Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) жүз жетпіс бес жыл өмір сүрген. Ал бір риуаятта оның екі жүз жыл өмір сүргендігі айтылған. Риуаяттарда келтірілгендей, өмірінің соңына таман Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) барлық пайғамбарлар мен әулиелердің бейнелері сақталған Өсиет Кемесін әкелуді сұрайды. Осылайша, ол өз ұлына өсиет қалдырғысы келген. Әрбір пайғамбардың бейнесі жеке ұяшықтарда сақталған. Пайғамбарлардың Мөрінің бейнесі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең соңғы ұяшықта сақталған болатын. Әбу Бәкір әс-Сыддық (ол кісіге Алла разы болсын) бейнесі Ибраһимге (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қатты ұқсайтын аппақ шал кейпінде болған. Оның маңдайында: «Ол бірінші болып Мұхаммедтің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығын мойындаған» - деген жазу болған.
Бұл бейне Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оң жағында орналасқан. Ал сол жағында маңдайында: «Дінде болат сияқты. Алладан басқа ешкімнен қорықпайды» деген жазуы бар Омар ибн әл-Хаттабтың (ол кісіге Алла разы болсын) бейнесі болған. Оның арт жағында маңдайында: «Ол үшінші тақуа халиф» деген жазуы бар Осман Зиннурайнның (ол кісіге Алла разы болсын) бейнесі болған. Ал оның алдында маңдайында: «Бұл ешкімнен қорықпайтын шабуылдаушы арыстан. Ол Алламен әрі Оның Елшісімен (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дос. Алла мен Оның Елшісі де (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны дос деп санайды» деген жазуы әрі қолына ұстап тұрған қылышы бар хазірет Имам Әлидің (ол кісіге Алла раз болсын) бейнесі болған. Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айналасында мұхаджирлер мен ансарлардың (оларға Алланың рақымы болсын) бейнелері болған.
Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлына: «Мына пайғамбарлардың бейнесіне қара», - деп бұйырады. Қараса, барлық пайғамбарлар Ысқақтың тұқымынан тараған екен, ал Мұхаммед Мұстафа (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исмаил тұқымынан екен. Сонда Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұлына бұрылып: «Ұлым менің! Сенің маңдайындағы нұрдың сәулесі — пайғамбарлардың соңғысы болатын Мұхаммедтің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сәулесі.
Біздің ата-бабаларымыз осы нұрдың сәулесіне еш зиян келтірмей сақтаңдар деп өсиет еткен. Өз ұрпағымның ішінен осы қасиетті сәулені сақтасын деп мен сені таңдадым. Оны некедегі адал да таза әйелдерге бер. Өз балаларыңа да осындай өсиет қалдыр». Сол сәтте төбелеріне бұлт үйіріліп, жұпар иісті жауын жауа жөнеледі. Осылайша, ол ұлы Исмаилдан (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) уәде алып, өз өсиетін аяқтаған екен. Содан кейін ұлына пайғамбарлардың бейнелері сақталған Өсиет Кемесін тапсырып, өзі Иерусалим жаққа жол тартады.
Күндердің күнінде Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) шөл далаға өзіне мейман іздеп кетеді. Ол жүруге әлі жоқ бір кәрі қартты көреді. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оны қашырға отырғызып алып, өзінің қасиетті үйіне алып келеді. Ол әлгі қарттың алдына ас қояды. Қарттың сондай әлсіз әрі кәрі екендігі сондай қолдары дірілдеп асты біресе көзіне, біресе құлағына апарады. Тіпті тамақ аузына түскеннің өзінде ол оны шайнай алмай қайтадан түкіріп отырған.
Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаланың ол өзі қаламайынша, оған Әзірейілді (оған Алланың сәлемі болсын) жібермейтіндігін естіген болатын. Ол әлгі қарттан бұл күйге қалай түскенін сұрайды. «Кәрілігімнің арқасында», - деп жауап береді қарт. «Сенің жасың қаншада?» - деп сұрайды Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). Қарттың одан екі жас үлкен екендігі мәлім болады. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) екі жылдан соң осы қарт сияқты болатындығын ойлап кетеді. Сол кезде ол Аллаға былай деп дұға жасайды: «Йа, Раббым! Сенен өтінемін дәл қазір менің жанымды алшы, өйткені мен мынадай күйге түскім келмейді». Қарт Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) жанын алады, өйткені бұл қарт бейнесіндегі Әзірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) еді. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) өзіне тиесілі Харбун жерінде әйелі Сараның қасына жерленеді.
"Ихья улюм ад-Дин" (Діни ғылымның жандануы) кітабында Ибраһим пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) құлшылық ететін үйі болғандығы айтылған. Бір күні үйінен шыққанда ол есігін жауып кетеді. Үйіне қайтып оралғанда, біреудің жүргенін көреді. Ибраһим ( ол кісіге Алланың сәлемі болсын) таңдана: «Сені үйге кім кіргізді?» - деп сұрайды. «Үйдің иесі»,- деп жауап береді бейтаныс. «Мен сені кіргізген жоқпын», - дейді Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). «Екеумізден басқа тағы да бір Иесі бар, барлық нәрсе Оныкі». Пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) алдында тұрған періште екенін түсініп, оның атының кім екенін сұрайды, сонда әлгі періште Ажал періштесі екендігін айтады. «Мүміндердің жанын қалай алатындығыңды көрсетші», - деп сұрайды Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын).
«Қасиетті жүзіңді бұршы», - дейді періште. Бұрылып қалғанда бұрын-соңды көрмеген көркем жүзді көреді. «Уа, Ажал періштесі! Егер өлгелі жатқан адам осы көркем бейнені көрсе, ол разы болады, - дейді Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). «Егер мүмкін болса, маған күнәһардың жанын қалай алатыныңды көрсетші», - деп сұрайды пайғамбар. «Көрсетуге болады, бірақ сен шыдай алмайсың», - дейді періште. «Жоқ, менің көруім керек!» «Онда қасиетті жүзіңді бұршы», - дейді періште. Бұрылып қалғанда қорқынышты қара жүні жалбыраған, сасық әрі от шығарып тұрған жексұрын бейнені көріп, қатты шошып кетеді.
«Уа, Ажал періштесі! Иман келтірмегенге осы кейіптін өзін көру де жеткілікті болар еді. Ал сен маған не үшін келдің: жай мейман болып па әлде жанымды алуға келдің бе?» «Сен қарсы болмасаң, мен сенің жаныңды алуға келдім». «Менің санамда бір күмән қалды, содан құтылғым келеді», - дейді Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). «Қандай күмән?» - деп сұрайды періште. «Досы Өзінің досының жанын алушы ма еді?» Періште: «Уа, Алланың Досы! Бұл сұрақты Алла Тағаладан сұрайық. Оның не айтқанын саған жеткіземін». Ол біраз уақыттан соң қайтып келіп, былай айтады: «Алла Тағала: "Досы Досына қосылғысы келмей ме?"» - деп айтты» . Бұл сөздерді естіген Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) сол сәтте: «Қане, онда тездетіп жанымды алып, мені Сүйікті Досыма қос! Мен үшін бұдан артық қуанышты хабар жоқ!» - дейді.
"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.