Ғамус анты
Жалған ант. Бір нәрсені біле тұра әдейі жалған ант ету. Мысалы, біреудің қарызын бермегенін біле тұра, «Алла атымен ант етейін, уаллаһи, биллаһи қарызын өтегенмін» деуі секілді. Мұндай ант – үлкен күнә. Мұндай антқа Ханафи мәзһабында кәффарат керек емес. Оған дәлел Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бес нәрсеге кәффарат керек емес деп санаған нәрселердің арасында осы ғамус түрі де бар.
Лағу анты
Қателесіп немесе айтқаным дұрыс деп ойлап, ант ету түрі. Мысалы, бермеген қарызын бердім деп ойлап, «уаллаһи, биллаһи бердім» деу секілді. Сол секілді ант етуді ниет етпестен ант сөзін айтуды әдетке айналдырғандықтан, сөзін қуаттау үшін «уаллаһи, биллаһи» деуі. Бұндай антқа кәффарат керек емес.
Мун’ақид анты
Іске асу мүмкіндігі бар және жалпы болашаққа байланысты бір нәрсе жайлы ант ету: «уаллаһи, биллаһи, Аллаһ атымен ант етейін, ертең қарызыңды өтеймін» деуі. Мұндай антын орындамаса, кәффарат керек. Құранда: «Алла біле тұра істеген анттарыңа жауапты қылады», – дейді. Мұсылман адам қолынан келетін бір нәрсеге ант берсе, орындауы керек. Мұсылман өзіне берген сөзі мен уәдесінде тұрғаны дұрыс. Құранда Алла: «Анттарыңды сақтаңдар», «Аллаға берген серттеріңді
орындаңдар», – дейді.
Атау (нәзір)
Атау, нәзір – Аллаға ғибадат мақсатымен өзіне тікелей міндет жүктелмесе де мүбаһ (адал) бір істі жасауға шешім қабылдап, осындай бір істі өзіне уәжіп ету және Аллаға сөз беруі. Алла үшін ғибадат саналған кейбір нәрселерді атау – сауап алуға арқау нәрсе. Мысалы, «Алла үшін ертең ораза ұстауды атадым» немесе «Жоқ-жітікке осынша ақша берейін» деу іспетті. Немесе «Осы қиыншылықтан аман-есен өтсем, Алла үшін құрбан шаламын» дегендей.
Негізінде мұндай атау иләһи діндерде де кездескен ғибадат түрі. Құран Кәрімде Хазіреті Мәриям туралы атауды баяндаған: «Сол кезде Имранның әйелі: «Раббым, ішімдегіні азат етіп, Саған арнадым, менен қабыл ет!». Және Мәриямға Жебірейіл (а.с.): «Рақымды Алла үшін ораза ұстадым. Сондықтан бүгін ешкіммен сөйлеспеймін» деп айт», – дейді.
Алла мұсылмандарға «Айтқан нәзірлерін орындап, Қағбаны тауап етсін», – дейді. Әлбетте, мұндай атау тек шариғат шеңберінен шықпауы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім Аллаға бойұсынуды білдіретін нәрсені атаса, орындасын, егер де кімде-кім Аллаға қарсы келетін нәрсе атаса, Аллаға қарсы келмесін».