Алла Тағаланы жан-тәнімен жақсы көріп, Одан қорқып әрі Оған сенім артқан мүмін өз өмірін Аллаға құлшылық етіп, Оның разылығына кенелу үшін кез-келген аз мүмкіндікті пайдаланады. Алла Тағаланың мейірімі мен рақымы шексіз, Ол Өзінің құлын Өзіне жақындату үшін миллиондаған мүмкіндіктердің есіктерін ашады.
Құдси-хадисте Алланың мынадай уәдесі бар: «Егер кімде-кім маған бір сүйем жақындаса, Мен оған шынтақтай жақындаймын, егер кімде-кім Маған шынтақтай жақындаса, Мен оған сажындай жақындаймын. Ал кімде-кім Маған қарай бір қадам жасаса, Мен оған қарай жүгіремін».
Аллаға қалай жақын болуға болады деген сұраққа хадисте – намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты парыз құлшылықтар арқылы деген жауап келтірілген. Ал кімде-кім одан да жақын болғысы келсе, қосымша құлшылықтарды орындасын:
«Менің парыз еткендерімді жасау — Мен үшін ең сүйікті әрі сол арқылы құлдарым Маған жақындай алады. Менің құлым оны жақсы көргенімше, қосымша (нәпіл) амалдарын жасап, Маған жақындауын жалғастыра береді. Жақсы көрген сәттен бастап, Мен оның еститін құлақтары боламын; көретін көздері боламын; ұстайтын қолдары боламын; жүретін аяқтары боламын. Егер бұл құлым Менен бір нәрсе сұраса, Мен оған оны сөзсіз беремін; егер Маған сыйынса, Мен оны сақтап, панама аламын» (Құдси-хадис).
Қандай амалдары арқылы құл Аллаға жақын болады?
1. Қосымша намаз.
Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Құлының Жаратушысына жақын болатын кезі – сәжде, сондықтан сәждеде жатып Алладан көп нәрсе сұраңдар».
«(Мұхаммед Ғ.С.) Түннен оянып (Құранмен) өзіңе тән нәпіл оқы. Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі» (17: 79).
«Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы» (2:184).
«Қиямет күні адамдардан ең алдымен намаз сұралады. Құлдарының жағдайын жақсы білетін Алла Тағала періштелерден былай сұрайды: «Менің құлдарымның намаздарына қараңдар, олар толық па әлде кемшіліктерімен бе?» Егер намаз кемшіліктерсіз болса, онда толық намаз болып қарастырылады; егер кемшіліктері болса, Алла қосымша намаздарын сұратады» (хадис).
«Парыз намаздарға қосымша ретінде орындалатын ерікті намаздар арқылы Менің құлым Маған жақындайды, ақыр соңында, Мен оны жақсы көретін боламын. Жақсы көрген сәттен бастап, Мен оның еститін құлақтары боламын; көретін көздері боламын; ұстайтын қолдары боламын; жүретін аяқтары боламын. Егер бұл құлым Менен бір нәрсе сұраса, Мен оған оны сөзсіз беремін; егер Маған сыйынса, Мен оны сақтап, панама аламын» (хадис).
2. Қосымша ораза ұстау.
«Адам балалары, мүлігі және көршілері себепті күнәлі істер жасауы мүмкін. Ал намаз, ораза және зекет күнәнің өтелуі болып табылады» (Бұхари).
«Ораза мен Құран Қиямет күні құлға арашашы болады. Ораза былай айтады: «Уа, Алла! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйдым, шапағатшы болуға рұқсат ет» (хадис).
«Алла жолында бір күн ораза ұстаған адамның жүзін Алла сөзсіз Тозақтан жетпіс жылға алыстатады» (Мүслим).
«Жұмақта Раййан деп аталатын қақпа бар, Қиямет күні сол қақапаға тек ораза ұстағандар ғана кіре алады, олардан басқа ешбір жан кіре алмайды. Қақпа жақтан мынадай бір дауыс шығады: «Ораза ұстағандар қайда?». (Ораза ұстағандар бұл қақпадан кіреді, соңғылары кіргенде, қақпа жабылып, бұл қақпаға ешкім кірмейтін болады» (Мүслим).
3. Дұға жасау.
«(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді» (2:186).
«Расында, сендердің келесі күндерің үшін Жаратушының несібесі бар. Соны қабыл алыңдар! Сендердің дұғаларың Алланың мейірімімен сәйкес келсе, адам бақытқа кенеледі де залал көрмейді» (хадис).
4. Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін жандандыру.
«Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (33:21).
«Сендерге Пайғамбар не берсе алыңдар да неменеден тыйса, одан тыйылыңдар әрі Алладан қорқыңдар !» (59: 7).
5. Құран оқу.
«Құран – Алла алдындағы шапағатшы әрі оны оқушыны Алла алдынд ақтаушы, Құранды басшылыққа алғанды ол Жұмаққа кіргізеді, ал оны басшылыққа алмайтынды Тозақ отына салады» (Табарани).
«Асылында, Алла адамның (Құран оқығандардың) дәрежесін Құранмен көтереді, сондай-ақ, Алла адамды (Құран оқығанды қалдырғандарды) Құранмен қорлайды» (Мүслим).