Пітір садақаны беру Хижреттің екінші жылы, Рамазан оразасы парыз етілген жылы міндеттелді. Зекеттен бұрын пітір садақасы уәжіп болды.
Пітір садақасын беру әрбір дәулетті мұсылман ер мен әйелге – уәжіп. Сахих Бухариде келтірілген бір риуаятта Абдулла ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі құрмадан бір саъ немесе арпадан бір саъ пітір садақасын беруді әр бір мұсылман құл мен азаттыға, әйел мен еркекке, үлкен мен кішіге өлшеп бекітті. Және оны айт намазына шықпай тұрып беруді бұйырды». (Бір «саъ» шамамен 2 кг 918 грамм). Бухари - №1432
قال رسول الله صلى الله عليه وسلم صاع من بر أو قمح على كل اثنين... Әбу Дәуідте келтірілген бір риуаятта, Пайғамбарымыз былай деген: "Бір саъ бидай - екі адамға (есептеліп беріледі)" . (Бір «саъ» шамамен 2 кг 918 грамм).
Пітір садақаның мәні
Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) пітір садақаның мәнін былай деп түсіндірген:
عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ قَالَ فَرَضَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ زَكَاةَ الْفِطْرِ طُهْرَةً لِلصَّائِمِ مِنْ اللَّغْوِ وَالرَّفَثِ وَطُعْمَةً لِلْمَسَاكِينِ
«Алла елшісі Пітір садақаны ауыздан шыққан ұнамсыз сөздерден және (абайсызда жасап қойған) жағымсыз әрекеттерден тазартушы әрі кедейлерге ішер ас болсын деп міндеттеді...».
Сондай-ақ, Құран Кәрімнің Ағла сүресінде былай делінеді:
«قَدْ أَفْلَحَ مَن تَزَكَّىٰ ﴿١٤﴾ وَذَكَرَ اسْمَ رَبِّهِ فَصَلَّىٰ
«Өзін тазартумен қатар, Раббысын еске алып намаз оқыған кісі сөзсіз құтылды». Осы аятты Омар ибн Абдулазиз (р.а.) «пітір садақасын беріп, артынан айт намазын оқыған кісі сөзсіз құтылды», - деп тәпсірлеген
Хадисші Уәкиъ ибн әл-Жәррах та (р.а.) пітір садақасының маңыздылығын былайша тілге алады: «Рамазан айындағы пітір садақа – намаздағы сәһу сәждесі іспетті. Намазда жіберген қателікті сәһу сәждесін жасау арқылы толықтыратын болсақ, рамазанда жіберген кем-кетіктерді пітір садақасын беру арқылы жоямыз».
Ендеше, пітір садақа беру арқылы бір шетінен ораза кезінде жіберіп алған анша-мұнша қателіктерімізді жуып-шайып, кем-кетігін толықтыратын болсақ, екіншіден, Алла ризалығын үшін мұқтаж адамға жәрдем еткеніміз үшін де дүниемізге береке кіреді. Алла тағала Құранда: «Сендер жақсы көрген нәрселеріңнен садақа бермесеңдер, жақсылыққа қол жеткізбейсіңдер»[4], - дейді.
Оның үстіне, пітір садақа қалталы жандарды жомарттыққа баулып, осылайша қоғамда бауырмалдылық пен жәрдем берушілікті қалыптастырады.
Пітір садақасы кімдерге уәжіп?
Пітір садақасын беру - әрбір азатты әрі қалталы мұсылманға уәжіп. Пайғамбарымыз (с.а.у): «(Пітір) Садақаны беру бай адамдарға міндеттеледі», –деген[5]. Тұрмысы нашар кісіге пітір садақа беру міндет емес. Әйтсе де, сауап үшін пітір садақа берем десе, өз еркі.
Бұл жерде «қалталы кісі» деп, негізгі қажеттілігінен тыс 85 грамм алтынға тең келетін артық дүние-мүлкі бар мұсылман адамды айтамыз. (85 грамм алтын - 1 267 180 тенге). Дәлірек айтқанда, әлдекімнің тіршілігіне қажетті дүниелерінен тыс «85 грамм алтынға» тең келетін қандай да бір артық, қажетіне қолданбайтын мүлікке ие болса, оған пітір садақасын беру парыз. Мысалы: Бір кісінің екі автокөлігі бар делік. Бірін өзі және отбасы мінсе, екіншісі мінілмей жай тұр делік. Мұндай жағдайда, автокөлік иесіне пітір садақасын беруі - уәжіп. Күнделікті ішім-жемінен, киім-кешегінен, отбасының нәпақасынан артылып жиналған ақшаның мөлшері 85 грамм алтынға жеткен болса да үкім сол[6].
Пітір садақаны кімдер үшін береді?
1. Пітір садақаны отағасы өзі үшін және балиғатқа толмаған жас балалары үшін жеке-жеке есептеп береді.
2. Әйелі, үлкейген ұл-қыздары, ата-анасы, ата-әжесі, туған-туыстары, бауырлары, жатырдағы әлі дүниеге келмеген балаcы үшін пітір беру міндеттелмейді[7]. Бірақ, сауап үшін әйелі мен қыздарына да есептеп берем десе, өз еркі. Әзіреті Осман мінген аты үшін де пітір садақа бергендігі деректерде айтылған[8].
3. Сауап іздеген жанға өзінің қарауындағы үлкейген балалары мен әйелі үшін де беруіне болады[9].[10].
4. Ақыл есі дұрыс емес кедей ата-анасы мен ақыл есі дұрыс емес үлкен балаларының орнына пітір беруге де міндеттеледі[11].
5. Бақуатты әйел тек өзі үшін пітір садақасын береді. Басқа жақындары үшін, олардың атынан пітір садақа беруге міндеттелмейді. Әйел кісі өзінің кішкентай балалары үшін беруге міндетті емес. Дегенмен, сауап үшін беріп жатса ол басқа.
6. Пітір садақасын беру міндеттелген кісі садақасын бермей тұрып қайтыс болса, артында қалған дүниесінен есептеп беру шарт емес. Дегенмен, мұрагерлері сауабы тие берсін деп, беріп жатса, рұқсат[12]. Бұл - айт күнінен бұрын қайтыс болған адамға қатысты.
7. Пітір садақаны айт күні таң атысымен беру уәжіп болғандықтан, таң атқаннан кейін қайтқан жанның артта қалған туыстары артында қалған малынан өтейді. (Бұл айтқанымыз бақуатты кісіге қатысты).
8. Ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Пітір садақаның мөлшері
Пітір садақасын төрт нәрсенің кез-келген біреуінің өзінен немесе құнынан беріледі.
1. Бидай немесе бидай ұнының уәжіп болған мөлшері: 1 кг 459 грамм немесе осы мөлшердің құны.
2. Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.
3. Құрғатылған жүзімнің уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.
4. Құрғатылған құрманың уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны[13].
Осы жерде мынаны ескерген жөн: кедейлердің кез-келген қажетіне ыңғайлы болғандықтан тізіп өткен дақылдардың өзін емес, ақшалай құнын беру – абзал. Бұған дәлел сахаба Муғаз ибн Жәбәл Йемен халқынан пітір садақа ретінде, әрі оларға жеңіл әрі Мединедегі мухажир сахабаларға қайырлы болады деп, арпаның орнына киім алғаны Сахих Бухариде риуаят етіледі[14].
(ЕСКЕРТПЕ: Биылғы жылғы (2016) пітір садақаның мөлшері адам басына 200-ден деп белгіленді).
Пітір садақаның берілу уақыты
Пітір садақаның берілуі - Ораза айт күні таң атысымен уәжіп болады. Түрлі себептермен аталмыш мерзімнен қанша кешіктірілсе де, пітір садақа міндетті түрде берілуі тиіс.
Айт күнінен бұрын, Рамазан айы ішіндегі күндердің бірінде де беруге болады. (Халық арасында пітір садақасын Рамазан айының үшінші он күндігінде беру әдетке айналған).
Пітір садақаны айт намазы басталмай тұрып беру – мұстахаб. Өйткені, Пайғамбарымыз пітір садақаны айт намазына шықпай тұрып беретін болған[15]. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Осындай күнде (айт мейрамы күні) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», – деген. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде берілген пітір садақаға қажетті нәрселерін алу арқылы кедейлердің де жұрт қатарлы жадырауын көздейді дініміз[16].
Пітір садақасын кімдерге береді?
Құран Кәрімде айтылған зекет берілетін орындарға пітір садақаны да берсе болады. Олар: 1. Пақырлар; 2. Міскіндер; 3. Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар; 4. Көңілдері жібітілуі мақсат етілгендер; 5. Құлдарды азат етуге; 6. Қарызға батқандар; 7. Аллаһ жолындағылар; 8. Қаржылары бітіп, жолда қалғандар[17].
Пақыр деп, нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға айтылса, міскін деп – түгі жоқ адамдарға айтады.
Қарызға батқандар деп, қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі дүниеге ие болмаған адамды айтамыз.
Жолда қалғандар деп, негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары бар бола тұра, жолшыбай ақшасыз қалып, еліне жете алмай қалған кісілерді айтамыз.
Бұлармен қатар алыс-жақын туған-туыстары, бауырлары арасындағы тұрмысы-нашар кісіге де пітір садақасын беруіне болады. Тіпті оларға беру - өзгелерге бергеннен екі есе сауабы көп. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Садақаны туысына берген адамға екі сауап бар: Бірі - туыстық сауабы, екіншісі - садақа сауабы», - деген[18].
Алайда, пітір садақасын өзінің туған ата-анасына, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне бермейді.
[1] Бухари - №1432
[2] Әбу Дәуід - №1619 хадис.; قال رسول الله صلى الله عليه وسلم صاع من بر أو قمح على كل اثنين...
[3] Әбу Дәуід - №1371 хадис.
[4] Әли Ғимран сүресі – 92 аят.
[5] Фатхуль Бари, Китабуз Закат – 1432 хадис түсіндірмесі.
[6] Әл-Биная шархул Хидая – 3/484 бет.
[7] Имам Мұхаммед:әл-Асл – 2/215 бет.
[8] Әл-Айни, әл-Биная – 3/489 бет.
[9] Бәдәйғ – 2/539-540 бет.; Хидая: Бәбу садақатил фитр.
[10] Әл-Фәтәуә әл-Һиндия – 1\212 бет; әл-Мухит – 2/412 бет.
[11] Әс-Сәмәрқанди: Тухфатул фуқаха – 1/336 бет. Татархания – 2/425 бет.
[12] Әл-Фәтәуә әл-Һиндия – 1\213 бет; Мухтасару ат-Тахауи – Зәкәтул фитр.
[13] М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы: Ислам ғылымхалы – Пітір садақа.
[14] Сахих Бухари – бәбу әлъарз физ Зәкәт (таълиқан)
[15] Әл-Марғинани, Хидая – 1/297 бет.
[16] М. Исаұлы, Қ. Жолдыбайұлы: Ислам ғылымхалы – Пітір садақа.
[17] Тәубе, 60.
[18] Бухари, Зәкәт.; Ибн Мәжә, Зәкәт.