«...Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә...» (49:12)
Уахб бин Мунаббах: «Егер кімде-кім сенде жоқ нәрсемен сені мақтаса, оған сенбе, ол сенде жоқ нәрсемен сені ұятқа қалдырады», - деген.
Факих былай айтқан: «Егер әлдебіреу саған бір адам осылай да осылай деп айтатын болса, онда келесі алты нәрсені жасау саған уәжіп болып табылады».
Біріншісі - олар айтып келген нәрсені шындық деп санамау, өйткені мұсылмандардың алдында өсекшінің хабары қабылданбайды. Асылында, Алла Тағала Қасиетті Құранда:
«Әй, мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» (49:6).
Екіншісі — адамды өсектен тыю. Зұлымдықтан тыю уәжіп болып табылады. Ақиқатында, Алла Тағала былай айтқан: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» (3:110).
Үшіншісі — Алла үшін өсекшіге ашулану, өйткені өсек таратушы күнәһар болып табылады. Күнәһарға ашулану — уәжіп, өйткені Алла оған ашуланады.
Төртіншісі - өз бауыры туралы жаман ойлауға тыйым салынған, өйткені жаман ойлар мұсылман үшін харам болып табылады. Шындығында, Алла Тағала айтқан:
«Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә» (49:12).
Бесіншісі - өз бауырының кемшіліктерін тіміскілемеу, өйткені Алла мұндай амалға тыйым салған.
«... Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын» (49:12).
Алтыншысы - өсекке көңіл қоймау әрі өсекшіден естігенді басқаларға айтпау».
"Танбихул ғафилин" кітабынан