари, Тәухид, 15,22; Муслим, Тәубә, 14) деген.
Ислам алып келген аса мейірімді, рақымшыл Алла түсінігін айқын көрсететін көптеген хадисті келтіруге болады:
«Құл бір күнә істеп артынан тәубе еткен кезде Алла Тағала періштелеріне «Құлыма қараңдар: күнә жасады, күнәсінің жазасын беруші және кешіруші Раббысының бар екенін біліп тәубеге келді. Куә болыңдар, оны кештім» дейді. (Бухари, Муслим, Ихя, 4/1, 273-б.)
«Егер сендер мүлде күнә жасамасаңдар, Алла Тағала басқаларды жаратады. Олар күнә жасайды, Алла оларды кешіреді». Басқаша айтқанда «Сізді жоқ қылып, басқа жаратылыстарды жаратады. Олар күнә жасайды. Аллаһ та оларды кешіреді. Өйткені, Алла – өте Жарылқаушы, аса Рақымдылық иесі».( Муслим, Тәубә, 9; (2748); Тирмизи, Дағауат, 105, (3533))
«Жанымды уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін, Алланың құлына деген мейірім-шапағаты бір ананың баласына деген мейірімділігінен сансыз есе үлкен». (Бухари, Муслим, Ихя, 4/1, 278-б.)
«Алла Тағаланың жүз рақымы бар. Тоқсан тоғызын өзінің жанында сақтап қойды. Дүниеге тек бір рақымын түсірді. Жаратылыстың бір-біріне деген мейірім-рақымы, ананың балаға деген мейірімі, жануарлардың өз төлдерін бауырына басуының бәрі осы бір рақымның себебімен өрбиді. Қиямет болған кезде Ол бір рақымын тоқсан тоғызға қосып, жүз рақымдылық етіп шашады. Әрбір рақымдылығы жер мен көктің кеңдігіндей. Ол күні тек қана шынайы мағынада жазаға лайық болғандар құрдымға кетеді». (Бухари, Әдәб, 19; Муслим, 17 (2752)) Адамға үміт сыйлайтын бұдан да басқа хадистер мен аяттар көп. Алайда, Алланың рақымына жеңіл-желпі қарауға болмайды.
Осы тұста Жаратушы рақымының кеңдігі жайлы мына бір оқиғаны да айта кеткен жөн. Омар ибн Хаттабтың айтуы бойынша: Алла елшісінің алдына бір топ тұтқын әкелінді. Араларында бір әйел бар еді. Әйел шарқ ұрып біреуді іздеп әлек. Өз баласын тапқанда барып, аналық мейірімін төге айналып-толғанып мауқын басты. Іле-шала оны көкірегіне қатты қысып, құшақтап емізді. Осы бір көрініске қасындағылардың назарын аудартқан Алла елшісі:
– Мына ананың өз баласын отқа қиюы мүмкін бе? – деп сұрады. Біз жарыса:
– Жоқ, – дедік.
Сонда Пайғамбарымыз: – Ендеше, Алланың құлдарына деген рақымдылығы, бұл әйелдің баласына деген аналық мейірімінен де сансыз көп, – деген болатын. (Бухари, Әдәб, 18; Муслим, Тәубә, 22 (2754))
Әбу Һурайра Пайғамбарымыздың:
«Мүміндер Алланың жазасын білсе, ешбірі жаннатты үміт ете алмас еді. Кәпірлер Алланың рақымын білсе, ешбірі жұмақтан үміт үзбес еді»,( Муслим, Китабут-тәубә, 2755)-дегенін жеткізген.
Газзада өмірінің соңғы сәттерін өткізіп жатқан ғұлама Имам Шафиидің үміт жайлы айтқан ғибратты сөздері де кісіге ой саларлық. Ол: «Жүрегім қатайып, жолдарымның астаң-кестеңі шыққан шақта үмітімді кешіріміңе баспалдақ қып төседім... Күнәларым көз алдымда қанша ұлғайғанмен Сенің кешіріміңнің қасында түкке тұрмайтынын білдім, бәрібір кешіріміңнің көз жетпес кең екенін көрдім»,- деген. Ол «Адам бойында жас кезде үрей, қартайғанда үміт басым болу керек» деген мәні терең һәм ғибратты тұжырым айтқан. (Ғазали, Мукашафатуль-қулуб)
Қазіргі уақытта үміт пен үрей мәселесінде тепе-теңдіктің аса сақтала бермейтіндігі шындық. Осы тұста, бір өкініштісі, халықты иманға шақырушылардың көпшілігі қателікке бой ұрып жатады. Олар тек жаһаннамды ғана тілге тиек етіп, үмітсіздікке салса, кейде бірыңғай жаннатты айтып адам бойына шектен тыс сенімділік ұялатады. Алайда, адам баласы өз міндетін мүлтіксіз атқаруға тырысуы қажет. Сондай-ақ, жасаған құлшылығының Аллаһтың берген нығметтерін өтеу үшін жеткілікті емес екенін есіне алуы керек. Өйткені, адам баласы тек қана амалдарымен құтыла алмайды.
Пайғамбарымыз бірде: – Ешкім істеген амалымен ақиретте құтыла алмайды, – дейді. Мұны естіген сахабалар шошына: – Сен ше пайғамбарым? Сен де амалыңмен құтыла алмайсың ба? – деп сұрайды. Сонда Екі дүние нұры (с.а.с.): – Иә. Егер Алланың мейірімі мен кеңшілігі болмаса, мен де құтыла алмаймын, – деген.
Шын мәнінде, адам баласы қанша жанын салып тырысқанмен, Алланың берген нығметтерін өтеуі мүмкін емес. Мысалы, бір жылда 365-366 күн, 12 ай, 30 күн, бір күнде 24 сағат бар. Егер кісі бір сағатта бір күнә жасаса, бір күнде қанша күнә жасайды. Егер адам елу жыл өмір сүрер болса, оның күнәсі де сонша есе өсе түспек. Алайда, жақсылықтарын санаса айтар ауызға ұят, өйткені, тым аз. Олай болса, адамның Алланың рақымынан үміт етуден басқа амалы қалмайды.
«Ол күні ешкім ешкімге пайда тигізе алмайды. Сол күні барлық іс пен бұйрық Аллаға ғана тән». (Инфитар,19)
Осы бір есеп күнін суреттеген аятқа көзі түскен ақиқатқа көкірегі ояу, көзі ашық, тақуа кісі «маған осы аят-ақ жеткілікті» деген екен. Яғни, қияметте берілетін бар үкім Аллаға ғана тән екендігін естуі оның жүрегіне өшпес үміт сыйлаған. Өйткені, Алла тым мейірімді, аса рақымды. Бұған қоса, Алланың ақиретте беретін мәңгілік нығметтерін ойлайтын болсақ, әрине, біз мынау өткінші де қысқа ғұмырымызда оны өтей алмаймыз. Тіпті, әр тыныс алған сайын шүкіршілік жасап, құлдық ұруымыз қажет. Өйткені, тынысты ішке алып, оны сыртқа қайта шығара алмауымыз да мүмкін ғой. Әр демімізді алған сайын Алла бізге өмір сыйлауда. Сөйте тұра, Алла Тағала бір күнәға бір ғана күнә жазса, сауаптарды жетіден жеті жүзге дейін, тіпті одан да көп етіп еселейді. Бұл Оның ерекше мейірімі мен рақымдылығын танытқан үстіне таныта түскені болса керек. Оның бізге берген нығметтері тіпті шексіз. Алайда, шамасын білмеген кейбіреулердің: «Ешқандай да күнәм жоқ, жастайымнан намаз оқимын, ораза ұстаймын, жаннатқа барарым анық, маған ешқандай жаза берілмейді» деп паңдануы – Алла Тағаланың құдіретіне деген тәрбиесіздігі мен көргенсіздігі. Сонымен қатар, өмірден түңіліп, «Менен түк шықпайды. Қазірге дейін ешбір іліп-алар жақсылығым болған емес. Бәрібір барар жерім – тозақ. Олай болса, неге тырысамын, осы құрығаным құрыған» деп үмітсіздікке салынуы да мейірімі мен мейірбандығы мол Ұлы Жаратушыны жете танымаудың белгісі.
Үміт артудың да өзіндік шарттары бар. Бұл шарттар орындалмаса, ол үміт артудан гөрі ақымақтыққа жақын болады. Құлдың Алланың рақымынан үміт етуі, егін салған егіншінің жағдайына ұқсас. Диқан әуелі құнарлы жер таңдайды. Жақсы тұқым егеді. Оны уақытында суғарып, баптайды. Егіні бітік шығуы үшін арам шөптерін жұлады. Содан кейін барып, әртүрлі апаттан сақтасын деп Алла Тағаладан еңбегінің тілеуін тілейді. Әйтпесе, құнарсыз тастақ жерге дән сеуіп, мол өнім күту − ақымақтық. Бір ақын «Ақирет азабынан құтылуды үміт етесің, бірақ, құтылатын жолмен жүрмейсің. Алайда кеме құрғақ жерде жүзбейді» (Ғазали, Ихя, 4/1, 262 б.) дейді.
Келешекке үмітсіздік танытып, күмәнмен қараған адам қоғамдық пайдадан гөрі қара басының қамын көбірек күйттейді. Әркім тек жеке басының пайдасын ғана көздесе, ол қоғамда түрлі заңсыздықтар мен зұлымдықтардың кең етек жаяры сөзсіз. Әсіресе, бүгінгі таңда өмірдегі өз жолынан адасқан адамдарға жөн сілтеп, үкілі үміт сыйлау, өмірге деген құлшынысын арттыру ауадай қажет.
Нағыз үміт – Жаратушының ұлылығы мен рақымдылығының алдында күнә жасауды ар санау, ал үрей − Алла Тағаланың мейірімінен тыс қалып, азабы мен қаһарына ұшыраудан қорқып, рұқсат етілген күннің өзінде кейбір істен жүрексіне бас тарту. Үрейлену ерік-сезімнің ырқына жығылар тұста бойды тежеп, адамды асыра сілтеушілікке ұрындырмайды. Қиналған сәттерде үмітті пырақ ету – адам өмірін реттейтін басты жолдардың бірі.
Үміт пен үрей құстың қос қанаты тәрізді. Егер екеуі тең болса, онда құстың самғауы да үйлесімді болмақ. Сондықтан бұл дүниеде тепе-теңдік сақтауда адам баласына үміт пен үрейдің екеуі де аса қажет. Міне, күнәлардан сақтана отырып Алладан жәрдем күту, ізгілік пен жақсылық жолында барын сала отырып, Хақ Тағала рақымының кеңдігін ойлау, тура жолдан таймау шынайы үміт өлшемдеріне жатады. Керісінше, еш амал етпестен жақсылық күту, өмір бойы күнә жасағанына қарамастан Алладан кешірім дәмету – жарамсақ, жалған үмітке жатады. Бұл, Жаратушының рахман әрі рахим құдіретіне деген үлкен әдепсіздік болып саналады.
Хауф (арапшада қорқу, үрейлену, түршігу) – сөзінің терминдік мағынасы шариғаттық тұрғыдан харам емес, бірақ жеңіл тыйым салынған нәрселердің өзінен бас тарту. Былайша айтқанда, жалған үмітке иек артып дандайсып кетпеу, не болмаса тым күйзеліп, үмітсіздікке салынбау. Қушайридің пайымдауынша, хауф – руханият әлеміне сапар шеккен жолаушының Алла Тағала ұнатпайтын қылықтардан бойын аулақ ұстап сақтануын қадағалайтын ішкі дүниесіндегі бақылаушы сезім. «Мүмін күнәларын (ойша үлкейтіп) былайша елестетеді: Ол мүмін бейнебір таудың етегінде отырып, сол тау өзіне құлап кететіндей шошынады. Надан кісі күнәларына мұрнының үстіне қонған ширкей тәрізді немқұрайлы қарайды». Құран Кәрімде адамның екі аяғын тең басуы үшін мынадай аяттар келтірілген: «Еш күтпеген нәрселері Алла Тағала тарапынан оларға көрсетілді». (Зумәр, 47)
«Сендерге амалдары тұрғысынан үлкен зиянға ұшыраушылар жайында хабар берейін бе?», – де. Олар дүниедегі амалдары зая кеткендер, өздерін «шынында біз жақсы іс істедік» деп ойлайды». (Кәһф, 103-104)
Алла Тағала құлын өз құзырында жоғары мәртебеге жеткізуде қорқыныш пен үрейді бір қамшы ретінде қолданған. Бұл қамшы жай қамшы емес. Ол анасының баласына ұрысқанындай, баланы анасының мейірім толы құшағына тартқанындай пендені иләһи рақымдылықтың кеңдігіне тартады. Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды. Сол себепті Құрандағы адам көңілінің астаң-кестеңін шығарып, жүрегіне қорқыныш ұялататын әмір, тыйым, бұйрықтар дұрыс жол сілтеумен қатар әрі рақымға толы қуаныш сыйлайды.
Алладан ғана қорқу пендені одан тыс жоқтан өзгеден қорқудан арылтады. Құранда Жаратушымыз: «Егер шынайы мүмін болсаңдар, олардан қорықпаңдар, тек менен ғана қорқыңдар» (Әли Имран, 175) деу арқылы шынайы мүміннің тек қана Алладан қорқатынын, түптеп келгенде қорқудың да иманнан екенін ұқтырады. Адам бойындағы қорқыныш сезімін жан-жаққа ыдыратпай бір ғана Аллаһқа бағыттайтын аятта: «Тек қана менен қорқыңдар» (Бақара, 40) десе, тағы бір аятта: «Олар қорқып әрі дұғаларының қабыл болуын үміт етіп, Раббыларынан тілек тілейді» (Сәжде, 16) – деп, Аллаһтан қорыққан құлдарды мақтайды. Өйткені, үнемі күнә-кінәларын ойлап, жүрегі лүпілдеп, Жаратқаннан қорқып жүрген пенде әр қадамын аңдап басып, аңдаусызда омақаса орға жығылмас үшін сақтығын күшейтеді.
Хазірет Айша анамыз (р.а.): – Уа, Расулаллаһ! «Раббыларына оралатындықтарына сенгендіктен жүректерін қорқыныш-үрей билеп, мал-мүліктерін Алла жолында жұмсағандар» (Муминун, 60) деген аят кімдерді меңзейді? Арақ ішіп, зина, ұрлық жасағандарға ма? – деп сұрағанда, оның мәнісін Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жоқ, бұл ораза ұстап, намаз оқып, садақа және зекет бергендер, бірақ соған қарамастан «бұл жасағандарымызды Ол қабыл етеді ме, жоқ, қабылдамай тастайды ма», деп қорыққандар жайлы» деп түсіндірген. (Тирмизи, Тафсируль-Қуран, 24)
Әбул Қасым Хаким: «Бір нәрседен қорыққан адам одан қашады. Ал, ұлы әрі мәртебесі жоғары Алладан қорыққан адам, керісінше, соның өзіне қарай жүгіреді (соны паналайды)»,- дейді. Муаз ибн Жәбәл: «Жаһаннам көпірінен аман-есен өтпейінше, мүміннің жүрегі орнына түспейді, қорқынышы басылмайды» (Қушайри, 218-б.) деп айтқан.
Үрей адамның нәпсіқұмарлығын тежеп, шәһуатты сезімдерін тыяды. Ішінде у бар екенін білген адам балдан қалай тыжырына бет бұрса, жүрегін қорқыныш билеген адам да ар-ұят әдебінен аспай, нәпсінің жамандықты қалауынан жиреніп тұрады. Адам қанында ойнақ салған нәпсіқұмарлықты Алладан Тағаладан қорқу мен тозақ азабының үрейі ғана тежей алады. Үрей жамандықтан тыйып, жақсылыққа жетелейді. Егер жамандықтан тыймаса, оны қорқынышқа жатқызуға болмайды. Алайда, қорқуда да теңдікті сақтай білген абзал. Адамды жақсылық жасауға жетелейтін қорқыныш қана – нағыз қорқыныш.
Алланың құдіретінен қорқу – шын мәнінде Алланы танудың жемісі, шынайы құл мен пайғамбар ерекшелігі. Олардың көкірегінде үнемі осы сезім жоғары тұрады. Алла Тағаланың құдіретінің шексіздігіне көз жіберіп, жүректерінде қорқыныш сезім орнығады.
Айша анамыздың (р.а.) жеткізген бір хадисінде «Ауа райы демде құбылып, жел соға бастаған кезде Алла елшісінің реңі өзгеріп, бір орнында байыз таппай ерсілі-қарсылы адымдап, үйге бір кіріп, бір шығыпты. Айша анамыз: «Уа, Алланың елшісі, жұрт күн бұлттанғанда жаңбыр жауар ма екен деп үміттеніп қуанушы еді, алайда, сіздің қобалжығаныңызды жүзіңізден байқаймын, бұның себебі неде?» дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «О, Айша! Ол бұлтта азаптың жоқ екеніне кім кепілдік бере алады? Алайда, ертедегі бір халық осы желмен азапқа душар болған-ды. Ол қауым азап келместен бұрын «бұл жел бізге жаңбыр әкеледі» деген болатын» (Хадис ансиклопедиси, 5 т., 317-318 б.) дейді. Оның бұл халі Алланың адамдарға жіберетін азабынан қорыққандығынан еді. Әнастан келген бір хадисте Пайғамбарымыз Жебірейілге былайша сауал қояды:
– Ей, Жебірейіл! Микаил періштеге не болған? Оның күлгенін еш көрмеймін. Сонда Жебірейіл:
– Иә, жаһаннам жаратылғалы бері Микаил еш күлмеді, – деп жауап берген болатын. (Ғазали, Ихя, 4/1, 332 б.)
Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «...Егер менің білгендерімді білсеңдер аз күліп, көп жылар едіңдер...» (Бухари, 210/7; Муслим, Фадаилун-нәби, 2359) дейді.
Екінші халифа, әділдіктің символы, Пайғамбарымыздың «менен кейін пайғамбар келсе, ол Омар болар еді» деген хазірет Омардың да қорқынышы ерекше еді.
Бір күні ол бір сахабаның үйінің қасынан өтіп бара жатып, оның намазда «Тур» сүресін оқып тұрғанын құлағы шалды. Әлгі сахаба: «Еш күмәнсіз, Раббыңның азабы болады. Оған тосқауыл боларлық ешкім жоқ» (Тур, 7-8) деген аятты оқығанын естіген Омар, дуалға сүйеніп, өз-өзіне келе алмай тұрып қалады. Осы аяттан қатты әсерленген ол бір ай бойы төсектен тұра алмайды. Көңілін сұрай келгендердің ешбірі оның жанына жұбаныш бола алмай, ішкі дертінің не екенін сол күйі ұқпай кетеді.
Абдуллаһ ибн Аббас: «Олардың жүрегі қорқыныш қанжарымен жараланған, көздері үнемі мөлтілдеген жасқа толы. Олар: «өлім аузын ашып күтіп, мазар алдымызда қолын жайып, кел-келдеп тұрғанда, қиямет бәріміздің ортақ жиналатын, жаһаннам бәріміздің басып өтер жеріміз. Раббымыз Алла Тағаланың алдында жауапқа тартылатынымызды біле тұра, қалайша масайрап қуанамыз?!» (Ғазали, Ихя, 4/1, 337-339 б.) деген, Алладан шын қорқатын мүміндердің асыл үрейін айтады.
«Ол күні берілген нығметтерден міндетті түрде сұраққа тартыласыңдар» (Тәкәсур, 8) деген аятты оқыған сайын Пайғамбарымыздың жылауы қабір азабын көпшіліктің сезе бермейтіндігін, арғы дүниедегі азаптың ауыр болатындығын терең білгендігінен болар. Мінеки, пайғамбарлардың, періштелердің және Алланы жақсы танып білген сахаба, әулиелердің жағдайы осындай болса, біз сияқты қарапайым адамдардың жағдайы қандай болмақ?!
Көзі тірісінде жаннатпен сүйіншіленген сахабалардың өздері Хақ Тағаланың рақымдылығына масайрап кетпей, өмірлерін «ақиретте жағдайымыз қалай болар екен?» деген үреймен өткізген. Қорқыныштың адам баласына беретін пайдалары жайлы көптеген аяттар бар. Осы қасиет арқылы, жаннаттық дәрежелерге қол жеткізетіндіктерін, оларға тура жол, рақымдылық, ілім мен разылықтың бар екеніне назар аудартады. «Ағраф» сүресінің 154-аятында «Раббыларынан қорыққандарға тура жол мен рақымдылық бар» делінсе, «Бәиина» сүресінің 8-аятында: «Алла олардан разы, олар да Алладан разы болды. Міне, осы сый-сыяпат Алладан қорыққандар үшін» деу арқылы қорқудың пайдаларын көрсетеді. «Алла Тағаланың алдында ең ардақтыларың – Одан ең көп қорыққандарың» (Хужурат, 13) делінеді.
Пайғамбарымыз: «Сүттің өзі шыққан желінге қайта кірмейтіні сияқты, Алладан қорқып жылаған көз де жаһаннамды көрмейді. Алла жолында жиһад жасағандардың мұрындарына кірген тозаң мен жаһаннамның түтіні бір жерде болмайды» (Тирмизи, Зуһд,8; Насаи, Жиһад, 8),-деген.
Қиямет күні Алла Тағаланың аршының көлеңкесін паналайтын жеті топ жайлы көпшілікке мәлім хадисте осы топқа кіретіндердің бірі – Алладан қорқып көз жасын төккендер екені айтылады. (Бухари, Бабус-садақа бил-иамин. Муслим, Бабу ихфаус-садақа.) Ақиретте жаһаннам отын сөндіретін ең күшті құрал – осы көз жасы.
Пайғамбарымыз Ибн Мәсғудқа айтқан бір өсиетінде: «Егер маған қауышуды қаласаң, менен кейін қорқуды көбейт», – дейді. Имам Шибли: «Қай кезде Аллаһтан қорықсам, бұдан бұрын ешқашан көрмеген ғибрат пен хикмет есігінің ашылғанын көрдім» дейді. Зун-Нун: «Алладан қорыққан адамның жүрегі жібіп, Оған деген сүйіспеншілігі көбейеді. Ой-ниеті түзу болады» (Ғазали, Ихя, 4/1, 297-298 б.) дейді.
Қорқу мен үміттің тепе-теңдігін сақтай білу аса маңызды. Егер жүректе Алланың азабын елемейтін паңдық сезім басым болса оны қорқынышпен, егер Алланың рақымы мен мейіріміне деген үмітсіздік басым тұрса, оны иләһи үмітпен емдеу керек.
Адамды ажал жастығына бас қойғанға дейін қорқыныш пен үрей билеп, ал өлім төсегінде үміт пен жақсы ой үстем болуы керек. Өйткені, алдыңғы қорқыныш сезімі адамды жақсы амал жасауға жетелейді. Ал өлім аузында жатқанда амал жасау мүмкіндігі қалмайды. Қорқыныш ырық бермей кеткен бұл сәтте үміт жүрекке қуат береді де пенденің Алла Тағаламен байланысы арта түседі. Сол себепті өлім төсегінде жатқан адамдарға жүрегіне үміт сыйлар жақсы сөздер айтылады, Алланың шексіз рақымы мен мейірімі еске түсіріледі. Пайғамбарымыз бұл жайлы: «Көз жұмарда міндетті түрде Алла жайлы жақсы ойда болып жан тапсырыңдар»,- деген. (Муслим, Жабирден риуаят еткен, Ғазали, Ихя,4/1, 264 б.) Бұл хадисті Алла Тағаланың шынайы құлдары өле-өлгенше өміріне арқау еткен. Мысалы, Сүлеймен Тәйми өлім төсегінде жатқан кезде баласына «Балам, маған Алла Тағаланың рұқсат берген нәрселері жайлы және Оның рақымдылығынан үміт ету жайлы көбірек айт, осы сеніммен Жаратқан Иеме қауышайын» десе, Ахмәд ибн Ханбәл ұлына «Маған жақсы ниетте болу мен үміт ұялататын сөздерді көбірек еске түсір» деген. (Ғазали, Ихя, 4/1, 307)
Әділ халифа хазірет Омар: «Бір адамның жаннатқа, қалғандарының тозаққа кететінін білсем, жаннаттық адам мен емес пе екем деп үміттенемін. Бір адамның тозаққа, қалғандарының тегіс жұмаққа баратынын білсем, тозақтық сол адам тағы да мен емес пе екем деп қорқамын» деген сыры терең, сыны биік сөздері барлығымызға ой салса керек. (Саңлақ сахабалар, 58-б.)