Тәуекел ету – кемелдіктің нышаны

Тәуекел ету – кемелдіктің нышаны

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Адамзат баласы дінді түсініп білгелі Раббысына тәуекел етіп келеді. Тәуекел шынайы сенімді талап етеді, онсыз тәуекелге бару мумкін емес. Өйткені, кез келген пенде өзі ойға алған бір іске ниет етіп, ісінің жемісті болуын Жаратушысына арқа сүйеп, сенім артады. Міне, осы үшін әуелі жүректе Аллаға деген шынайы сенім болу керек. Атақты табиғин Сайд ибн Жубәйір: «Тәуекел – иманның кемелдігі» деген. Ал Жаратушы иеміздің өзі пенделерін тәуекел етуге шақырады. Ол жайлы әл-Имран сүресінде былай дейді:

«Егер бір іске бел байласаң, Аллаға тауекел ет. Сөзсіз Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді».

Міне қасиетті Құранның аталмыш сүресінде Аллаға нық сеніммен тәуекел ету Аллаға ұнамды іс екені көрсетіледі. Сонымен қатар барлық жаратылысты жаратушы, ризықтандырушы өзі болғандықтан тәуекел етушілердің ісін оңайластыру, үйлестіру ісін жүргізіп, береке беру Раббымыздың игілігінде. Сондықтан біз, мұсылман халқы жақсы істе раббымызға тәуекел етіп, әрекетімізді жасаймыз. Алла Тағала тәуекел еткен құлдарының дәрежесін көтеріп, өзінің шексіз нығметіне бөлейді.

Ал сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім үйінен шығар кезде Алланың атымен Аллаға тәуекел еттім, Алладан басқа күш те, қуатта жоқ десе оған Алла тарапынан тура жолға түсірілдің, бар қажеттіліктерің қамтамасыз етілді және қорғауға алындың» - делінеді. «Шайтан одан алыс жүреді» - деген. Осылайша тәуекел ету арқылы дұға жасасақ хадисте айтылғандай Алланың қорғауында боламыз, әрі ісіміз жеңілдетіледі.

Ертеректе Ибраһим (а.с.) пайғамбарды қауымы от жағып сол отқа лақтырғалы жатқанда Жебрейіл (а.с.) періште келіп, қаласаң саған жәрдем берейін деді. Сонда Ибрахим (а.с.) «Алла бізге жеткілікті олқандай жақсы Уәкіл»деген болатын.СондаАллаһ оның тәуекеліне разы болып, отқа бұйырады. Бұл жайлы құранда: «Әй от! Ибраһимге салқын, әрі зиянсыз бол дедік» - деген.

Абдулла ибн Аббас (р.а.) «Егер Алла зиянсыз бол деп айтпағанда оған оттың салқыны зиян қылар еді» (яғни үсіп қалар еді)  – деген. Осылайша Ибраһим (а.с.) оттан сау-саламат шықты. Бұл жағдай Ибраһим (а.с.) пайғамбарың басынан өткен сынақ болатын.

Тура тәуекелді айшықтайтын мына бір хадисте:

«Бір кісі пайғамбарымыздан (с.а.с.) «Уа, Расулуллаһ! түйемді байлап сосын тәуекел етейін бе? Әлде бос қойып, сосын тәуекел етейін бе?»  деп сұрады. Сонда Аллаһтын елшісі (с.а.с.) «Алдымен байлап сосын тәуекел ет.»» - деді.

Бұл хадисте шынайы тәуекелдің қалай болатыны көрсетіледі, әрі адамзат баласы үшін мұнда үлкен ғибрат бар. Тәуекел еттім деп қана қоймай оған әрекетіміз де керек екен.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабасы Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.) хәл үстінде жатқанда хәлін білуге мүміндердің әміршісі хазірет Осман (р.а.) келеді. Сонда ибн Мәсғуд (р.а.): «Күнәләрімнан қорқамын» деп уайымын айтты. Сонда да ол кісі «Қандай қалауың бар?» - деді. Ибн Мәсғуд: «Алланың мейірімін қалаймын» – деді. Хазірет Осман: «Саған дәрігер жіберейін бе?» – деді. Ол кісі «Дәрігердің өзі мені ауру қылған» - деді. Осман (р.а.) «Онда саған жәрдем ақы бергізейін» – деді. «Оған да мұқтаж емеспін» – деді. Ал хазіреті Осман (р.а.): «Ойлан артыңда өсіп келе жатқан қыздарың бар» – деді. Ибн Мәсғуд (р.а.) «Қыздарым кедей болып қалады деп қорқасың ба? Уайымдама, мен оларға күніге түнде «Уақиға» сүресін оқытамын. Өйткені, Расулуллаһтын былай дегенін естіген едім: «Кімде-кім әр түні «Уақиға» сүресін оқыса, еш уақытта таршылық пен тапшылықтың тауқыметін тартпайды»» – деген.

Ибн Мәсғуд (р.а.) «Хадисте айтылған сүрені оқып жүрсе қыздарым тарықпас» – деп Аллаға тапсырып тәуекел еткен еді.

Құранда Алла тағала былай дейді: «Кім Аллаға тәуекел етсе, ол оған жеткілікті».

Әділетті хилифалардың бірі Омар ибн Абдул Әзиз дүниеден өтер шағында балаларын шақыртады. Олардың саны 20 жуық еді. Ұлдарына қарап, көзіне жас алып, бұларды жас әрі кедей күйінде қалдырып барамын деп уайым жеген еді. Сосын оларға қарап: «Ұлдарым! Сендерге көп жақсылық қалдырдым. Сендерді халық көрген жерінде құрметтеп, әрі қарыздар екенін айтатын болады» – деді. «Сендерде екі таңдау бар. Бірі байып, әкемізді тозаққа кіргіземіз немесе екіншісі кедей күйімізде қалып әкемізді жәннатқа кіргіземіз. Сендер әкелеріңнің тозаққа кіруін байлықпен айырбастамайтын шығарсыңдар» – деді. «Сосын Аллаһ сендерді күнә істерден сақтасын! Сендерге ризық берсін деп дұға жасап, құрандағы аятқа сай тәуекел етеді. Құранда Алла былай деп бұйырады: «Арттарында жас балалар қалдырса, оларға не болар екен деп уайым жесін. Алладан қорықсын да, дұрыс сөз айтсын»– деген.

Тарихшылардың айтуы бойынша балаларының ешқайсысы да өмірде таршылық көрмеген. Ал, ата-бабаларымыз «Тәуекел тау жығады», «Тәуекел кемесі суға батпайды», «Тәуекелсіз іс бітпейді», «Тәуекел етпеген арықтан өтпейді» деген нақыл сөздер айтып кеткен.

 Айнабек АХМЕТОВ,

"Әбдіқадір" мешітінің бас имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: