Құлшылық құндылығы

Құлшылық құндылығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да қатысқан «Затур-Риқа» соғысында шайпауыздығына басып, ерінен қалыспай соғысқа келген бір мүшрік әйелді мұсылмандардың біреуі жер құштырды. Әйелін кімнің өлтіргенін жазбай танып қалған күйеуі, сол мұсылманды өлтірмей тынбайтындығын айтып, өз-өзіне іштей ант берді.

Соғыс біткеннен кейін де мұсылман жасағының қай жерге тоқтайтынын байқамақ болып, іздерін қуалай жүріп отырды. Алла елшісі сол түнгі қонатын жерді белгілеп: – Осы түні бізді қорғап күзетте кім тұрады? – деп сұрағанда, мұһажир мен әнсардан екі кісі суырыла алға шықты. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға: – Онда мына сайдың шыға берісінде тұрыңдар, – деп күзет үшін оңтайлы орынды көрсетті.

Бұл екі ықыласты сарбаз: Аммар ибн Ясир мен Аббад ибн Бишр еді. Түн қараңғылығы басып күзет кезегіне тұрарда әнсарлық Аббад мұһажирлік Аммарға қарап: – Түннің қай шамасында күзетте тұрғың келеді?- деп сұрады. Ол өзінің тап қазірден бастап түннің ортасына дейін тұрғысы келетіндігін айтты. Екеуара келіскеннен кейін мұһажир сарбаз өз кезегі келгенге дейін аздап көз шырымын алмақ болып ұйықтап кетті.

Ал әнсарлық сарбаз болса күзеттегі уақытты босқа өткізбейін деп намаз оқи бастады. Дәл осы сәт соғыста жер жастанған әйелінің өшін алмақ болып іздерінен қалмай келе жатқан мүшрік бұқпантайлап келіп намазда тұрған сахабаға садақтан оқ ысқырта бастады. Ал намаз оқып тұрған сахаба бол- са үш оқ тигенге дейін намазын бұза қоймады. Алайда үшінші оқ қадалғанда қатты жараланды.

Дереу руку, сәждасын орындап, сәлемін беріп намазын аяқтады да: – Тұр, тұр енді, мен жараланып қалдым, қимыл көрсете алар емеспін! – деп қасындағы жолдасын оят- ты. Жолдасы орнынан атып тұрғанда дұшпан қорқып жылыстап жөнелді. Жолдасының қатты жараланғанын көргенде мұһажир досы таңғала сұрады: – Алғашқы оқ тие салысымен мені бірден оятпағаның не?

Алайда әнсарлық сахабаның берген жауабы да таңғаларлық еді. Ол: – Оқып тұрған сүремді ортасынан үзе алмадым. Егер Пайғамбарымыз табыстаған күзетшілігімізге кесірі тимейтін болғанда, жаным шығып кетсе де мен ол сүрені тоқтатпас едім!.. – деген еді8 . Иә, сахабалар ғибадатқа осыншалықты құштар болатын.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: