Алла Тағала Жұмақ киімін еске түсіру үшін, саусақ ұшындағы тырнақтарды қалдырған...

Алла Тағала Жұмақ киімін еске түсіру үшін, саусақ ұшындағы тырнақтарды қалдырған...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адам Ата мен Хаууа Ана Жұмақта өмір сүрген, бұл Ібіліске ұнамайды. Оларға қалай зұлымдық жасасам деген арам ниеті үдей түседі. Ойланып-толғанып, бір кесірін тигізудің жолдарын қарастыра бастайды. Ақыр соңында, табады.  Ол  бір ағашқа жақындамаңдар деп Алланың салған тыйымын біліп алады. Қуанышы қойнына сыймай қуанады. Жерден көкке көтеріліп, оны Жұмаққа кіргізуді сұрайды.

Оны кіргізбейді. Жұмақ қақпаларының алдында күтіп тұра береді. Ол ар жақтан шығатынды алдамақшы болады, бірақ ешкім шықпайды. Осылайша, ол үш жүз жыл күтеді. Бір кезде ар жақтан Тауус шығады.

- Менің көркем де пәк достым, сен кімсің? - деп сұрайды одан Ібіліс.

- Мен Таууспын, ал сен кімсің?

- Мен Аллаға жақын періштелердің бірімін, Жұмаққа кіріп, Оның достарына дайындалған игіліктерін көрейін деп едім. Барлық уақытымды құлшылықпен өткіземін. Алайда менің ыждаһатымның күшейуін қалаймын. Мені Жұмаққа кіргізетін бір амал таба аласың ба? Егер сен менің тілегімді орындасаң, ешқашан ауырмайтын, мәңгіге Жұмақта қалып, одан шықпайтын бір нәрсені үйретемін.

Тауус рас айтасың ба деп сұрайды, ал шайтан болса ант береді. Тауус оның сөзіне сеніп, былай айтады: «Мен жасай алмаймын, бірақ мұны жасай алатын менің бір бауырым бар». Ол бауырына барып: «Бауырым менің, саған деген бір қуанышты жаңалығым бар. Мен Алла Тағалаға жақын бір періштені кезіктірдім. Ол бізді үш сырлы сөзге үйретеді, сол сөздерді айтсақ біз әрқашан аман болып, мәңгіге Жұмақта қалатын боламыз», - дейді. Мұны естіген бауыры, Жұмақ қақпаларына жақындайды. Оны көре сала шайтан  алдап, жалған сөйлей бастайды. Ол оны қатты азғырғандығы сондай, Тауустың бауыры алданып қалады.  «Сені Жұмаққа қалай алып кірсем екен, қақпалардың алдына Жұмақ қарауылдары мен Жұмақтың басты періштесі Ридван тұр ғой?» -дейді ол шайтанға. «Аузыңды аш», - дейді де шайтан оның аузына кіріп алады. Осылайша, шайтан Жұмаққа кіріп кетеді. Жұмақтағылар біліп алып, оны Жұмақтан қуып шықпақшы болады, бірақ Алладан мынадай бір бұйрық келеді: «Оған кедергі келтірмеңдер. Мұнда бір құпия мән мен Менің даналығым бар». Шайтан бірден Адам Ата мен Хауа Анаға барады. Жақындай бере, ол жылап жібереді. Олар шайтанды танымай қалады да жандары ашып: «Сен неге жылайсың?», - деп сұрайды.  Шайтан болса: «Барлық періштелер сәжде еткен, жан! Жер мен көктердің қалаулысы! Сендей көркем жүз ешкімде жоқ. Ешкім де сен көтерілген биікке көтеріле алмайды. Мұндай игілік ешкімге берілмеген. Алайда сені осы қалпыңда қалтырмайтынын біліп ал. Сені Жұмақтан қуады. Сенен өмір киімі шешіліп, саған өлім кебіні кидіріледі». Осылай деп ол кетіп қалады.

Адам Атаны бір үрей билеп алады. Ол Жұмақта мәңгі қалу үшін әрі өлім дәмін татпау үшін не істесем болар деп ойланады. Ыңғайлы сәтті тауып, шайтан қайтадан Адам Атаға келеді. «Егер менің сөздеріме сенсеңдер, мен сендерге бір ағашты көрсетемін, сол талдың жемісін жесеңдер, сендер өлім дәмін татпайсыңдар әрі сендер Жұмақтан қуылмайсыңдар», - деп айтады. Адам Атадан береке кетеді.

Шайтан Тауустан тыйым салынған ағаштың қай жерде екенін біліп алады. Ол әлгі ағаштың астына отырып алып, азғыруға кіріседі. «Алла бұл ағашты сендерге тыйым салмады, періште еместер мен Жұмақтық еместерге тыйым салды», - деп айғайлайды ол. Мұны естіген Хаууа Ана оған жақындайды. Шайтан жетпіс рет оларға жақсы кеңес беріп отырғандығына ант етеді. Шайтанның айдап салуына бірінші болып Хауа Ана түсіп қалады. Өйткені шайтан бекерге былай айтпаған: «Бірінші болып кім осы ағаштың жемісін жесе, ол досына қарағанда анағұрлым сұлу әрі сүйікті болады».

Хаууа Ана (ол кісіге Алла разы болсын) тыйым салынған ағашқа жақындап, одан жеті масақты үзіп алады. Бір масақты жеп қояды, енді біреуін тығып қояды, ал қалған бесеуін Адам Атаға (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) әкеліп береді. Бұл жемістің дәмін сондай мақтайды.

Сол кезде бидай қанттан да тәтті, ал иісі жұпар иістен де керемет болған. Адам Ата бұл жемісті жеуден бас тартады: «Әй, Хаууа, Алла бізге тыйым салғанды неге жасадың? Сен жазадан қорықпайсың ба?», - деп сұрайды, ал Хаууа Ана былай жауап береді: «Алланың мейірімі шексіз». Адам Ата азғыруға берілмей қояды, сонда Хаууа Ана Жұмақ шербетін әкеліп береді. Шербеттен біраз ішкен Адам Ата бір ауыртпалықты сезінеді. Сол кезде Хаууа Ана Адам Атаның аузына тығып қойған масақтың бірін салып жібереді.

Ол керемет бір дәмді сезеді. Бидайдың масағы Адам Атаның асқазанына жетіп үлгермей-ақ, оның иығынан Жұмақ халаты сыпырылып түседі. Бұл Жұмақтық халат тырнаққа ұқсағандығы әрі сол түстес болғандығы келтірілген. Сол себепті де Алла Тағала саусақтардың ұшына Жұмақтық киімді еске түсіретін тырнақтарды қалдырған әрі соларға қарап, Адам Жұмақты еске алып, өкініштен күйініп жылау үшін. Содан кейін басындағы Жұмақтық тәжі құс сияқты ұшып кетеді. Сосын Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) келіп, олардың мықындарындағы байлауларды шешіп алады. Осылайша, екеуі де Жұмақтық киімсіз қалады. Олар бір-біріне ұяла да, өкіне де қарайды.

Олар тезірек бір талдың артына тығылып қалғысы келіп кетеді. Бірақ қай талға жақындамаса да тал олардан тығылып қалатын болды.  Олар жүзім талының астына тұрғанда, Алла Тағала былай сұрайды: «Уа, Адам, сен Бізден тығылып жүрмісің?» «Йа, Раббым! Сенің алдында ұятты болғандықтан тығылып жүрмін», - деп жауап береді Адам Ата. «Уа, Адам, қазір сен қайдасың?» - деп сұрайды Алла. «Йа, Раббым! Мен Жұмақтық киімімнен айырылып, өте бақытсыз күйде жүзім ағашының астында тұрмын». Сонда Алла Тағала былай айтқан: «Осындай аянышты халге өзіңнің күнәңнің арқасында тап болдың». Адам Ата (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) тек: «Аһ!», - деп айтуға ғана шамасы келеді.

"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: