Қалыптасқан әдет бойынша аудандық «Қордай» мешітінің бас имамы Дәуренбек Жандосұлы әскери қызметкерлермен кезекті кездесу өткізді.
Келелі кездесу ҚР ҚМ Отар 40-шы әскери базасының жаңадан ант қабылдауға дайындық үстіндегі 1000-ға жуық жас сарбаздармен өтті. Кездесу тақырыбы Дін, Отан және әскер тақырып аясында болды. Алғашқы сөз дін маманы Д.Жандосұлына берілді. Бас имам өз баяндамасында дін жайлы жалпылама түсінік беріп, Ислам дінінің ел тарихындағы ерекше орнын атап өтіп, салт-дәстүрмен сабақтаса білген ата дін құндылықтарын паш етті. Кездесу барысында әрине кейінгі кездерде өзекті болып табылған жат ағымдар жайлы да сөз қозғалды. Д.Жандосұлы жат ағымдардың құрбаны болғандардың іс-әрекеттері жайлы, олардың өз қақпандарына түсіру мақсатында жасалынып жатқан әрекеттеріне тоқталып өтті. Негізгі ерекшеліктерін тізбектеп, теологиялық қателіктерін атап өтті.
Сарбаздар арасында орын алатын суицид тақырыбында да уағыз атып, дәлелдерді дініміз бен дәстүріміздің құндылықтарымен ұштастыра білді. Жиналған азаматтардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Әскери база басшылығы дін маманына, кәсіби әскердің рухани болмысына оң әсер ететін осындай жиындарға белсенді қатысқанына алғысын айтып, жиі қонақ болуға шақырды.
«Қордай» мешітінің Баспасөз қызметі