Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, Һибатулла Тарази мешітінің бас имамы Данияр Әлимұхаммедұлы Жұмабаевпен эксклюзивті сұхбат.
— Сіз Әулиеата өңіріне қызметке келгелі бері қандай айтарлықтай өзгерістер орын алды? Жалпы қандай жұмыстар қолға алынып, іске асуда?
– Бисмиллахи рахмани’р рахим, Рамазан бұл жалпы бар ізгіліктің біздерге мүмкіндік беретін айы. Əрбір адам баласы, жақсылық жасаймын деген кез-келген еліміздің азаматы осы рамазан айында бар жақсылық жасауға, сауапты іс жинауға, қайырымдылық іс істеуге əбден мүмкін. Сол үшін бұл айды мүмкіндік айы деп айтып жатады ғой. Рамазан – мүмкіндік айы, күнəларымыз кешірілетіндігі, Аллаға жақын болып, ораза ұстап, бірінші елге қоғамға сондай жақсы ізгі істер істейтін мүмкіндік айы. Енді Аллаға шүкір, кез-келген мешіт Рамазан айында халыққа үлкен қызмет жасайды. Ауызашардан бастап Тарауих намаздарына келіп жатқан жұртқа барлық мешіттер қызмет жасап, елдің ниетіне, ықыласына жараса, оларға бар мүмкіндік тудырып, құран бағыштап, дұға етіп, қызмет жасайтынын білесіздер. Енді бұл мешіттің жалпы қызметі бүгінгі таңда бес уақыт намаз оқып, жұма намазын, айт намазын оқу ғана емес, мешіт – рухани шаңырақ, рухани орталық болғаннан кейін, бүгінгі барлық қоғамдық шараларға белсене атсалысып жүр. Өздеріңізде шет жағасын көріп жүрсіздер. Қайырымдылық шаралар, оның ішінде зағиптарға, қараусыз қалған қарттарымызға, көп балалы отбасыларға, аз қамтылған отбасыларға жыл сайын мешіт тарапынан үлкен шаралар атқарылады. Биыл да бізге Рамазан айынан бері бүгінгі күнге дейін мешіт тарапынан көмек алғысы келетін тұрғындардан 300-ге жуық өтініштер келіп түсті. Барлық көмектер Рамазан айының соңына дейін және кейін де хаттардың барлығына, мұқтаж деген жандардың барлығына көмегімізді береміз. Халықтан жиналған пітір-садақаның барлығы сол бағытқа жұмсалады. Сонымен қатар, мешіттерде қазір ауызашарлар ұйымдастырылуда. Осы ауызашарларда біз өзіміздің диаспора өкілдерін, БАҚ өкілдерін шақырамыз. Сонымен қатар, осы жақында ғана ораза ұстаған зағип жандарға жақында ауызашар беріп, ізет құрмет жасадық. Алда Қадір түні, ораза айт келе жатыр. Бұл шаралардың бəрі алда жалғасын табады. Биыл халыққа елге қолайлы болу үшін көліктерді тегін жүргізу, қала ішінде, қала маңы мен аудан орталықтарына да тегін жүргізу сияқты шаралар ұйымдастырамыз. Былтырғы жылы айт күндері тұрғындар қоғамдық көліктерде тегін қатынаған болатын. Оның барлық қаражатын демеушілер арқылы, мешіттің мүмкіншілігі арқылы жасаймыз. Биыл да құдай қаласа сондай шараларды жоспарлап отырмыз. Тағы да атқарылып отырған үлкен шараның бірі –жаз кезінде бүлдіршіндеріміздің, мектеп жасындағы балаларымыздың демалысын пайдаланып рухани тəлім-тәрбие аясында имандылық сабақтарын өткіземіз. Рамазан айының басынан бастап балаларға түрлі сайыстар, спорттық жарыстар, түрлі іс-шаралар, түрлі деңгейдегі сұрақ-жауап сайыстарын ұйымдастыру жоспарда. Балалардың бəрі ата-аналардың өтінішімен, келісімімен қабылданды. Біздің облыстық мешіттің өзінде қазір 200-ге жуық бала оқытылып жатыр. Мектеп жасындағы балалар құран əліппесін, ата-анаға құрмет, тазалықтың не екенін, имандылық аясындағы дүниелерді бір айдың ішінде оқытамыз. Негізі екі кезеңнен оқытамыз. Бірінші кезең осы маусым айында, екінші кезең – шілде айында. Сонымен қатар біз мектеп жасындағы балаларды ғана емес, 18 бен 50 жас аралығындағы кісілерді Рамазан айында оқытуды қолға алдық. Ол тек Тараздың тұрғындары емес, шалғай алыс аудандардың азаматтарын да оқытамыз. Ол кісілер Рамазан айында осы медреседе арнайы жатын орындарымен қамтамасыз етіледі. Оларға сабақ алуға барлық жағдайлар жасалады. Арнайы ұстаздар бекітілген. Не үшін? Яғни діни білімдерін осы мешіттен алсын деген ниетімізден. Теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалмасын деген оймен, радикалды сəлəфитті көзқарастарға еріп кетпесін деп, алданып қалмасын деп дəстүрлі ислам дінінің аясында ұстаздарымыз сабақ беруде. Бұл шаралар пайдалы əрі нәтижелі болып жатыр. Көптеген азаматтарымыз қызығушылық танытып, қатары көбейіп жатыр. Біз енді барлығын жатын орынмен қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан қазір 30 адам білім алып жатыр. Биылғы жылы Алла тағаланың қолдауымен, жыл сайынғы дəстүр бойынша ораза кезінде мешіттерде тəрәбі намазы оқылып, қатым құран түсіріледі. Қатым құран оқылған жерге құт береке, жақсылық келеді. Құранның үні естілген жерге кесапат азғындағыш деген болмайды. Қазір облыстың барлық аудан орталықтарында, аймақтағы мешіттерде қатым құран түсірілуде. Мақсат елге халыққа дұға жасау, ата-баба рухына құран бағыштау. Жалпы қазір барлық аудан орталықтарына, облыстарға арнайы қари алдырып, көбіне Түркия мемлекетінен келіп мешіттерде қатым құран түсіріп жатыр. Биыл алғаш реет облыста 33 мешітте қатым құран түсіріліп жатыр.
– Бүгінгі күні аймақта қанша мешіт бар?
– Облысымызда қазіргі таңда соңғы тіркелген нəтиже бойынша, ресми куəлігі бар мешіттер саны 288-ді құрап отыр.
– Данияр аға, сіздің имамдыққа келуіңіздің басты себебі неде?
– Имамдылық қызмет менің ойымша үлкен жауапкершілікті, білімді қажет етеді. Жалпы осы қызметке келгеннен кейін жан-жақты, парасатты, төзімді бола білу керек. Ең бастысы, имам болғаннан кейін адамның бойындағы бүгінгі таңдағы керек нəрсе қоғаммен етене араласып жұмыс жасауың шарт. Яғни қоғамның барлық ішкі жағдайларының басы қасында имам жүріп, қызмет жасауы тиіс. Əрине, бұл қызметті ешкім имам боламын деп арнайы ілім алмайды ғой, дінде ілімді Алла тағала ақ пен қараны ажырату үшін, құран аяттарын, пайғамбар өсиеттерін бойға сіңіру үшін, бұл дүниеміздің, ахиретіміздің бақыты үшін алады. Алла Тағала діни ілімді алуда осы имамдық қызметті нəсіп етті. Бұл да жаңа айтқандай Алламыз бізге бұл қызметті сынап беріп отыр, əрі осы қызметті абыройлы болсын деп беріп отыр. Мен осы қызметті 15 жылдан бері атқарып жүрмін. Соның соңғы 6 жылын осы облыста өткізудемін. Үлкен мүфти қазіретіміз осы үлкен жауапты қызметті сеніп тапсырғаннан кейін барынша асыл дінімізге пайғамбарымыз айтқан өсиетін қағида етіп ұстанамын. Халыққа керемет бір пайдам тимесе де, зияным тимесін. Əрине біздерден де мықты, біздерден де білімді, қоғамда басқара алатын асыл адамдар көп. Бірақ Алла тағала соның ішінде өзінің қалағанын таңдап қояды дейді ғой. Бізді осы қызметке таңдағаннан кейін барынша халыққа, елге зиянымыз тимесін, халыққа зиянымыз тимегесін бір имамға, бір дін қызметкеріне айтылған «ондай екен, сондай екен» деген сөздерінің біздің қаншама жасап жатқан тірлігімізге зияны тиеді. Өйткені, біздің қоғамымызды қазіргі таңда білесіздер, əртүрлі сындар болып жатады. Дінге қатысты, имамдарымызға қатысты. Дін қызметкері менің ойымша, халықтың, елдің дінге деген көзқарасын оң қалыптастырып, халық имамдарымызды көргенде дініміздің көрінісін көргенде «дін деген осы екен ғой» деген сияқты күйде болуы керек. Сол үшін мен ойлаймын, менің бағытым да, ұстанымым да сол, барынша осы дінде шамамыз келгенше халықтың игілігіне жұмыс жасап, əрі бүгінгі қоғамда осы дінімізге ешқандай күйе жұқтырмау. Қазіргі уақытта сəлəфиттік көзқарастар, басқа да түрлі көзқарастар дінге сын болып жатқан уақытта дініміз халқымыз осы уақытқа дейін қалай құрметтеген болса, имам молдаларымыз қалай сыйлаған болса, дініміздің түзу екеніне көз жеткіздіру үшін қызмет атқарып жатырмыз.
– Адамның бір нəрсеге көңіл бөлуі үшін қандай да бір себеп болады, немесе бір адамның өсиеті əсер етеді. Сіздің имамдыққа келуіңізге ықпал болған шығар?
– Негізі менде имамдық қызметке менде ешқандай əуестік болған жоқ. Имам боламын, мешітте қызмет атқарамын деген сияқты ой менде болған емес. Біз жеті жылдай сыртта ілім алдық. Мен білім алған 1990 жылдары елімізде медресе сынды ілім алатын орындар болмағандықтан сырт елден білім алуға мəжбүр болдық. Ондай орындар тек 2000 жылдардан кейін ашылды. 7 жыл сыртта оқып келгеннен кейін, қандай қызмет болсада істеуге дайын болдық. Ұстаздық бола ма, басқа бола ма, азаншы бола ма, қандай қызмет болса да біз жасай беретін ниетпен келген болатынбыз. Бірақ осы құранды жаттағаннан кейін біз ілімімізді тағы да оқысақ жетілдірсек екен деген ой болды. Өйткені діннің, исламның ілімі білесіздер, өте терең. Оны қаншалықты оқыған сайын адам одан соншалықты ләззат алады. Өзіне керемет қор дүние жинайды. 2001 жылы Əбсəттар қажы Дербісəлі бас мүфти еді. Сол кісінің алдына кірдік. Мен арнайы Мысыр еліне білім алуға барсам деген ниетімді білдірдім. Сонда Əбсəттар аға маған керемет ақыл айтты: «Сендер оқыдыңдар, сендерді осы уақытқа дейін халық күтіп отыр еді. Қанша жыл бойы сыртта болдыңдар. Енді бүгінгі уақыттың талабы сыртта келген жігіттерді қызметке тарту. Бүгінде оқыған азаматтарға халық мұқтаж. Мен де осы білімді қуа берсем халыққа кім қызмет жасайды?» – деді. Ол уақыттарда теріс ағымдардың енді-енді елдің ішіне еніп жатқан уақыты. Әбсәттар ағаның бір ауыз сөзімен сол себепті де мешітке қызметке кірісіп кеткеніміз бар. 2001 жылы Алматы қаласындағы орталық мешітке азаншы болдым. Одан кейін мінекей имамдық жолға түсіп, ұстаз атандым. Бүгінде облыстық мешітке келіп имамдық қызметті атқарудамын. Сол бір ғана уақыттағы Əбсəттар қажының сөзі Алматы қаласының орталық мешітінің бас имамы Құлмұхаммед Махамбет қажы ағамызбен бірге жұмыс жасауға себеп болды. Ол кісінің тəлім-тəрбиесі, айтқан сөздері имамдық қызметке келуімізге әсер етті.
– 7 жыл қайда оқып едіңіз?
– Біз 1994 жылы Өзбекстан мемлекетінің Əндіжан қаласында арнайы 4 жылдық медресені бітіргенбіз. 1994 жылға дейін арнайы осы өзіміздің еліміздегі ұстаздардан арнайы білімі мен дəрісін алдық. Одан кейін діни ілімнің керектігін түсініп, шет мемлекеттерге оқуға барған болатынбыз. 1998 жылы Өзбекстанды бітіріп келгеннен кейін Пəкістан мемлекетінде де білімімді жалғастырдым. Ол уақытта Пәкістанның білім деңгейі өте жоғары болатын. Əрине енді əркім өзі таңдау жасайды. Бірақ мен үшін ол жақ өте қолайлы болды. Сөйтіп Пəкістанға барып 2 жылдан аса уақыттың ішінде құранды толық жаттап елге қайтып оралдым.
– 70 жыл бодандықта болған елміз. Қазіргі таңда көп ата-аналар екі жағдайда мешітке келеді десем болады. Бірі құдайдан қорқып, құлшылық үшін барса, енді бірі жаназаға шақырған кезде ғана келеді. Барлық мұсылман баласының жүрегінде Алла деген қорқынышты үрей бар секілді. Бірақ Алланың құдіретіне ешкім күмəн келтіре алмайды. Дегенмен мешітке балаларын ілім алуға жіберерде ортада барьер бар. Олар ол барьерді өздері жасап алған. Оны алып тастау үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Жалпы Кеңес кезінде 70 жыл бодан болғаннан кейін халқымыз жасыратыны жоқ діннен алшақтап, бейхабар болдық. Бəз біреулеріміз имандылыққа, дінге, молдаларымыздың, аталарымыздың айтқан сөздерінен дін ұстанды. Бірақ басым көпшілігі діннен бейхабар болды. Тіпті мүлдем кеңес дəуірі саясатының халыққа қысымдылығының əсерінін діннен үрейленді де. Мешітке барса, дін ұстанса, ертеңгі күні жазатайым жазаға ілініп кететін қорқынышты сезімде болды. Сол үрейден халықтың əлі де шыға алмай жүргендері баршылық. Бірақ көпшілігі кеңес дəуірі ыдырағаннан кейін, Аллаға шүкір деп, тәуелсіздік алып дінімізге қайта қол жеткіздік. Оның ішінде жастардың қарасы қалың. Үлкен буын өздері келе бастады. Халықтың иманға келіп, 100 пайыз мешітке келуі бірден болады деп айту қиындау. Өйткені халық емін-еркін дінсіз өмір сүріп үйреніп қалды. Ненің халал, ненің харам екеніндігінің парқына халық бармайтын болды. Олардың қолдап жүрген харам нəрсесі өздері үшін халал нəрсе сияқты көрінді. Жұрттың өзі пендешілікке, мұсылманға жараспайтын қаншама тірліктердің барлығы олар үшін күнделікті тіршілік сияқты қалыптасып қалды. Ол дұрыс, оның не озбырлығы бар деген секілді. Оларға бірден дінге келуден де, имандылықта осындай нəрсе бар, анау ісіңіз дұрыс болмады деген сияқты нəрселер көп адамға əлі де болсын қиын батады. Жүректегі имандылық əлі əлсіз. Былай айтқанда, əбден зардап шегіп, кеңестің тауқыметін тартып имандылығымыз əлсіреп құлдырап қалды. Ал енді оған қайтадан жан бітіріп қуаттау үшін уақыт керек. Қазір Аллаға шүкір, мешіттерде жастарымыз көп. Сол жастар құдай қаласа имандылыққа бет бұрады. Кейінгі буын дінді дұрыс бойына сіңіріп, ата-бабамыздың дəстүрлі дінін қалыптастырып жатыр деуге әбден негіз бар. Сондықтан бұл уақыттың еншісіндегі нəрсе. Дінде зорлық-зомбылық жоқ. Дін насихаттан тұрады. Бүгінгі таңда адамдардың мешітке келмеуіне Алла тағала мұқтаж емес. Не істесек те өзіміз үшін істейміз. Намаз оқысақ та өзіміз үшін.. Алла тағалаға оның келіп-кетері жоқ. Бар нəрсе өзіміз үшін. Өйткені адамның түзелгені – қоғамның түзелгені. Сол себепті де көп азаматтардың мешітке басына қиындық түскенде келуі, я болмаса бір дұғаланып қалғанда, жолымды ашып бер деп мешітке келеді. Болмаса таза жерлерді баспай, үрейленіп, шошынып қалған кісілер келіп жатады. Ұйқым бұзылды, көзіме түрлі нəрсе елестейді деп сондай жағдайларда кісілер көп келіп жатады. Бұл – Алла Тағаланың адам баласының қалай да болса жүргегіне имандылық жолын ашады. Халықтың дінге деген қазіргі көзқарасы жаман емес. Əйтсе де қоғам болғаннан кейін əртүрлі адамдар болады. Сынаушылар діннен кінəрəт іздеушілер де кездеседі. Дін ұстанбау үшін молдаларды кінəлайды. Адам өзіне баға беріп үйрену керек деп ойлаймын. Ол кісілер молданың жасаған бір ісін жасаған да жоқ. Сөйте тұра молданы жамандайды. Молдаға ғайбат айтып тіл тигізіп күнəға батып жатады. Бұл діннен бейхабар адамдардың тірлігі.
– Жасыратыны жоқ Жамбыл облысына шейіттердің ордасы бар. Оларға ертең 20-50 жылдан кейін мынау Палестина, Сирия сияқты елдердің əсері тимей ме? Өткенде Ермекбавқа да айттым. Шейіттерге қалай рұқсат бересіз? «Олар радикалды болмаса болды, біз оларға рұқсат береміз» дейді. Ал қазіргі сəлəфиттер дегендердің ішінде мемлекетке қарсы шығатындар да бар ғой.
– Жалпы бұл шейіт ағымы ертеректе болмаған. Шейизм деген жалпы ұстаным алғашқы кездерде белгілі бір қауымның азғантай бөлігі ғана болса, бүгінгі таңда арнайы мемлекеттер. Олардың ұстанымдарының қандай екеніне біз баға бермей-ақ қояйық. Ол бағытты ұстанатын қаншама халық бар. Біздің ата-бабаларымыз қанша дəуірді, заманды бастан кешірді. Егер шын мəнінде шейіттердің ақиқатында біздің қоғамға қазақы салт-санамызға келгенде біз шейіттерді қабылдайтын едік.
– Ол дегеніміз қазақтар емес қой…
– Шейіттер қазақ болсын немесе басқа ұлт болсын деген заң жоқ. Көршілес мемлекеттеріміз православиелік дінді, басқалар болса басқа ағымдарды ұстанатын. Ол тарихтың еншісіндегі нəрсе ғой. Ал біздің ата-бабамыз ислам дінінің хəнəфи мектебінің аясында салт-дəстүріміз,тəрбиеміз, күнделікті тіршілігіміз бəрі осы дінмен сабақтасып кетті. Меніңше, біздің ислам дінінің хəнəфи бағытын ұстанып, осы бағытты таңдағанына ата-бабамызға қарыздармыз. Өйткені, сонша ғасырдан бері дініміздегі ауызбіршіліктің арқасында біз осы күнімізге жеттік. Енді құдай бетін аулақ қылсын, басқа будда немесе христиан дінін ұстансақ, қазіргі күйіміз қандай болар еді. Ертең біз де солардың күйін кешетін бе едік. Ислам дінінің барлық адам болмысына берері өте мол. Дінімізден елімізге талай шарапаты тиетіні белгілі. Біз енді қазіргі толып жатқан ағымдардан елімізді қорғауымыз керек. Бүгінгі таңдағы міндетіміз – бір ағыммен күресіп жатсақ, ертең тағы бір ағыммен күресеміз. Өмірдің бəрі күрес қой. Ол бір сəлəфизммен күресіп, енді тыныштық орнайды деген жоқ. Сəлəфизмнен кейін қандай ағыммен күресеміз оны бір Алла біледі. Бүгінгі таңда шейіттердің ықпалы мен басымдылығы бүкіл əлемде байқалып жатыр. Менің ойымша, ол бір аса қауіптенетін нəрсе емес. Біз жастарға Əбу Ханифа мазғабын ұстанатын мұсылмандармыз деп түсіндіреміз. Осы қағиданы əрбір балаға біз сіңіретін болсақ, ешуақытта қазақ шейіт болмайды. Белгілі бір ұлт өкілдері өз ата-бабалары ұстанатын жолмен жүреді. Жамбыл облысында да шейіттердің орталықтары бары рас. Олармен біздің қарым-қатынасымыз дұрыс. Ит пен мысықтай көз қараста емеспіз. Адам баласы болғаннан кейін дінде пайғамбарымыз айтады ғой «батылдан болса да, жоқтан болса да олардың өкілдеріне дұрыс қарым-қатынас жасау керек». Дұшпаныңмен де елдің халықтың қамы үшін бір бітімге келу, олармен бейбітшілікке мəмілеге келу исламда бар нəрсе.Үлкен соғыстарда да пайғамбарымыз мұсылмандардың тыныштығы үшін, дін үшін, исламның өркендеуі үшін үлкен бітімгершілікке барып отырған. Солардың пайдасына болса да, біз ұтылсақ та, бізге қаншама шығын келсе де пайғамбарымыздың ол жердегі мақсаты халықтың қанын төгу емес. Керісінше халықтың тыныштығы екенін бірнеше рет үлгі ретінде көрсетіп кеткен.
– Енді «мұсылмандар одағы» деген атты жамылып одақ ашып алған Мұрат Телібеков деген кісі туралы не айтасыз?
– Бір адамның жалпы дүйім халықтың атынан сөйлеуі ақылға сиятын нəрсе емес. Ол кісінікі сандырақ. Ол кісіні олай сөйлетіп отырған мүмкін бір күштер бар шығар. Бəрін бір Алла біледі. «Мұсылмандар одағы» деп ашып алғанмен артында ешкім жоқ. Айналасында бір-екі ақ адам жүр. Олардың өздерінің қандай кісілер екені бір Аллаға мәлім. Жалпы Қазақстан Мұсылман діни басқармасының басшысы бір ғана мүфти қазіреті емес қой. Оның қол астында қаншама адам қызмет атқарады. Телібеков барша мұсылмандардың атынан сөйлейді, ал біздің басқармада қаншама аппарат жұмыс жасайды. Оның қаншама бөлімдері, қаншама білімді ғалым-ғұламалары бар. Əр мүфтияттың жер-жерлерде өкілдері және бар. Өкілдіктердің қаншама мешіттері бар. Имамдар бар. Бір құрылым былайынша айтқанда. Біз соның бəрін елімізде Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы дейміз. Біз мүфтиятқа бағынамыз. Ал ол «союз мусульманов Қазақстана» деп атау алады. Ол менің ойымша халықтың көңілін басқа жаққа бөлу, мұсылмандықтың қадір-қасиетіне кір келтіру, дінге қиянат жасау ғана. Басқа еш нəрсе емес. Оның діннен ешқандай хабары жоқ. Мұсылманмын деп өзін атағанымен, шариғаттың бірде бір парызын білмейді. Ол кісінің ораза ұстай ма, ұстамай ма онысын да бір Алла біледі. Оның намаз оқиды дегенін де естіген емеспін. Біз мұсылманның қандай екенін білеміз – ол бес уақыт намазын оқыған, оразасы бар, зекет беріп қажылыққа баратын кісілерді біз мұсылман дейміз. Ал мұсылмандық парызын орындамаса, оның мұсылман екеніне қайтіп сенеміз? Мұсылмансың ба кəлиманы білу керек. Ондай ештеңе жоқ болса ол кісі жай ғана ауыр сөйлей береді.
– Жамбыл облысының тұрғындарына, жалпы бүкіл қазақстандықтарға берер кеңесіңіз. Қазіргі қоғамға қажет басты-басты үш кеңес берсеңіз.
– Бірінші кеңесім жалпы кез-келген қоғам, кез-келген ел, мемлекет, оның үш тірегі болады. Тілі, ділі яғни, менталитеті, дәстүрі, салт-санасы, діні болады. Сондықтан біздің қоғам осы үш нəрсеге негізделсе, халық шынымен де əлем мойындаған, ұрпаққа керемет аманат қалдыратын үлкен мемлекет бола алады. Өйткені осы үш нəрсені негізге ала отырып бүгінгі күнге жеттік. Тілімізді, ділімізді, руханиятымызды, салт-дəстүрімізді, дінімізді сақтадық. Енді бұлардан айырылмас үшін осы құндылықтарға баса көңіл бөлуіміз қажет. Екінші, бүгінгі таңда еліміздегі ең басты нəрсе елімізді, жерімізді қорғауда біздің əрбір азаматымызды имандылық аясында отансүйгіштік, патриоттық сезім, қала берді мұсылман баласының ең мықты өжет болуы үшін жастарымызға діни құндылықтарды, дінді өз деңгейінде түсіндіріп жатыр. Соны өзінің мамандары айтса екен деген ұсынысым бар. Өйткені дін деген жай ғана əркімнің ермегі болатын нəрсе емес. Дінде діннің иелері сөйлеу керек. Ғалымдары сөйлеу керек. Сол бағытта діни мəселенің барлығы Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының төңірегінің аясында ұйымдастырылса деген ұсынысым бар. Одан кейін, Алла тағаланың осы бүгінгі таңдағы қоғамды жеп бара жатқан біздің түбімізге жететін үлкен алып дерттер бар. Ол не? Соның бірі бүгінгі таңда халықтың, елдің ішімдік атаулы, нашақорлық, зинақорлық осындай күнəдан елімізді халқымызды арашалап қалу. Қаншама клубтар, жастарымыздың жиналатын кешкі орындары, дискотекасы бар, басқасы бар,сайып келгенде бəрі əлгі үш нəрсенің төңірегінде болып жатыр. Зинақорлық оның жанында қаныпезер, қанаушылық бар,аяушылық, мейірім махаббат жоқ. Одан кейін ол жерде ішімдік бар.
Нашақорлық?
– Нашақорлық та ішімдіктің бір түрі ғой. Адамды ақыл есінен айыратын, азғыратын. Ішкілік, нашақорлық, темекі шегу, басқа да қазіргі мынау қор-қор тарту бəрі сол адамның денсаулығына зиян келтіретін нəрселер. Зинақорлық бар, оның аш жалаңаштанып бара жатқандығы, қазір қыздарымыздың ұлттық санадағы тəрбие алмай, олардың батыстың мәдениетін қалыптастыруы осындай озбырлықтарға алып келеді.
– Шаш бояуға көзқарасыңыз қандай? Қазіргі жастардың арасында өздерін «иглз»- бын дейді де шаштарын түрлі түске бояп тастайды. Қазір 91 деген топқа еліктеп, жастарымыздың санасын улап кью-поп деген бағытпен бара жатқандарға не дейсіз?
– Қоғамда имандылық болмаса бұндай дерттің талайы дендеп алады. Қазір көшеде кетіп бара жатсаңыз адамдар неліктен қатыгез болып бара жатқанын байқайсыз. Ешкім ешкімді аямайды. Көше мəдениеті, жанашырлық, осы ел маған қанша ақша береді екен, маған жұмыс береді ме екен деп емес, мен еліме не береді екем деген сияқты көзқарас жоқ. Мұның барлығы қарап отырсақ, адам баласының ашкөздік, имансыздықтан туатын нəрсе.
– Өзіңіздің ұстанған бір ұстанымыңызды айтсаңыз. Біреуге көп жақсылық жасамасам да зияным тимесін деген ол сіздің бір ұстанымыңыз деп білеміз. Сондай-ақ облыста имамдармен жұмыс істегенде және діни басқармамен жұмыс істегендегі ұстанымыңыз қандай?
– Қызмет саласында өмірлік ұстанымым жоғарыда айтқанымдай. Ал қызмет бабында ең бастысы кез-келген имамдарға мен талап етуден бұрын, талап етуге лайықты болуың. Сол талап еткен тірліктің аясында өзі соның жанашыры екенін көрсетуі керек. Мешітке жаны ашып, өзің басы қасында болып кəдімгі сол тірліктің ішінде жүрсең, оны ертең біреуге айтқан кезде де əсері болады. Мен осы нəрсені көбіне ұстанамын. Осы орында отырғаннан кейін лауазымдық қызметті пайдаланып, қызметкерлерге жеке басымдағы шаруаларды араластырмаймын. Жұмыс бабында кез-келген мəселені қызметкер жасына, басқа қызметіне маған жақындығына жұмыс барысында көңіл бөлмеймін. Кез-келген азаматқа жұмыс үлкен міндет болғаннан кейін, оған тапсырылғаннан кейін одан талап етуге барымды саламын. Сондықтан Аллаға шүкір бүгінгі таңда барлық қызметкерлерге дауыс көтермеймін. Ақырын түсіндіремін, егер ол қолынан келмесе басқа нəрсеге жұмсаймын. Оған сіз қанша айғайлап ұрысқанмен қолынан келмесе, бəрібір қолынан келмейді. Əркімге өзінің қолынан келетін жұмысын беруге мен барымды саламын. Соған бағыттаймын. Кімнің қолынан не жұмыс келеді соған оны тəрбиелеймін. Ол сол саланың маманы болып шығуы керек қой.
– Қорытындылай келе біздің оқырмандарға кеңес демей-ақ қояйын, бір жақсы ұсыныстарыңызды айтсаңыз
–Рамазан айының қадір қасиеті ерекше. Бүгінде қоғам оны түсініп, ораза ұстаушылардың қатары көбейді. Рамазан айына жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкіршіліктер айтамыз. Еліміздің халқымыздың іргесі сөгілмей, шарықтай берсін. Халықтың əл-ауқаты, экономикасы деп алға шапқыламауымыз керек, бір жағынан өзіміздің Елбасымыздың ұстанған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында руханиятымызды да алға сүйреуіміз керек деп ойлаймын. Халықтың əл-ауқаты, тұрмысы жақсарғаны дұрыс. Бірақ өмірдің мақсаты ол емес. Əлемде небір жағдайы келіскен мемлекеттер бар. Бірақ олар өмірден түңіліп жүр. Өмірдің бағыт бағдарын дұрыс таңдамағанына көздері жетуде. Сондықтан біз олардың қатарынан болып қалмайық. Небір алып мемлекеттердің келешегі бұлыңғыр. Өйткені, не ұрпақ, не ұлттық сана, не басқа имандылық жоқ. Елбасы айтқандай, біз тілімізден де, салт-дəстүрімізден де ұялмауымыз керек. Бəрі бар бізде. Соны тек бүгінгі ұрпақ руханиятымызды, имандылығымызды кемелдеп халықтың əл-ауқаты аясында қызмет етіп, жағдайымыз жақсарар болса, Иншалла біз бұданда жақсы табыстарға жетеміз. Сондықтан халыққа, елге Алла тағаладан сондай азаматтардың қатары көп болсын деп дұға етеміз.
Рахмет.
Сұхбаттасқан Исламбек Дастанұлы.