«Құдай қаласа да, қаламаса да ұйықтаймын»

«Құдай қаласа да, қаламаса да ұйықтаймын»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақстан ұлттық арнасында әр сенбі сайын «Дара жол» деген бағдарлама көрсетіледі. Сол бағдарламаның кезекті саны қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовтың дара жолын еске түсірді. Сонда өмірінде орын алған мына бір оқиғаны өзі айтып берді: «Ақтөбеден елге (оңтүстікке) ауысып келген кезім. Он совхозды құрамына алған ауыл шаруашылығы басқармасының құрылыс бөлімін басқардым.

Шаруаның көптігінен шаршап, облысқа есеп беріп үйге келгеннен кейін анама айттым: «Апа, мені таңертең оятпай-ақ қойыңыздаршы. Түске дейін ұйықтайын». Сонда анам: «Құдай қаласа» деді. Енді мен ол кезде Құдай жоқ деген заманда өскен баламын, анама қарап: «Құдайыңызға сәлем айтыңыз. Қаласа да, қаламаса да ұйықтаймын» дедім. Сонда анам жанұшыра: «Уа, Жаратқан! Жіберетінің болса маған жібер. Баланы тусаң да мінезін тумайсың. Айтып тұрған сөзін қара» деді.

Сонымен ұйықтап қалдым. Сол кезде әйелім қазір дәрігер боп істейтін қызыма екіқабат кезі. Айы-күні жақындап тұрған. Түнгі үште оятады. Мен: «Не болды түннің жарымында?» деймін. Әйелім: «Анау балалар жөтеліп жатыр көрші» дейді. Үйіміз фин үлгісінде салынған ағаш үй болатын. Қабырғасының барлығы ағаштан жасалған. Содан дереу залға барып, есікті ашсам, үй өртеніп жатыр. Көршілерді шақырдық. Содан не керек таңғы сағат 6:30-ға дейін дүниені шығарып біттік қой. Сонымен екі сағаттың ішінде үй ортасына түсті.

Таңғы асымызды кешке бір-ақ іштік. Ас ішіп отырғанда анам: «Қалай балам? Құдай қаласа да, қаламаса ұйықтайсың ба?» деді. Мен онда да сенген жоқпын. Кездейсоқтық дедім де, анамның көңіліне қарап, үндемедім. Үйді орнына келтіруге болатын-болмайтындығын көруге барайын десем, анам да еріп шықты. Содан мен: «Апа, не қыласыз, ақ қар көк мұзда» дедім. Ол кісі: «Жоқ, мен де барамын» деді. Ақпан айының 25-і күні болатын.  Сонымен бардық. Көрші үйден күрек әкелдік: «Мына араны қаз» деді анам. Біздің бөлмеміздің тұсын қаздым.

Біздің үйімізде ескі кітап болатын. 300-400 жылдай болып қалған. Құран кітап. Әкем марқұм мұқабасына Лениннің кітабының мұқабасын қаптап қойған екен. Мұқаба Лениндікі, ар жағы Құран. Солай сақтаған. Соны кейін анам марқұм ақ матадан қалта жасап, бас жағымызға іліп қойған болатын. Сол қалып кетіпті. Қазған едік, күлдің арасынан шықты. Ештеме болмаған, от тимеген. Сөйтіп, Құранды қолына алып, тазалап тұрды да: «Ессізқағыр (ашуланғанда айтатын сөзі)! Сен де ми бар ма, жоқ па өзі? Сенің Құдайдай сеніп жүрген Ленинің қайда? (Лениннің мұқабасы өртеніп кеткен ғой). Менің ақ қалтам қайда? Егер де қасиетті болмаса қалайша Құран аман қалады? – деп ашуланып тұрып, басымнан кітаппен қойып қалды.

Сол кезде төбеден төмен қарай электр тогы жүріп өткендей күй кештім. Кәлимаға тілімді қалай келтіргенімді білмей қалдым. Жасым ол кезде 26-да тұғын. Заманның тәрбиесі болса да, содан кейін Құдай жоқ деп айтпайтын болдым. Ертегі сияқты көрінеді, бірақ бұл шындық қой».

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: