Балағат сөздің денсаулыққа зиянын ескеріп жүрміз бе?

Балағат сөздің денсаулыққа зиянын ескеріп жүрміз бе?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үлкен күнәлардың ішінде ең ауыры – кісінің өз ата-анасына лағынет айтуы», – деді. Сонда Пайғамбарымыздан бір кісі: «Қалай өз ата-анасына лағынет айтуы мүмкін, уа, Расулалла?» – деп сұрайды. Ол (с.ғ.с.): «Кісі біреуді әкесінен боқтайды. Ол да оны (өз кезегінде жауап ретінде) әке-шешесінен боқтайды. (Осылайша біреу арқылы өз ата-анасын боқтаған болып отыр)», – деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Қиямет күні кісінің таразыға ауыр басатын нәрсесі – көркем әдебі. Сөзсіз, Алла Тағала боқауыз, былапыт сөз айтушы кісіге ашуы келеді», - дейді.

Ұрпағына: «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», «Сөз сүйектен өтеді» деген өнегелі нақылдарын қалдырған ата-бабамыз сөздің құдіретін жете сезінген дана болған. Сөз арқылы адамның көңілін көтеруге де, мұңайтуға да, күлдіруге де, жылатуға да болады.  Сондықтан да, жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер деген сөз бекерге айтылмаса керекті.

Адамның тілінің негізгі қызметі Жаратушы Алла Тағаланы еске алып, мадақтау, шүкір айту, мәні бар жақсы сөз сөйлеу. Бұған байланысты Құран Кәрімде көптеген аяттарда  айтылады. Мысалы, «Ахзаб» сүресінің 70-аятында: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер», - деген. Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Жақсы сөз – садақа», - деп бекер айтпаған. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»,[1] – деп те бұйырған. Дінімізде орынсыз сөйлеуге тыйым салынған. Орынсыз сөйлеу, мағынасы жоқ әңгіме айту мұсылман кісінің иманын әлсіретеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам Алла разы болатын бір сөзді әншейін айта салады да, сол себепті Алла оның дәрежесін көтереді. Ал, басқа бір адам Алла разы болмаған (кәріне ұшырататын) бір сөзді айта салады да, сол себепті Алла оны жәһәннамның түбіне лақтырады»,[2] – дейді.

Сахаба Муаз бин Жәбәл: «Уа, Алланың Елшісі! Сөйлеген сөзіміздің барлығына жауап береміз бе? – дейді. Сонда хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с): «Адамдардың мұрындарымен жер сүзіп, тозақта азапталуының басты себебі, осы тілдің кесірі»,[3] -  деп  жауап берген. Сондықтан, абайлап сөйлеу – ақылдылықтың, имандылықтың белгісі.

Тіл  Алла Тағаланы зікір ету үшін берілген. Сондықтан, Алла Тағаланы мадақтап, ұлықтайтын сөздерді айтқан сайын жүрегіміздегі иләһи нұр күшейе түседі. Ал, бос сөздер айтып, қылжақтау жүректің нұрын сөндіреді. Хазіреті Омар (р.а): «Кімде-кім көп сөйлер болса, көп қателеседі. Көп қателесу күнәнің көбеюіне себеп болады. Ал, күнәһар адамның барар жері тозақ қана» дейді.

Соңғы зерттеулерге сүйенер болсақ, адам балағат сөздер айтқан кезде  жағымсыз энергияны өзі ғана қабылдап қоймай, жанындағы өзге адамдар мен жан-жануарларға, тіпті су мен тағамдарға да таратады екен. Адамның сөзі мен ойының басқа адамдар мен жанды нәрселерге, сондай-ақ өсімдіктерге әсерін зерттеумен айналысатын жапон ғалымы Эмото Масару адам сөйлеген кезде өзінің ойын басқаларға жеткізіп қана қоймай, айтқан сөзінің жақсы не жаман мағыналы болуына орай пайдалы не зиянды ақпараттық толқын тудыратынын мәлімдеген. Ғалымдар балағат және жағымсыз мағынаға ие сөздердің радиация әсері секілді адам  генінің мутацияға ұшырауына себепкер болатынын, ал ол өз кезегінде ағзаның қартаю процессін тездетіп, түрлі психикалық және тән ауруларының пайда болуына ықпал ететінін анықтаған. Ал, жақсы мағынаға ие, қайырымды-мейірімді сөздер, дұғалар, тіпті кейбір әдемі өлең-жырлардың өзі көптеген кеселдерді емдеп, адамға жағымды ықпал етіп, ағзаның қартаю процессін тежейді екен.

Ресей Ғылым Академиясы кванттық генетика интитутының ғалымдары да балағат және бейәдеп сөздердің жағымсыз салдары туралы біраз зерттеулер жүргізген. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, айтылған сөздердің электромагниттік тербелісі ДНҚ молекуласының құрылымына тікелей әсер ететін болып шықты. Егер балағат және жағымсыз сөздер айтылса, ДНҚ молекуласы осы сөздерді қабылдайды және қабылданған әсердің тым артық әрі жағымсыз болуынан «теріс программа» немесе «өзін-өзі тарату (самоликвидация) программасын» іске қосады. Демек, өзін-өзі күйретуге, бүлдіруге бағытталған үдерістер басталады. Осылайша ақпараттардың үнемі күйреп, бұрмалануы, өзгеріске ұшырап тұруы  ДНҚ-ның құрылымын сау күйден ауру күйге душар етеді. Демек, жағымсыз, ғайбат сөздер радиациялық сәулелігі мың рентгенге тең келетін мутегендік әсер береді. Бұл дегеніміз денсаулығымыздың зиянға ұшырап жатқандығынан хабар береді.

Осылайша, біз мынадай қорытындыға келеміз: ДНҚ құрылымына  айтылған да,  естіген де  сөздер тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, адамның айтатын сөздерінің мазмұны мен мағынасы да тікелей адам геномына әсер етеді.

Жақсы сөз жанды жадыратады. Позитивті мағынада айтылған әр сөз жағымды әсер қалдырады. Жалпы алғанда, айтылған сөздердің позитивті және негативті әсерлері  бар екені бағзы заманнан бері белгілі. Медицина ғылымы жақсы дамымаған заманда халық дауаны дұғалар мен жақсы тілек сөздерден тапқан. Ал, әдепсіз және балағат сөздерді айтудың өзін  қарғыс деп есептеген. Тіпті, сол заманда адамдардың ойында балағат сөздерді айтудың дұрыс еместігі туралы  болжамдар болса, бүгінде ол сөздердің зияндығы ғылыми түрде дәлелденіп отыр.  Сол себепті, не ойлап жүргеніңізге, қандай кітаптар оқып, қандай ақпараттар қабылдап жатқаныңызға,  айналаңызға қандай сөздер айтып, қандай сөздер естіп жүргеніңізге аса мән беріңіз.  Өміріңізді жақсарту да, құлдырату да өз қолыңызда!

Бір хадисте: «Көздің зинасы – харамға қарау, құлақтың зинасы – әдепсіз (ұятсыз) сөз тыңдау, тілдің зинасы – балағат (ұятсыз) сөздерді айту, қолдың зинасы – өзіне халал болмаған әйелді ұстау, аяқтың зинасы – күнәлі жерлерге бару», - деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы сөзінің өзі әр адамға тұнып тұрған өсиет емес пе?!

 Лаура  АЛМАХАНОВА


 

[1] Муслим, Иман 74
[2] Бұхари, Риқақ, 23
[3] Тирмизи, Иман, 8

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: