Иғтикаф

Иғтикаф

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Иғтикаф көбінше Рамазан айының соңғы он күнінде орындалады. Осы жағынан алғанда иғтикаф Рамазан оразасымен байланысты құлшылық түрі болып саналады. Ал енді анықтама бере кететін болсақ, иғтикаф дегеніміз ниет ете отырып, әр кез жамағатпен бес уақыт намаз оқылатын мешітте белгілі бір уақыт құлшылық жасауға қалу.

Бұл атықтамаға сәйкес, ханафи мәзһабындағы таңдаулы (мухтар) көзқарас бойынша, жамағатпен бес уақыт намаз оқылмайтын мешіттерде иғтикаф жасалмайды. Әйел баласы иғтикафты үйінің намаз оқуға арналған жерінде жасайды.

Иғтикафтың шариғаттағы алар орнына тоқталар болсақ, ол Құранда былайша баяндалады: «Сендер мешіттерде иғтикаф жасап жатып олармен (әйелдеріңмен) қосылмаңдар». Ал сүннетке келсек, хазрет Пайғамбарымыз Мәдина қаласына һижрет етіп келгеннен бастап, дәм-тұзы таусылғанға дейін әр жылы Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасап келген. Иғтикафтың түрлері Иғтикафтың үш түрі бар:

1. Уәжіп иғтикаф (Нәзір етілген жағдайда)

2. Мүәккад сүннет иғтикаф (Рамазан айының соңғы он күнінде)

3. Мустахаб иғтикаф (Қалған уақыттарда)

Сүннет иғтикаф

Рамазанның соңғы он күнінде болғандықтан, оразамен жасалады. Негізі иғтикаф оразасыз да орындала береді. Ораза тек уәжіп болған нәзір иғтикафтың ғана дұрыстық шарты (шартун лис-сыхха) болып табылады. Уәжіп иғтикафтың ең аз уақытын имам Әбу Ханифа (р.а.) бір күн деп көрсеткен. Ал нәпіл (уәжіптен өзге) иғтикафтың ең аз уақыты имам Мұхаммедтің (р.а.) «Асыл» деп аталатын еңбегінде (бір күннен) аз бір уақыт28 екендігі баяндалған. Тіпті ханафи мәзһабында пәтуаға негіз болған көзқарас бойынша отырмай түрегеп жүріп те иғтикаф жасауға болады.

Иғтикафқа ниеттенген пенде мешітке кіргеннен бастап дүние істерінен бойын аулақ ұстап, құлшылыққа арнаған уақытын зая кетірмей Жаратушыға жалбарынып ғибадат ету, зікір ету, дұға жасау, Құран оқу және т.б. ақіретке пайдалы істермен өткізеді. Дегенмен ол күндіз-түні мешітте болатындықтан, сол жерде азықтанып, ұйықтауына болады.

Иғтикафқа ниет еткен адамның мешіттен тек жұма намазы сияқты «шарғи қажеттілік», түзге шығу сияқты «табиғи мұқтаждық» немесе мешіттің бұзылуы, бір залымның қинап сыртқа шығаруы, мешіттегі жамағаттың тарауы және жаны мен малына қауіп төну сияқты «зәру жағдайларда» ғана мешіттен шығып, көп кідірмей басқа мешітке баруына рұқсат. Ал егер себепсіз бір мезет тысқа шығатын болса уәжіп иғтикаф бұзылады. Иғтикафтың қалған екі түрі бұзылмайды.

Иғтикафтың макруһтері

1. Иғтикаф етуші адам бір нәрсе сатып немесе сатып ала алғанымен, мешітке сатуға тауар әкелуі макруһ болып табылады

2. Құлшылық деп есептеп үндемей жүруі макруһ (жалпы үндемей жүруіне болады)

3. Бос әңгімеге берілуі макруһ. Иғтикафта жыныстық қатынас және оған алып баратын барлық іс-әрекеттер харам болып есептеледі. Ұмыту нәтижесінде орын алса да, жыныстық қатынас иғтикафты бұзады.

Иғтикафтың адамның жүрегін бір сәт болса да дүние істерінен тынықтырып, жан-дүниесін Жаратушыға тапсыру және Ұлы Аллаға басқа жерде емес, тап өзінің қасиетті үйі болған мешітте құлдық ұру, Оның берік қорғанын паналау сияқты пайдалары барын айтқымыз келеді. Ата (р.а.) иғтикаф хақында міне былай дейді: «Иғтикаф етуші пенденің мысалы өз қажеті үшін патшаның есігін қаққан қарадай».

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: