Әділдік туралы айтылған Құран аятын ең үздік деп атады

Әділдік туралы айтылған Құран аятын ең үздік деп атады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Гарвард университеті заң факультетінің кіре берісіне Қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 135 аяты жазылған тақтайша ілініп қойылған. Бұл аятта әділдіктің ең үздік түрі сипатталған:

«Әй мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар; бай немесе кедей болса да. Өйткені Алла, екеуіне де тым жақын. (Олардың халін біледі) Нәпсіге еріп, әділдіктен ауытқымаңдар. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шәксіз Алла не істегендеріңді толық білуші».

Saudi daily ресурсының мәлімдеуінше, Гарвард университетінде оқитын Сауд Арабия студенті бірінші болып Твиттер әлеуметтік желісіне Құран аяты жазылған суретті жариялаған екен.

«Заң факультетінде тарихтағы әділдік туралы айтылған ең үздік пікір болып табылатын аяттың ілініп тұрғанын байқадым» - деп түсінік берген студент Абдулла Жумма.

Қабырғасы 1817 жылы қаланған Гарвард заң факультеті АҚШ-ғы көне заң мектебі болып табылады әрі онда әлемдегі ең үлкен кітапхана бар. Гарвард мектебінің түлектері АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама, сондай-ақ, көптеген беделді журналистер, жазушылар, бизнес көшбасшылар және кәсіби атлеттер болып табылады.

Гарвард университетінің ресми сайтына сай, әділдік жөніндегі аятты көпшіліктің назарына қоюы адамзат баласының заң арқылы әділдікті көксеуінің айғағы болып табылады. «Бұл сөздер әділдік ұғымының күші мен тегеурінін дәлелдейді».

Заң факультетімен ұйымдастырылған шамамен жиырма шақты көркем дәйексөздер ұсынылған болатын. Әсіресе, кіре беріске ілінген үш дәйексөз ерекшеленген – Әулие Августиннің, ортағасырлық құжат Магнадан дәйексөздер және Қасиетті Құраннан аят келтірілген. Гарвард университетінің студенттері мен қызметкерлерінің айтуынша, келтірілген дәйексөздер әлемнің әртүрлі халықтарының мәдениеті мен жалпыға ортақ сот әділеттілігінің көрінісі болып табылады екен.

Дәйексөздер заң мектебінің студенттері мен оқытушылар құрамынан келіп түскен 150 ұсыныстан таңдалып алынған. Университет кітапханасы қызметкерлері әрбір дәйексөздің түпнұсқасы мен тарихи мәнмәтінін зерттеп, келушілерді зерттеу нәтижелерімен таныстыру үшін арнайы сайт әзірлеген.

Гарвард сияқты беделді университеттің Құран ұлылығын мойындағаны жан сүйсінерлік жайт. Алайда біз үшін Қасиетті Құранның ұлылығын білу үшін, Гарвардтың мойындағаны қажет еместігін жете түсінуіміз тиіс. Өз кезегімізде, біз Құран – Алла Тағаланың сөзі және Құранда айтылған дүниелердің бәрі де «тарихта айтылған ең үздік пікірлер» екенін біліп, оған сенім білдіруіміз керек.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: