Қасиетті Ережеп айының құрметіне Шу аудандық Төле би мешітінің бас имамы Аят Дыбысұлының ұйымдастыруымен, аудандық мешітінің асханасында бес уақыт намазға келетін жамағат арасынан ораза ұстаған бауырларға кішігірім дастархан жайылып ауызашар берілді.
Екі жаһан сардары Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) əрдайым Ережеп айына аяқ басқан уақытта: "Уа, жаратқан Алла біздерге Ережеп, Шағбан айларының берекесін беріп, Рамазанға қауыштыра гөр", - деп дұға ететін. Мұсылман баласын Рамазан айындағы оразаға дайындайтын, Ережеп, Шағбан айларының берекесі оның нəпіл оразалары мен ауызашарларында болса керек. Ауданның бас имамы Аят Алмаханов жиылған жамағатқа Ережеп айының қадір-қасиеті жайында уағыз насихат айта келе, мұндай іс-шаралардың болып тұруы жамағат арасында ынтымақты күшейтіп, бауырмалдылықты арттырудың бірден бір жолы деді.
Шу аудандық "Төле би" мешітінің Баспасөз қызметі