"Оттың жалыны көкке дейін жеткен".
Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қамауға алынып, сол жерде әлде қырық күн, әлде жеті жыл болған. Оның қамауда болған уақытында көп құдайға табынатындар оны өртеу үшін отын жинап дайындалған болатын. Олар биіктігі отыз метр болатын мұнара жасап, соның үстінен халыққа былай деп жар салған:
«Намрудтың бұйырғанын тыңдаңдар! Осы мұнараның биіктігіндей блатын отын жинаңдар. Кімде-кім бұл жұмыстан бас тартса, Ибраһиммен бірге ол да осы отқа тасталынады».
Адамдар қырық күн бойы тоқтамай отын тасиды. Бір де бір жануардың отын тасымағандығы келтірілген. Жануарларды отын тасуға қанша мәжбүрлесе де одан түк те шықпаған, отын тиеп қойған жануарлар орындарынан қозғалмай қойған екен. Тек қашыр ғана отын тасыған. Сол себепті де Алла Тағала қашырды ұрықсыз еткен. Барлық мүшіріктер отын тасуға қатысқан. Тіпті бір науқас әйел оған күш бітсе, отын таситынын айтып бас пұтқа ант берген екен. Әйелдер иірілген жіптерін сатып, сол ақшаға отын сатып алған. Қиратылған пұттары үшін өш алмақ болған имансыздар таудай етіп отын жинап, Намрудтың бұйрығы бойынша оны жағады. Оттың жалыны көкке дейін жеткен. Куфаның маңында жағылған отты тіпті Шамдағылар көрген. От жалынының қаттылығы сондай, бір күндік жерде ұшып жүрген құстар күйіп өлген. Оттың жан-жағына биік қоршау жасайды. Намрудтың бұйрығы бойынша алдын-ала жасалған биік мұнараны безендіріп қояды. Басына тәж киіп алған Намруд осы мұнараның төбесінде отырып, болып жатқан нәрселерді бақылап отырады. Бес мың адам семсерлерін ұстап, оның бұйрығын күтіп тұрады. Оған қызмет көрсету үшін мыңдаған малайлары жүреді. Әріректе жетпіс мың салт атты тұрады. Болатын көріністі көруге барлық халық жиналады. Намруд Халил Ибраһимді алып келуге бұйырады. Көптеген сақшылар барып, мәртебелі пайғамбарды алып келеді. Оның мойнына темір шынжыр, ал қолы мен аяғына кісен салынған. Алланың досы болған Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) сенімділіктің ең жоғары дәрежесіне ие болып, Алла Тғалаға медет еткендіктен, оның жүрегінде бір тамшы да қорқыныш болмаған. Ол ыза болған арыстанға ұқсап біраз теңселіп келе жатқан. Оны әкеліп Намрудтың алдына қойғанда:
«Әй, жігіт, егер сен өз дініңнен бас тартып, маған бой ұсынсаң, мен саған кешірім беремін де сен азаптан құтыласың», - дейді Намруд. Оған жауап ретінде Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын): «Таза алтын отқа жанбайды», - дегенді білдіре тек күлімсірейді де қояды.
Риуаяттардың бірінде оның былай айтқан сөздері келтірілген: «Сенің отыңа төтеп берер, менің жүрегімдегі махаббат өртінің бір ұшқыны да жеткілікті».
Ал халық болса Ибраһим пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) отқа тасталу сәтін үрейлене күіп тұрады. Оттың қатты жанғандығы сондай, ол оттың қасына ешкім жақындай алмайтын болғандықтан, Намрудтың өзі де не істерін білмей қалады. Дәл сол сәтте Намрудқа сәнді киім киген Ібіліс жақындайды. «Сен кімсің, қайдан келдің?» - деп сұрайды Намруд. Ібіліс оған былай жауап береді: «Жиырма екі жыл бойы сенің қызметіңде жүрмін әрі үнемі шөлде жүріп саған сыйынамын. Сенің дініңе қауіп төндірген бір сиқыршының пайда болғанын естідім. Мен саған оны қалай отқа тастау тәсілін көрсетуге келдім».
Шайтанды инабатты адам деп санап қалған патша оны қасында қалдыруға шешім қабылдайды. Ал Ібіліс болса өзі Тозақта көрген құрылғыларға ұқсас катапульта жасауға кіріседі. Оның өтініші бойынша, ұзын бөренелер мен басқа да материалдар жеткізіледі, ол әп-сәтте-ақ катапульта жасап шығады. Бұл құрылғыны сынап алу үшін ол, алдымен, оған үлкен тасты салып от жаққа қарай атып жібереді...
жалғасы бар...
"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан