Шайтанға ерген адасады

Шайтанға ерген адасады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір әңгімеде біраз адамдардың кейбірінің Алланы қойып, өсіп тұрған ағашқа табына бастағаны туралы хикая баяндалады. Мұны естіген бір тақуа кісі оның адамға еш зарар келтіре алмайтын және ешкімді қорғай да алмайтын құр жансыз нәрсе екендігіне көздерін жеткізіп, құлшылық етуге лайық тек Алла Тағала ғана екенін ұқтыру үшін оны кесіп тастамаққа бекінеді.

Сол кезде адам кейпіне енген шайтан одан: “Сен не істегелі тұрсың?” - деп сұрайды. Тақуа кісі: “Адамдардың Алла Тағаланы ұмытып, өздеріне Тәңір етіп алган ағашты шауып тастамақпын,” - дейді. Сонда шайтан: “Саған одан келер зиян не? Өз Тәңіріңді біліп, оған құлшылық ет те жүре бер. Оларда не шаруаң бар?” - дейді.

Әлгі кісі сөзінен таймай: “Жоқ, мен бұл ағашты қалай да кесуім керек, адамдар бұған табынуды доғарсын,” - дейді. Шайтан оның айтқанынан қайтпайтындығына көзі жеткен соң қулыққа көшіп: “Сен райыңнан қайт. Сол үшін нмен саған әр күні екі динардан беріп тұрайын", - дейді. Бұл сөзді естіген жаңағы кісі: “Мен сенен оны қалай ала аламын?” - деп сұрайды. Шайтан: “Сен оларды күнде таңертең жастығыңның астынан табасың,” - дейді. Осы уәдеден кейін әлгі кісі үйіне қайтады. Таңертең ұйқыдан оянғанда жастықтың астында жатқан екі динарды көрді. Осылайша бірнеше күн өтеді.
Бір күні таңертең оянып, әдетінше жастығын көтеріп қарағанда ештеңе таппайды. Ол ашуланып, адамдар Тәңір етіп алған ағашты кесуге жинала бастайды. Ағаштың жанына келгенде адам бейнесіндегі шайтан оған: “Әй, адам, сен не істегелі тұрсың?” - деп сүрайды.
Ол: "Адамдарға Алла Тағаланы ұмыттырып, өзіне табындырған мына ағашты кескелі тұрмын,” - дейді. Сонда шайтан: "Кесе алмайсың,” - дейді.

Оның сөзін естіген кісі балтаны қолына алып, ағашты шабуға кіріседі. Сол кезде шайтан оның қолынан шап беріп ұстап, тамағынан қылғындыра бастайды: "Сен менің кім екенімді білемісің?” - деп сұрайды. Оған адам: "Жоқ” - дейді. Ол өзінің Ібіліс екендігін айтып: “Сен бірінші рет келгенде мен сені ешқандай жолмен тоқтата алмайтыныма көзім жеткен соң сені ақшамен алдадым. Сен динарға сатылдың. Ал, қазір сен шайтанға ерушілердің қатарындасың. Өйткені сен мұнда ағашты шабуға Алла разылығы үшін емес динар үшін келдің. Енді менің күшім саған жетеді,” - дейді.

Ғибрат: Алла жолында бел шешкен істе табанды болу керек. Азғыруға ерсең адасасың.

Араб тілінен аударған: Қ. Садыбаев

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: