Адам баласы өмірге жылап келіп, жылап кетеді. Неге? Өйткені, өткінші фәниде діттеген мақсатына қолы жете бермейді. Кейде жылдар бойы өз мақсатына қарай қадам басады да, орта жолда болдырып, күдерін үзеді. Кейде шыдамы таусылып, қолын бір-ақ сілтейді. Міне, ораза жүйрік пойыздай жүйткіген ғұмырда асқақ арманына асыққан адамның иығына сабырдан садақ асады.
Ай бойы аш қалып, күндіз аузын ашпауға бекініп, әбден дағдыланған адамның бойында сабырлылық пен шыдамдылық сезімі күшейіп, өркен жаяды. Аштық пен құмарлық сезімге сабыр қылған, өзгеге де сабыр ете алады. Бойдағы ашу мен жеңілдігіне сабыр-тізгінін салып, жанарында ойлылық пайда бола бастайды. Бұл ғұмырда нағыз сабыр – өз нәпсісін жеңе біліп, Алла Тағаланың ақ жолында жүруге бел байлау. Ақырет әлеміндегі асқақ шыңнан көз айырмау. Оразаға төзе білген өзге ғибадаттарға да шыдамдылық таныта алады.
Сабырлылық күшіне ие болған жан ғана, діттеген мақсатына жете алады. Құранда жетпіске жуық аятта сабыр мадақталған. Мысалы: «Алла сабыр еткендермен бірге», – дейді. «Аср» сүресінде де Алла Тағала: «Заманға ант етейін. Шынында адам баласы сөзсіз қасіретте. Бірақ иман етіп, ізгі іс істегендер, бір-біріне ақиқатты айқындап, сабырлықты насихаттағандар ондай күйге душар болмайды», – деп баян етеді.
Заманының үлкен ойшылы Имам Ғазали оразаның үш түрі бар екендігін айтады: Жалпыға тән ораза. Яғни, ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан аулақ тұру. Алла Тағаланың елден ерек құлдарына тән ораза. Бұл – көз бен құлағын, аяқ-қолы мен өзге де мүшелерін күнәдан сақтауы.
Алла Тағалаға жақын адамдардың оразасы. Жүрегі мен ой-сана әлемі Алла Тағаладан өзге нәрседен пәк болуы. Осылай ораза ұстағанға Алла пен ақыреттен өзге ой келсе, оразасы бұзылады. Бірақ діннің байрағын желбіретіп, көкке қадау үшін дүниені ойласа болады. Бұл – толық адамның бейнесі.