Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) соңғы күндері

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) соңғы күндері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мүфассирлар былайша баяндаған:

- Пайғамбарымыз (ﷺ) Меккеде болғанда тек намаз оқу ғана парыз етілген болатын. Ал Мединеге келген соң Алла Тағала оған харам мен халал туралы аятты және барлық шариат үкімдерін, ғажайыптар мен белгілерін  түсірген.

Пайғамбарлық миссиясы аяқталып, уахилер толықтай түсірілгенде, Алла Елшісі (ﷺ) соңғы қажылығын өтеген. Мединеден Меккеге келген күннің ертеңінде ол Арафат тауына шығып, сол жерде жұма күнгі Қоштасу құтбасын айтады. 

Осы уағызда ол (ﷺ) халыққа Исламның ең маңызды жағдайлары мен құлшылықтың негізгі түрлерін айтып береді. Содан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) жиналған халықтан:

- Мен сендерге дін мен құлшылық қағидаларын жеткізе алдым ба? - деп сұрайды.

- Иә, жеткізе алдың.

- Аллам менің! Осыған куә бол! - деп Алла Елшісі (ﷺ) дұға айтады.

Жұма намазынан кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) "вакфте" тоқтап, түйесінің үстіне шығып, Аллаға сиынып, халыққа қарайды.

Бұл жайында Ибн Аббас былай айтқан:

- Сол күні жұма, Арафа күні, яһудилер, христиандар мен отқа табынушылардың мейрамдары, жалпы алғанда, бес мейрам бір күнге сәйкес келген еді. Содан кейін ол (ﷺ) Мединеге қайтып оралады, сонда мына бір аят түсірілген:

«Аллаға қайтарылатын, сонсоң әpкiмнің еңбегі өздеріне кемітілмей толық бepiлeтін күннен сақсыныңдар» (2:281).

Бұл біздің сүйікті Пайғамбарымызға (ﷺ) түскен соңғы аят болатын. Осы аят түсірілгеннен кейін Пайғамбарымыз (ﷺ) жиырма бір күн өмір сүрген. Адамзаттың асылы Мұхаммедтің (ﷺ) алпыс үш жыл өмір сүргені белгілі. Өмірмен қоштасар сәтінің жақындағанын сезген Пайғамбарымыз (ﷺ) халқын шақыруды өтінеді. Біләл (ол кісіге Алла разы болсын) төбеге шығып:

- Әй, мұсылмандар! Бәрің Алла Елшісіне келіңдер! - деп жар салады.

 Адамдар жан-жақтан мешітке ағылады. Алла Елшісі (ﷺ) орнынан тұрып, мінберге көтеріледі де Аллаға шүкірлік айтып, өзі туралы біраз сөз қозғап, содан кейін керемет бір құтба айтады. Тыңдап тұрғандар ағыл-тегіл жылайды.  Пайғамбарымыз (ﷺ) Жұмақ нығметтерімен сүйіншілеп, Тозақ азаптарымен үрейлендіріп, дінді ұстануға шақырады.

Жиылғандар жылап тұрып:

- Уа, Алла Елшісі! Біздің жүрегімізді күйдіртіп жіберген бұл хұтбаны не үшін айтып тұрсың? - деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (ﷺ) былай деп жауап береді:

- Бұл менің соңғы қоштасу уағызым. Достарым менің! Егер мен біреумен дос болғым келсе, ол Әбу Бәкір әс-Сыддық болар еді, алайда менің досым — Алла Тағала. Менің ажалымның жақындағанын біліңдер. Асылында, Алла жаратылған әрбір пендеге өлім сәтін жазып қойған. Мәңгі болып Аллаға жақын періштелер де, елшілер мен пайғамбарлар да қалмайды. Тек Алла Тағала ғана мәңгі. Менен кейін басқа пайғамбар келмейді. Мен — пайғамбарлардың соңғысымын әрі елшілердің сұлтанымын, ал сендер - ең жақсы үмбетсіңдер. Алладан қорқып, құлшылық етіңдер. Кімде-кім Алладан қорықса, соны Алла Тағала ол күтпеген жерден нығметке бөлейді. Үнемі діннің куәлігін қайталап жүріңдер. Намаз оқыңдар да зекет беріңдер. Егер күштерің жетсе, қажылыққа барыңдар. Рамазан айында ораза ұстаңдар. Алланың рұқсат еткендерін халал деп біліңдер де Алла тыйым салғанды харам деп санаңдар. Бауырларыңды көргенде — сәлем беріңдер.

Салман әл-Фариси:

- Уа, Алла Елшісі! Біз саған бауыр емеспіз бе? - деп саңқ ете қалады.

Алла Елшісі (ﷺ):

- Сендер менің сахабаларым мен көмекшілерімсіңдер. Ал сендердің бауырларың — менен кейін келіп, мені көрмесе де маған иман келтіретіндер.

Содан кейін екі дүние сардар Пайғамбары (ﷺ) мына бір қасиетті аятты оқиды:

«Шынында Пайғамбардың жанында дауыстарын бәсеңдеткендер, міне солар, Алла жүректерін тақуалық үшін сынағандар. Оларға жарылқау әрі зор сыйлық бар» (49:3).

"Әнуарул-ашиқын" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: